$ 498.55  524.28  4.75

Таразда «нұротандықтар» Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын талқылады

Таразда  «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясы өтті. Келелі жиында  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы талқыланды. Партия мүшелері тақырып аясында пайымды пікірлерін, тұшымды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, келешекке бағдар беретін ұлт көшбасшысының мақаласында көрсетілген міндеттердің іске асырылу барысы сөз болды.

Конференцияға «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының бірінші орынбасары, партияның Тараз қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері  қатысты. Мұнда ел болашағын айқындайтын тарихи құжаттың мән-мағынасына терең талдау жасалып, бәсекеге қабілеттілік стратегиясына кеңінен түсінік берілді. Ел бірлігін сақтау, ел мұратын ақтау – қай ханның болмасын, ең басты жалауы. Бүгінде Елбасы өз халқын бірлікке, татулыққа шақырумен қатар, ысырапшыл болмауға, сонымен бірге, білім мен ғылымды дамытуға деген жаңаша бағыт-бағдарды айқындап берді. Ал осы жаңғыру жолындағы міндеттерді жүзеге асыру бағытында  аянбай еңбек ету – әрбір қазақстандықтың парызы десті жиылғандар.

Ағымдағы жылы Елбасының бұл бағдарламалық мақаласын түсіндіру мақсатында Тараз қаласындағы түрлі мекеме-ұйымдарда арнайы құрылған ақпараттық топ мүшелері 74 кездесу өткізген. 90 мың адамның қатысуымен 19 түрлі іс-шара ұйымдастырылды. Бұған қоса қазір қалада «100 жаңа есім» жобасы аясында жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатары еліміздің еңсесін тіктеп, егемендік алуына елеулі үлес қосқан, еліне еңбегі сіңген азаматтардан болуы шарт. Ал оларды ұрпаққа ұлықтап, ізгілікті істерін насихаттау – Елбасы мақаласының басты бір бағыты. Тараз қаласынан әзірге  29 үміткер осы жобаға лайық деп танылып отыр. Басқосуда, қазіргі қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесі де талқыланды .

Сәйкесінше, конференцияда өз ұсыныстарын білдіргендер де аз болмады. Мәселен, латын графикасын үйрену үшін мұғалімдерге арнайы курстардан өту қажет. Орта білім беретін мектептерде каллиграфиялық кабинет ашу, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың Елбасы мақаласын жүзеге асыру бағытындағы жұмысын жандандыруға екпін салу керек.  Бұған дейін институционалдық реформаны жүзеге асырудың әр қадамы нақты айтылған болса, ендігі кезекте, мақалада осы әрбір қадамнан нәтиже шығарудың айқын жолы анықталып берілді. Ендігі мақсат – бірлесе қимылға көшу, еліміздің көркеюі жолында тынымсыз тер төгу. Сонда ғана оң нәтиже шығары анық. Бұл – бүгінгі алқалы жиынның қорытынды пікірі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары