Алматыдағы Орталық Азия университетінде белгілі қоғам қайраткелері, тарихшылар және аталған оқу орнының студенттері арасында латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады. Шараны Бостандық ауданының әкімдігі ұйымдастырып отыр.
Айта кетейік, соңғы бір айдан бері қазақ қоғамында ең қызу талқыға түскен тақырып - қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі. Ана тілімізге жасалғалы жатқан реформаны тіл жанашырларының барлығы дерлік талқылап, өз ойларын айтып жатыр.
Еске салайық, латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы 11 қыркүйек күні Парламентке ұсынылған болатын. Алайда, бұл диграфты нұсқа қоғамдық пікірді екіге бөлді. Өйткені, онда қазақша әріптердің біразы таңбаланбаған. Оларды жоба авторлары екі әріппен таңбалапты. Тіл мамандары мен ұлт зиялылары қарсы пікір білдіргендіктен күні кеше латын әліпбиінің жаңа нұсқасы әзірленіп, ол Елбасының өз қарауына ұсынылды. Орталық Азия университетінде өткен бүгінгі мәжілісте осы жаңа нұсқа талқыланды.
Бұл жиын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Елбасының осы мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын қабылдап, аталған мәселені халық арасында талқылап, көпшіліктің пікірімен санасу қажет екендігін ескере отырып, қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
- Бүгінгі жиын Бостандық ауданы әкімдігінің аппарытының ұйытқысымен өткізіліп отыр. Жиынға 200-ге жуық студент және белгілі қоғам қайраткелері, тарихшылар қатысуда. Болашақта латын харпіне көшу еліміздегі түрлі ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ана тілімізді меңгеруіне үлкен мүмкіндік тудырады. Соңғы ұсынылған латын қарпі қолдануға өте ыңғайлы болғандықтан біз латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз, - дейді Бостандық ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Сәрсенбаев.
Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшуді қолдайтын жастар арасында қазақ тіл кафедрасының магистрлері де өз ойларымен бөлісті.
- Қазіргі қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелердің бірі – латын әліпбиіне көшу. Ол аз ғана уақыттың ішінде шешімін табатын жұмыс емес. Ол үшін арнайы топ құрылып, белгілі мамандарға жүгінуіміз қажет. Ертеректе, қазақ әліпбиінің негізін салған А хмет Байтұрсынұлының тұсында да латын әліпбиі қоданыста болған. Әрине, кирилді де қатар алып жүруіміз керек. онсыз болмайды. Өйткені, Қазақстан көпұлтты мемлекет, елімізді орыс тілінде сөйлеп, жазатындар әлі де болса көп. Оларға әзірге проблема жасамауымыз керек. Ал, латын әліпбиі бізге таңсық емес. Мемлекетіміздің болашағы үшін латын әліпбиіне көшуді жалпы қолдаймын, - дейді Орта Азия университеті Ғылым бөлімінің проректоры Нұржан Мақсатов.
Айымхан Әмірбекқызы