$ 498.55  524.28  4.75

Латын әліпбиінің соңғы нұсқасын тараздық мұғалімдер талқылады

Латын әліпбиіне көшудегі басты бағыт – ана тіліміздің халықаралық мәртебесін көтеру. Жаһандану дәуірінде бұл бастаманың маңызы зор. Күні кеше осы мәселеге байланысты Парламентте өткен тыңдалымға қатысып қайтқан Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесіп, алқалы жиыннан алған әсерімен бөлісті.

Латын әліпбиіне көшу мәселесі аяқ астынан қабылданған шешім емес. Бүгінгі күні қоғамда қызу талқыланып жатқан бұл тақырып – ел тәуелсіздігін алғанда –ақ, көтерілген болатын. Сол кезде қазақ лингвистері мен зиялы қауым өкілдерінің арасында латын әліпбиіне ауысудың пайдасы мен кері әсері туралы пікірталастар жүре бастағаны мәлім. Яғни, бұл бізге жат дүние емес. Алайда, біз асықпадық. Алдымен,экономикамызды, содан кейін саясатымызды жақсартуға ден қойдық. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру мәселесіне кезек енді келген секілді.

Біз қазір үштік заманда өмір сүріп отырмыз. Яғни, ғылым, білім, инновациялардың заманында өмір сүріп отырмыз. Егер де біз осы үшінші мыңжылдықта осылардың біреуінен қалып қойсақ, бәсекеге қабілеттілігіміз бірден жоғалады. Себебі қазір ғылымның тілі – латынның әліпбиінде, жаңалықтың тілі – латын харпінде», - деді институт ректоры Дария Қожамжарова.

Қазіргі жаһандану дәуірінде ісімізден ойымыздың озық жүруі – басты талап. Біздің ғалымдардың пайымдауынша, латын әліпбиіне көшу мәселесін сағызша созудың ендігі жерде еш реті жоқ. Егемендігімізді алған 25 жылдың ішінде бұл әбден пісіп-жетілген, еленіп-екшелген. Игі бастаманы жүзеге асыруға профессор-оқытушылар құрамы да бір кісідей атсалысуы керек.

«Әлемнің дамыған мемлекеттерінің тәжірибесін меңгеру үшін, сарқылмас білімге есігімізді ашу үшін, ғылымды дамыту үшін, өзімізді озық елдердің қатарына қосу үшін көп созбай латын әліпбиіне көшуіміз керек. Бұл – өмірдің заңдылығы, заман талабы», - дейді аталған жиынға қатысқан педагог-ғалым Апутан Шуканов.

Айта кету керек, алыс-жақын шет елдерде 5 млн-ға жуық қандас бауырымыз осы латын әліпбиін қолданады. Демек, латынға көшу арқылы әлем қазақтары да бізге жақындай түседі. Ал, статистиканы сөйлетер болсақ, әлемдегі 224 мемлекеттің 70-80 пайызы латын графикасына әлдеқашан көшкен. Латын әліпбиінің тарихы тым тереңде жатыр: 800 мың жыл бұрын пайда болған. Демек, ғылымның тілі – латын харпінде. Тағы да тарихқа үңілсек, латын әліпбиі көш бастап тұрған өшпес төрттік тілдің қатарында. Бұл дегеніңіз – ғылым мен білімді ұштастырған латын тілінің өшпестігін білдіреді, дейді академик Дария Қожамжарова.

Кездесуде осы сынды тұщымды ойлар мен пайымды пікірлер ортаға салынды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты осы мәселеге қосар өз үлесі ретінде арнайы ғылыми орталық ашуға ниет білдіріп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары