29.08.2017, 07:48

Қарағандының ТЖД мамандары «Полиглот» байқауында сынға түсті

Үштұғырлы тіл – Қазақстанның болашаққа ұстанған бағдары. Қазақ, ағылшын және орыс тілін меңгеру арқылы ғана еліміздің жастары болашақта бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекетті қалыптастыра алады. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Яғни, қазақстандықтар жақын болашақта үш тілде еркін сөйлейтін әлемдегі санаулы халықтардың біріне айналуы тиіс.

Қазіргі таңда үштұғырлы тіл жүйесі мектептер мен балабақшаларға енгізіліп жатқаны белгілі. Пилоттық жоба ретінде басталған осынау реформа жыл сайын ауқымын кеңейте беретін болады. Ал, қоғамның өзге өкілдері осы ағымнан қалып қоймауы үшін мемлекеттік мекемелерде де тіл біліктілігіні жетілдіруге арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Солардың бірі Қарағанды облысында өтті. Атап айтқанда, Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті құрылымдық бөлімшелері мен оның ведомстволық бағынысты мекемелерінің үш тілді меңгерген қызметкерлері арасында «Полиглот» облыстық байқауын өткізді.

Байқаудың мақсаты Елбасы Н.Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыру, үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу болып табылды.  Сайысқа қатысушылардың алға қойған міндеттер өздерінің тіл білу білімін көрсету болды. Бірінші кезеңде қатысушылар көрермендер мен әділ қазылар алқасына өздерін таныстырды. Келесі кезеңде мемлекеттік тілде берілген төтенше жағдайлардың терминінің мемлекеттік тілден орыс және ағылшын тілдерінде нұсқасын жазу қажет болды. Бұдан әрі қатысушылар Қазақ халқының салт-дәстүрлеріне, тұрмысы мен мәдениетіне байланысты сұрақтарға жауап берді.  Байқау үміткерлерінің білімдерін бағалау кезінде, тілдерді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен дұрыс дыбысталуына, жауаптың сапасы мен мазмұндылығына аса мән  беріледі. «Полиглот» байқауының қорытындысы бойынша 1 жүлделі орынға Сакбосынова Ару Мамыровна ие болды, екінші жүлделі орынды Такиров Елжан Оразұлы алды, ал үшінші орынды Ким Виктор Вячеславович иеленді.  Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар берілді. Жүлделі орынға иеленгендерге сыйақы берілді.  1 орынды иеленген Сақбосынова Ару 2017 жылғы 15 қыркүйекте Қарағанды облысы ТЖ департаментінің намысын Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауда қорғайды.