Бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бірыңғай ақпараттық порталының тұсаукесері өтті деп жазады Қазақпарат.
Жаңа портал бағдарламалық мақаланың әр бағыттары бойынша негізгі алты бөлімді қамтиды. Жобаның іске қосылуы бірнеше кезеңнен тұрады, ал, контент әр бағыттың жүзеге асырылуы бойынша толықтырылады. Басымдық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жүзеге асырылу нәтижесіне негізделген. Қазіргі уақытта EL.KZ порталының редакциясы 2000-ға жуық өтінішті өңдеп, 100esim.kz сайтына орналастырылды.
Келесі бөлім - «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» - аталған бағыт аясындағы шаралардың жаңалықтар лентасы. Қазіргі уақытта онда географиялық локацияларын есептегенде, 100 киелі жер көрсетілген. Келесі бөлім - «Туған жер». «Туған жер» бағыты аясындағы шараларды көрсететін жаңалықтар лентасы. Бұл бөлімде де бірнеше кезеңдерде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалар картасы қарастырылған.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» сайтының бөлімі тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің жетістіктерін қамтиды. Мұнда халықаралық деңгейде мойындалған опералар видеороликтері, қазақстандық суретшілердің картиналары мен шығармалары ұсынылған.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының жүзеге асырылуы 2 кезеңнен тұрады. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» бағыты бойынша порталда қазақ тіліне аударылған кітаптар және олардың түпнұсқалары ұсынылады.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында коммерциялық емес, «Ұлттық аударма бюросы» мемлекеттік емес қоғамдық ұйымы құрылды. Қазіргі уақытта 2017 жылға бекітілген және 100 жоғарғы оқу орны ұсынған 17 оқулықты аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Рухани жаңғыру» сайтында мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне көшу жобасы орналастырылған.
Бұдан өзге, латын графикасы негізінде жаңа латын әліпбиін талқылау мақсатында 16 қыркүйектен бастап, сайтта өз пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызы қалдыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде #Latyn хештегі іске қосылып, әлеуметтік желі пайдаланушылары да әліпби жобасы мәселелері бойынша көзқарастары мен ұсыныстарын білдіру мүмкіндігіне ие.