Жастар «Рухани жаңғыру» идеясын қолдайды. Бүгінде осындай ұранмен еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралардың өтіп жатқаны белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тапсырмалардың орындалуы өз алдына, оны халыққа түсіндіру шаралары да түрлі әдістермен жүзеге асып жатыр.
Мәселен, күні кеше Тараз қаласының студенттері Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш маңына жиналып, флэш-моб өткізді. Бұл флэш-мобтың ерекшелігі сол, алаңға шығыпп түрлі билерден үзінділер көрсеткен студент жастар би соңында «Рухани жаңғырудың» логотипін бейнеледі.
Шараны Жамбыл облыстық Жастар саясаты жөніндегі басқарма ұйымдастырып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, осындай жолмен олар өңірдегі жастардың Елбасының мақаласына назарын аудармақшы екен. Бұл үгіт-насихаттың ең тиімді жолдарының бірі дейді ол.
«Елбасымыздың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” мақаласы аясында еліміздің барлық аймағында түрлі акциялар бастау алды. Бүгінгі Тараз қаласында ұйымдастырылған іс-шара да 4 бағыттан тұрады. Соның ішінде білім беру мен шығармашылықты арттыру бағыттары бар. Акция алдағы апта облысымыздың аудан орталықтарында жалғасатын болады», - дейді Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.
Жастар флэш-мобына орта және жоғарғы оқу орындарынан 500-ге жуық студент қатысты. Сонымен қатар, іс-шараның аясында халықаралық «EXPO-2017» көрмесінде Жамбыл облысынан қызмет еткен ерікті жастар марапатталды.
«Өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгінгі жастар флэш-мобына алты жүзге жуық жас жиналды. Оның жүзі Астанада өткен халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне барып келген еріктілер. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан ауқымды шара барысында сол еріктілер марапатталатын болады. Біз жастар халықаралық көрменің ұйымдастырушыларына алғыс айтқымыз келеді», - дейді шараға қатысушы студент Фарух Мырзабаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы биыл сәуір айында жарияланған болатын. Мақала алты басым бағыттан тұрады. Негізгі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту. Осы мақсатты орындау үшін бірнеше бағдарлама да қарастырылған. Сол бағдарламалардың басым бөлігі жастардың ғылым-білімге қызығушылығын және белсенділігін арттыруға бағытталып отыр.