Нұрлы жол 30.09.2017 сағат 16:07

Алматыда «Жібек жолындағы сұхбат. Соғыссыз әлем» атты конференция өтуде

Алматыда «Жібек жолындағы сұхбат. Соғыссыз әлем» атты халықаралық конференция басталды. Ауқымды шараны Қазақстан халқы ассамблеясы ұйымдастырып отыр.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бүгін Достық үйінде Конференцияның жалпы отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, «Жібек жолындағы сұхбат» халықаралық жобасының жетекшісі, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ақын, Қазақстанның халық жазушысы  Олжас Сүлейменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Орталық Азия, Ресей және Қытай елдері мемлекеттік органдарының, шығармашылық және гуманитарлық зиялы қауымының өкілдері, халықаралық сарапшылар, ҚХА және этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Конференция барысында халықтардың өткендегі тәжірибесі мен Ұлы Жібек жолының бітімгершілік дәстүрлерін ескере отырып, заманауи жаһандық сын-қатерлер мен олардың шешімін табу тақырыбы талқыланды. 

Дархан Мыңбай өзінің сөзінде: «Бүгін біз кезекті, 11-ші «Жібек жолындағы сұхбаттың» жұмысын бастап отырмыз. Жоба Орта Азиядағы ой-өрісі биік парасатты азаматтардың басын 11-ші рет қосып отыр. Осындай топ өкілдерінің ашық әңгіме форматында кездесуіне, Орта Азиядағы өзекті мәселелерді талқылап, сол бойынша шешім табуға Қазақстан халқы Ассамблеясы септігін тигізіп жатқаны қуантады. Кішігірім кездесулерден бастау алған, қоғамдағы көкейкесті мәселелер талқыланатын «Жібек жолындағы сұхбаттар» осы уақыт аралығында Орта Азиядағы маңызды диалогтық алаңшаға айналды. Ең алғашқы «сұхбат» барысында айтылған армандар мен идеялар бүгін жүзеге асты деп батыл айтуға болады. Жоба Жібек жолының барлық жазығын қамтыды», - деді.

Конференция шеңберінде ҚР Ұлттық кітапханасының қорынан аса құнды көне кітаптар көрмесі және «Ұлы Жібек жолы тарихындағы және заманауи бітімгершілік» панельдік пікір алмасу  өтті.

Конференцияның серіктестері: Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейі» РМКК, ҚР Ұлттық кітапханасы жанындағы М.О.Әуезов ғылыми кабинеті, «Қазақстан халқы Ассамблеясының әлеуметтік консорциумы» қоғамдық қоры.

***

Қазақстан халқы ассамблеясының халықаралық мәдениеттанушылық жобасы «Жібек жолындағы сұхбат» 2007 жылдан бастап жыл сайын Орталық Азия өңірі елдерінің қатысуымен өткізіліп келеді.  

Жобаның мақсаты – Орталық Азия өңірі елдері мен халықтарының арасындағы жан-жақты байланыстардың жаңғыруы мен нығаюына ықпал ету. Іс-шаралар негізгі проблемаларға талдау жасала және олардың шешімі іздестіріле отырып, ашық, емен-жарқын әңгімелесу нысанында өткізіледі.   

«Жібек жолындағы сұхбат» жобасының I, II, III семинарлары Қазақстандағы этносаралық қатынастарды үйлестіруге,  IV – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, V, VI – тарихы мен рухани жақындастық негізінде Орталық Азия халықтарының өңірлік өзіндік бірегейлігін бағамдауға, VII – жобаның бітімгершілік бағытын танып, тиісті практикалық ұсынымдар тұжырымдауға, VIII – Орталық Азия өңіріндегі интеграциялық процестерге, IX – Қазақ хандығының 550 жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына, X – Орталық Азия елдері халықтарының арасындағы ынтымақтастық пен  келісімге арналды.

2013 жылдан бастап семинар жұмысына Орталық Азия елдеріндегі ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың Бас хатшылары қатысып келеді. 

Жобаға Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның белгілі ғылыми қайраткерлері қатысады.  

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Қызықты материалдар