$ 449.58  486.94  4.86

Кәрім Көкірекбаев жыл сайын 10 ауылды көркейтуді ұсынды

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аймақтағы 10 ауылды «Туған жер» бағдарламасы бойынша кешенді түрде көркейтуді ұсынды. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өткен аптада өңір басшысы Мойынқұм ауданына арнайы іс-сапармен барған болатын. Осы сапары барысында Кәрім Көкірекбаев аудандағы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқан іс-шаралар барысыен танысты. Сондай-ақ, жергілікті жұртшылықпен кездесіп, аталған бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.

- «Рухани жаңғыру» түптің түбінде барлық саланың, тұтас еліміздің жаңғыруына алып келеді. Міне, Елбасы ойларының тереңдігі де, көрегендігі де осында, - деді аймақ басшысы жиын барысында. 
Мемлекет басшысының осынау мақаласында бірнеше басым бағыттың бар екені белгілі. Солардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Ондағы мақсат – Қазақстандағы ауылды жерлердің әлеуетін арттыру, өркениетке ұмтылу болып табылады.

Іс-сапар аясында облыс басшысы келесі жылдан бастап Жамбыл облысының 10 ауылы осы «Туған жер» бағдарламасы бойынша көркейтілетіндігін айтты. Оның айтуынша, әр ауданнан бір ауыл таңдалынып, сол ауылдардан шыққан кәсіпкерлер, қалталы азаматтар, сонымен қатар, инвесторлар бірігіп туған жерлерін көркейтуге атсалыспақ. Бұл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен бір тиын жұмсалмайтындығы да белгілі болды.

Келесі жылы біз 10 ауылды көркейтуді көздеп отырмыз, 2019 жылы 20 ауылды қамтуымыз керек. Менің ойымша, облыстан шыққан кәсіпкер азаматтар өзінің туған жерінің дамуына атсалысуы перзенттік парызы. Ал егер біз осы жобаны республикаға ұсынып, еліміздің басқа аймақтарынан қолдау тапсақ, келесі жылы Қазақстан бойынша 160 ауылды, 2019 жылы 320 ауылды инвесторлар мен кәсіпкерлер арқылы кешенді түрде жаңғыртытуға мүмкіндік алар едік, - деді К.Көкрекбаев.

Бұл жоба бойынша бағдарламаға енген ауылдарға жаңа көшелер, саябақтар, спорт алаңдары салынып, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, ауыл көшелерін жарықтандыру, сәулеттік көркін жақсарту және тағы басқа кешенді жұмыстар атқару көзделуде.

Жамбыл облысында аталған жобаны жүзеге асыру басталып кеткендігі де белгілі болды. Қазіргі уақытта жобаға Мойынқұм ауданынан Кұмөзек ауылы, Талас ауданынан Ақкөл ауылы еніп отыр екен. Қалған 8 ауыл жақын арада анықталмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары