$ 448.89  477.93  4.76

Алматыда туристерге қызмет көрсететін орталық ашылмақ

Алматыда туристерге қызмет көрсететін орталық ашылмақ. Мекемеден қала қонақтары виза рәсімдеу мәселесінен бастап, жүріп-тұруға қатысты барлық толғандырған сұрақтарға бағдар ала алады. Тіпті саяхатшылардың талаптарына сай болу үшін орталықта Алматы және қала агломерациясындағы туристік нысандар бірыңғай базаға тіркелмек. Мұндай жобалар Алматы қаласының өңірлік даму жоспарына сәйкес жүзеге асуда.

Туристік ақпараттық орталықтың жұмысы қызған бұл шақта. Мекеме қала қонақтарына ақпараттық қызмет көрсетеді. Қазір нысан толық жөндеуден өтіп, тиісті қалыпқа келтіріліп жатыр. Құрылыс жұмыстарынан бөлек, орталықтың ақпараттық базасы да толықтырылып, пысықталып жатқан көрінеді. Бұл үшін арнайы экскурсиялар да жүргізіліпті.

«Біз бұл жоба аясында Алматы маңына 6 экспедиция жүргіздік. Туристік нысандарға қатысты бар мәліметті зерттедік. Қалаға келген қонақтың барлық қызығушылығына жауап бере алатын көлемді тізім құрауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде туристердің виза алуынан бастап, жатын орындары, эскурсиясы, жалпы қандай қызмет бар сол туралы бар ақпаратты береміз», - деді «Visit Almaty» туристік-ақпараттық орталық талдаушысы Еркін ТІКЕНОВ.

Арнайы жасақталған топ қаладағы және қала маңындағы туристік орындарды инвентаризациялауды, яғни бір қорға енгізуді қолға алып отыр. Бұл еліміздегі өңірлік туризмді дамытуға жасалған алғашқы жүйелі қадам. Мамандар бұған дейін келген туристің жан-жақты ақпар алуы қиынға түсетінін айтады. Енді елді көргісі келгендер аталмыш база арқылы қаланы емін-еркін аралай алады-мыс.

«Бар ақпарат бойынша біздің Алматыда шетелден келген туристердің саны 24 пайызға өсті, жалпы қазақстанның өңірлерінен Алматыға келген туристердің саны 18 пайызға өсіп отыр. Алматы қаласы шетелдік туристердің, әр екінші турист Алматы қаласына келеді. Қазақстанды өзіне біздің қаламыз арқылы ашады да. Визит - орталықтардың басты мақсаты ол туроператорлар емес, оның басты мақсаты - Алматы қаласының туристеріне, қонақтарына жан-жақты ақпарат беру», - деді  Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан ЖАЙЛАУБАЙ.

Қала агломерациясын зерттеп жүрген мамандар әзірге туризмнің 15 бағыты бойынша мыңнан астам нысанды базаға енгізген. Оның ішінде Алматы қаласынан бөлек, Көлсай, Алтын-Емел, Үңгіртас, Тамғалы тас сияқты тарихи орындар бар. Бұл жоба үшін 15 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Туристерге қызмет көрсету орталығын жыл соңына дейін жасақтау көзделген.

Осы ретте айта кету керек, Алматы қаласын еліміздің туристік кластеріне айналдыруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында арнайы тапсырған болатын. Атап айтсақ, 85-қадам аясында «Үлкен ел - үлкен отбасы» кең көлемді жобасы жүзеге асуы тиіс. Осы жобаның барысында еліміздің, соның ішінде Алматының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалып, іске асады. Жоғарыда аталған жұмыстар осы Ұлт жоспарын орындау үшін атқарылып жатқанын ескеру керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары