$ 498.55  524.28  4.75

Тараздық судьялар «Рухани жаңғыру» идеясын талқылады

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылау аймақтарда да қызу жүріп жатыр. Мамандар мақаланы жай ғана талқылап қоймай, ондағы тапсырмаларды жүзеге асырудың ең тиімді жолдарын қарастыруда. Әр жиынның қорытындысы бойынша шығарылған шешімдер мен, айтылған ұсыныстар бағдарламаны жүзеге асыру үшін құрылған өңірлік жұмыс топтарына жолданады.

Осындай жиындардың бірі бүгін Тараз қаласында өтті. Бұл жолы Елбасының мақаласын қалалық соттың судьялары мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ұстаздар қауымы талқылады. Мамандар президенттің еңбегіне «ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге бағытталған ұзақмерзімді жоба» деген бағаларын беріп отыр.

Жиын барысында судьялар мен мұғалімдер жас ұрпақтың санасын мәдениет, тіл, әдет-ғұрыптар мен ұлттық құндылықтар арқылы жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, мақалада айтылған прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, ұлттық код тұжырымдамалары туралы да пікір алмасты.

«Рухани жаңғыру – ұлттық құндылықтың сақталуы. Нәтижесінде біз өзіміздің білімімізді және құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа көшіру мүмкіндігіне ие боламыз. Мемлекет басшысының мақаласы аясында біз туған жерді зерттеп экскурсия ұйымдастырдық. Қасиетті жерлерге барып, тарихи орындардың картасын жасадық», - дейді М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі Ермекбай Серікбаев.

Мақалада айтылған әрбір ойдың астарында терең мағына, парасатты пікір жатыр. Президент ой-толғауында білімге айтарлықтай басымдық берілген. «XXI ғасырда өмір сүретін әрбір адам бәсекеге қабілетті болуы керек» дейді Мемлекет басшысы. Осыған орай, талқылау барысында судьялар тарапынан университет оқытушыларына қойылған сұрақтар да көп болды.

«Еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуда-рухани жаңғыруды есте ұстауымыз қажет. Ұлттық бірегейлікті сақтап, Елбасы ұсынған идеяларды жүзеге асыруымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел ғана, Мәңгілік Ел болады», - дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Гүлжан Өтепбергенова.

Жиын соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, біздің ортақ мүддеміз – бірігіп жұмыс істеп, дамудың даңғыл жолына жету керекпіз деген қорытындыға келді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары