Бүгін №7 қалалық клиникалық ауруханасында латын әліпбиіне ауысуға қатысты конференция өтті. Жиынға аурухананың әкімшілік және медицина қызметкерлері қатысты.
Конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор, қоғамдық сананы модернизациялау, мемлекет дамуын қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия мүшесі Кан Георгий Васильевич пен Алматы қаласы Денсаулық басқармасының өкілі Ләйлә Иманғалиева арнайы келді.
«Қазір республикалық деңгейде латынға көшу мәселесі талқыланып жатыр. Бұл қай жағынан алып қарасаңыз да мағынасы терең әрі өте маңызды қадам. Бәріміз де кітап оқимыз, теледидар қараймыз. Бізді бүгініміз бен болашағымыз мазалайды. Сондықтан, осындай ауқымды тақырыпты талқылау мақсатында тарих ғылымдарының докторы, профессор Кан Георгий Васильевичті шақырып отырмыз», - деді аурухана басшысы Марат Шадыбайұлы.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Кан бұдан аз уақыт бұрын ҚР Президеті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын медицина қызметкерлерімен бірге талқылаған болатын.
Ол: «Мен бүгін сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Латын графикасына өту, ең алдымен, дәрігерлер үшін оңай болатын сияқты. Себебі, медицинада латын тілі қолданылады. Елбасымыз айтқандай, латын қарпіне өту – рухани мұрамызды түгендеп, рухани жаңғыруымыздың басы болмақ. Біз қазір бұл бастаманың артықшылығын немесе кемшілігін айтып отырмаймыз. Тікелей латын әліпбиіне өтуді талқылаймыз. Біз арабтан латын графикасына, латыннан кириллицаға өту тарихын жақсы білеміз. Мәселен, Молдавия латынға өту шешімін 1989 жылы қабылдады. Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан сынды мемлекеттер латынға тәуелсіздік алған жылдары-ақ ауыса бастады. Сондықтан, олардың тәжірибесіне қарап, оң-терісін ажырата алуымыз қажет. Латын қарпіне көшу арқылы, ең алдымен, қазақ халқының ұлттық ерекшелігі нығайып, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі. Біздің мамандар 25 әріптен тұратын әліпби, диграфтар жайлы дұрыстап ойланып, дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Расул Ғамзатов айтпақшы, «ертең тілімнің жойылып кетерін білсем, бүгін өлуге дайынмын». Бүгінгі басқосуға шақырғандарыңызға алғыс айтамын», - деді.
Ал №7 ҚКА басшысының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары Нұрлан Таңжарықұлы «Шынымен де, латын әліпбиіне өту – заман талабы. Ал бізге, медицина қызметкерлеріне қатысты айтар болсақ, латын тілі – дәрігерлердің кәсіби тілі, медицинада анатомиялық, емханалық және фармацевтикалық терминдер үшін қолданылады. Медициналық терминдерді дұрыс түсіну үшін медқызметкерлер латын тілін жақсы біліп, күнделікті қызметінде латын терминологиясын пайдалана алуы керек. Себебі, цифрлы медицина латын тілінен басталады. Қазақстан үшін латын графикасына көшудің қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, біз, медицина қызметкерлері Елбасымыздың латын қарпіне көшу саясатын қолдаймыз» деген пікірін білдірді.