Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлысқа ортақ шаңырақ бола білген әлемдегі жалғыз мемлекет деп айтсақ асыра сілтей қоймаспыз. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарынан бастап кешегі тың игеру кезеңіне дейінгі уақытта елімізге КСРО халықтарын айтпағанда Қиыр Шығыстағы корейлер мен жапондар да көшіп келген болатын. Олардың көп бөлігі Алматы мен Жетісу жеріне қоныстанды.
Осы корей халқының Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгендеріне биыл 80 жыл болды. Айтулы датаға орай, сондай-ақ, Қазақстан мен Корей Республикасының арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай Алматыда салтанатты шара өтті. Оны Қазақстан халқы ассамблеясы мен «Қазақстан корейлері қауымдастығы» ұйымдастырып отыр.
Мерекелік концертке дейін Достық үйінде «Қазақстан корейлері энциклопедиясы» кітабының тұсауы кесілді. Таныстырылған еңбекте Қазақстан корейлерінің тарихы, мәдениеті мен тілі туралы мұқият іріктелген ақпарат қамтылған. Мақалалардың жалпы саны 3 мыңға жуық. Сондай-ақ, қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті, оның аса көрнекті тарихи тұлғалары туралы негізгі елтанушылық мәліметтер қамтылған мақалалар бар. Дегенмен, энциклопедияның айтарлықтай бөлігі корейлердің этнографиясына арналған. Кітапта кеңестен кейінгі кеңістікті мекендейтін корейлердің «коре мар» бірегей ауызша тілінің неғұрлым көп қолданылатын 872 сөзі берілген.
Тұсаукесер рәсімінде Қазақстан Республикасының Мәжіліс Депутаты, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Ким Роман Ухенов алғаш болып құттықтау сөз сөйледі.
Басылымға негізгі оқиғалардың белгілі бір тарихи кезеңдерге: Ресейге қоныс аудару (1860 – 1917); кеңестік Қиыр Шығыстағы өмір (1917 – 1937); Қазақстан мен Орта Азияға күштеп көшіру (1937 – 1941); жаңа отанды табу (1941 – 1991) және егемен Қазақстандағы өмір (1991 – күні бүгінге дейін) деп жылдар бойынша бөлінген хронологиясы енгізілген.
Энциклопедияда Қазақстан корейлері туралы негізгі дереккөздер мен басылымдар қамтылған қысқаша библиография да бар.
Іс-шара барысында ҚХА төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай Қазақстандағы корейліктер жайында жазылған, корейлер жазған түрлі бағыттағы кітаптардың көптігін, бірақ «Қазақстан корейлері энциклопедиясы» бірінші рет жарық көріп отырғанын, сондай-ақ, кітапта корейлердің Қазақстандағы өмірі, тарихы, өткен кезеңдермен ортақ байланысы, екі ұлттың тарихта ұштасқан сәттері жазылғандығын атап өтті. Сонымен қатар, корейлердің бүгінгі Қазақстан үшін ең ірі этникалық топтартың бірегейі екенін баса айтып, тәуелсіз қазақ елінінің даму жолына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Мұнан кейін Республика сарайында басталған салтанатты жиында депортациялаудың қиындықтарын бастан кешірген және Қазақстан Республикасының дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетілді, сондай-ақ, Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының әртістері мен Корей Республикасынан арнайы шақырылған Сеул қалалық дәстүрлі музыка оркестрі өнер көрсетті.