$ 499.51  525.83  4.62

Алматыда жаңа сауда орталығы ашылды

Алматыда кәсіпкерлердің есебінен заманауи сауда орталығы ашылды. «Мәскеу Метрополитен» деп аталатын жаңа нысанда қала тұрғындарына қажеттінің бәрі бар. Орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбектің өзі қатысып, алматылықтардың қуанышымен бөлісті.

Биыл Алматыда халыққа қызмет көрсету саласында барлығы 12 нысан ашылып, 4 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Ал, бүгін лентасы қиылған сауда ойын-сауық орталығында тұрмыс пен демалысқа қажеттінің бәрі бар. Келушілер мұнда сауда да жасайды, коммуналдық қызмет түрлерін төлеп, тамақтана алады.

Жаңа орталық Мәскеу метросына жақын орналасқан. Атауы да ұқсас. Жуықта нысанның екінші кезегі қолданысқа берілмек. Оған қоса, лазерлік кинотеатр да жұмысын бастады. Әзірге ол еліміз бойынша жалғыз.

«Кинотеатрдың ерекшелігі – 8 залдың барлығында заманауи технология лазерлік проектор пайдаланылады. Бейненің сапасы жоғары. Сауда орнына келушілердің ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Тауарлардың бағасы заманауи базардікімен бірдей», - деді Ойын-сауық сауда орталығы маркетинг директоры, Марат Мұсаев.

12 миллиард теңге инвестиция құйылған сауда орнын зейнеткерлер, жастар және жас аналар да бағалап үлгерді. Мұнда азық-түлікті қолжетімді бағамен, брендтік киімдерді жеңілдікпен сатып алуға болады. Одан бөлек, отбасымен демала аласыз.

«Бұл жер бізге өте қатты ұнайды. Балаларымызды жиі әкеліп ойнатып тұрамыз. Бұл жерде ыңғайлылықтың бәрін жасап қойған. Бағасы да қолжетімді», - деді қала тұрғыны, Эльвира Құлжабаева.

«Алматылықтардың басым бөлігі жабайы саудадан гөрі тауарды сауда орындарынан тұтынғанды жөн санайды. Қалада жаңа фермерлік орталық жұмыс істейді. Мұндай орындарда чек беріледі. Яғни, тауар сапасына жауап береді. Ал базарда ондай мүмкіндік жоқ», - деді Қала тұрғыны, Екатерина Мамбетбакиева.

Сауда орталығын салған кәсіпкерлер осы орынды әдейі таңдағандарын айтып отыр. Өйткені, бұл Әуезов ауданындағы ең қозғалысы көп орын екен.

«Біз арнайы зерттеу жүргіздік. Сауда орны орналасқан аумақта 10 сағатта 120 мың көлік өтсе, жүргіншілер қатары 80 мыңға дейін жетеді. Ал, кинотеатр, банк, дәріхана және паркинг қосылғалы бері сауда үйіне келетін азаматтар саны ұлғайды. Мұнда жұмыс күндері 15-17 мың адам келіп сауда-саттық жасаса, демалыс күндері олардың қатары 20 мыңға дейін артады»,- дейді Марат Мұсаев.

Жуырда тек қана Әуезов ауданында қызмет көрсету саласында 11 нысан қолданысқа берілмек. Осының арқасында 4 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінге дейін қалада 13 базар жөндеуден өткізілді. Енді кезекте тағы алтауы тұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары