Елбасы кітапханасының қызметкерлері алматылық үздік студенттерге «Қазақстан жолы: «Мәңгілік ел» атты семинар-тренинг өткізіп жүр. Екі күнге жалғасатын шарада мамандар жастарды отансүйгіштікке, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға үйретеді.
Тренинг аясында жастарға сертификат табысталады. Былтыр Астанадағы кітапханада 8 мыңнан аса студент осы семинарға қатысыпты. Биыл мамандар өңірлерді аралауға шыққан. Сондай-ақ тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қаладағы 3 университетте Елбасы кітаптары мен еңбектерінің көрмесі ашылды. Оны кез келген адам тамашалай алады.
«Біз арнайы тақырыптық «Қазақстан жолы: «Мәңгілік ел» атты семинар-тренингін ұсынып отырмыз. Бұл іс-шараларымыз негізі кешенді. Бұл біздің кітапхана тарихында алғаш рет болып жатқан шара. Университет студенттері өздерінің жобаларын ұсынып, рухани жаңғыру барысын, негізгі түп нұсқасын Н. Әбішұлы Назарбаев атап өткендей бұл өзіміздің ұлттық мұрамыз», - деді ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз ҚАЙЫПОВА.
Шараны ұйымдастырушылар болса семинарлардың қандай тақырыптарда және қандай форматта өтетіні туралы айтып берді. Ең бастысы, аталған шара жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді.
«4 сағат өткіземіз. Әр тақырыпта өтеді. Мысалы, бірінші тақырып - мәңгілік елдің тарихына байланысты. 7 құндылықтары бар мәңгілік елдің. Сол 7 құндылықтарды топтастырып, біз қарастырамыз. Мысалы, ең алдымен «Тәуелсіздік пен Ұлттық қауіпсіздік» туралы айтамыз. Екінші тақырыпта «индустриаландыру және жалпыға ортақ еңбек қоғамы» туралы сөз болады», - деді философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ.
Айта кетейік, «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген.