$ 444.32  473.33  4.76

Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау...

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуіне байланысты қоғамдық талқылау әлі де болса қызу жалғасып жатыр. Еліміздің әрбір өңірінде қоғам белсенділері, ұлт зиялылары, мұғалімдер мен қарапайым азаматтар ана тілімізге жасалып жатқан реформаға қатысты өз ой-пікірлерін жеткізуде.

Осындай жиындардың бірі Жамбыл облысындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде өтті. Облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мен аталған университеттің басшылығы ұйымдастырған дөңгелек үстел «Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық жаңғырудың мызғымас бөлігі» деп аталады. Оған филолог ғалымдар, ұстаздар мен студенттер қатысты. Басқосуда, латын графикасына көшу кезінде ескерілуге тиіс мәселелер кеңінен талқыланды.

Еске салсақ, қыркүйек айының басында Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының мамандары Парламент депутаттарының назарына латын әліпбиінің қазақстандық үлгісін әзірлеп ұсынған болатын. Алайда, аталған нұсқаны қоғамда сынағандар да, жақтағандар да көп болды. Яғни, жаңа әліпбиге қатысты қоғамдық пікір қақ жарылды. Өйткені, әліпбиде кейбір қазақша әріптер мүлдем таңбаланбаған. Бұл мәселе бүгінгі жиында да қозғалды.

«Нақты өзіміздің қазақ тілінің төл дыбыстарын сақтап, оның дыбыстық айтылуын сақтау мақсатында жазылымы емес айтылуын жазылуына бейімдеп өзгерту мәселелерін талқылау үшін келіп отырмыз. Ең бастысы – қазақ тілі өзінің бірегейлігін сақтауы тиіс. Сонда ғана біз бұл реформаның пайдасын көретін боламыз. Яғни, өркениетті елдердің әдебиетіне, ғылымына есік ашамыз», - дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбала Абдрахманова.

Жиынға қатысқан мамандардың пікірінше, қазіргі қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру ғылым мен технологияны меңгеруде, іскерлік кеңістікте интеграциялануды оңайлатады. Қызу талқыға түсіп жатқан жаңа әліпбиді енгізу жобасы аясындағы туындаған мәселелер, тіл мамандарының көмегімен реттеліп, еліміздің барлық аймағы мен аудан, ауыл орталықтарында түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласында қамтылған латын әліпбиіне көшіру жұмыстары көпшілік тарапынан қолдау тауып келеді. Дөңгелек үстел басында ғалымдар мен тілшілер латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екендігін айта келе, талқылау аясында өз ұсыныстары мен ойларын ортаға салды. Иә, латын әліпбиіне көшу өркениеттілік тұрғысындағы таңдау болмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары