Алматыда Конституция күніне орай Алматы музейі және «Жас Отан» жастар қанатының бірлесіп ұйымдастыруымен «Өз құқығыңды білесің бе?» атты кездесу сағаты өтті. Сонымен қатар, «Конституция – елдің негізгі заңы» тақырыбымен көрме де ұйымдастырылды.
Оқушылардың құқықтық білімдерін тереңдету, заң алдындағы жауапкершілігін арттыру мен ұйымшылдық пен тәртіптіліктің тиімді жолдарын таба білуге баулу, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылған жиында тағылымдық дүниелер көп айтылды.
«Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында орын алған Қасым ханның «Қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» деп бастау алған киелі Ата Заң халқымыздың болашағының кепілі, негізгі құжат – Конституция болып саналады. Ата заңды құрметтеу, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы», - дейді шара ұйымдастырушысы Роза Қаженова.
Кездесуге Алмалы ауданының ювениалдық полициясының аға инспекторы, полиция капитаны Дайырбекова Айжан Ержігітқызы, аға инспектор, полиция майоры Омарова Жанар Қуанышбекқызы және облыстық №1балалар үйінің директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Қалдыбек Әйгерім Рысқазы мен тәрбиеленушілері, «Жас Отан» жастар қанаты Алматы филиалының жетекшісі Мәди Ахметов қатысты. Жиыннан соң оқушылар Алматы музейін аралады.
«Бүгінгі шара оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, міндеттерін айқындау негізінде жасалды. Заңдық білімдерін тереңдетуді мақсат еттік. Қоғамдық орындарда өздерін қалай ұстау керек, мәдени орындарда өзін-өзі ұстау этикасы мен нормалары, олардың мемлекет алдындағы міндеттері туралы айтылды. Атап өтерлігі, №1 мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне мектеп бітірген соң «олар қайда барады, қайда тұрады, жұмысқа тұрғанда қандай қиындықтар кездеседі... Осы мәселелерді қандай заң арқылы шешуге болады? Осы сауалдарды талқыладық», - дейді Роза Жүнісқызы.