$ 499.51  525.83  4.62

«Жетібай-Жаңаөзен» автожолы қайта жаңғыртылады

Маңғыстау облысындағы «Жетібай-Жаңаөзен» автожолы түгел күрделі жөндеуден өтеді. Жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге аспақ. Бүгін Елбасының қатысуымен өткен индустриаландыру телекөпірінен кейін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жөндеуден өтетін автожолдың басына барып, құрылысшылармен кездесті және жұмыстарына сәттілік тіледі.

Жаңғыртылатын автожолдың ұзындығы 73 шақырымды құрайды. Жалпы құны 25 млрд.теңгені құрайтын жобаға Азия Даму Банкісі қаражат бөлуде. Облыс әкімі аталған трассаның маңғыстаулықтарға қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, жаңа жол жол көлік апаттарының санын азайтатынына сенімділік білдірді.

«Бүгін Жалпыұлттық көпір аясында үлкен кәсіпорындар іске қосылды. Қазақстан бойынша 25 үлкен жобаның ішінде өздеріңіз куә болғандай, «Шетпе-Жетібай-Ақтау» жолы  бүгін Елбасыға тапсырылды. Сондықтан осы нысанның жүзеге асырылуына атсалысқан барлық азаматтарға алғысымды айтамын. Міне, қазір сол ірі жобаның жалғасы ретінде Жетібай мен Жаңаөзеннің арасындағы жолдың бастамасын бастағалы тұрмыз. Бұл жәй ғана бастама емес, бұл алдымен адамдардың қауіпсіздігі. Қазір  Ақтау мен Жетібай, Жетібай мен Шетпе арасындағы автожолда жол апаты бірнеше пайызға дейін төмендеген. Яғни, жолдың сапасы халықтың өмірін қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Екіншіден, жолдың бойында кәсіпкерлер кәсібін жүргізе алады. Үшіншіден, қаншама азамат жұмыспен қамтылды. Мына құрылыс жұмыстарына 600 адам тартылды.  Қазақстанның тарихында алғаш рет Батыс Қытай мен Батыс Еуропа арасын жалғастыруға мүмкіндік туды. Соның жолы ашылды. Елбасының үлкен бастамасының алғашқы сатысы жүзеге асты. Қазақстан - Еуразиялық көліктік-логистикалық хабқа айналатын күн алыс емес қой деп ойлаймын», - деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 1-учаске бойынша жолдың 35 шақырымына дейін жөндеу жұмыстарын «Ақ жол құрылыс» ЖШС мен «Аккорд» АҚ жүргізеді, ал әрі қарай 2-учаске бойынша 73 шақырымға дейін «Дженгиз Иншаат» АФ АҚ жұмыс жасайды.

Еске салайық, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, жұмыс орындарын құру  және бизнеске мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсету «Нұрлы жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтқан еді. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында Маңғыстау облысында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары