$ 498.51  522.84  4.81

Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа медициналық нысандар пайдалануға берілді

«100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы өз соңына жеткеннен кейін елімізде денсаулық сақтау нысандарын салу қарқыны аз да болса бәсеңдегені рас. Десе де, халық санының артуы, тұрғындардың қалалық елдімекендерге көптеп шоғырлана бастауы емханалар мен ауруханалар санын тағы арттыруға итермелеп отыр. Сондықтан болар, соңғы бірер жылда Қазақстанда денсаулық сақтау нысандарының саны тағы да артып отыр.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында осындай бір емес, бірнеше нысан бір күнде ашылды. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында  1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, ОҚО Арыс қаласындағы Саналы және Шағыр елдімекендерінде облыстық бюджет есебінен фельдшерлік амбулаториялық бекет қолданысқа берілді.

Ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Мұрат Болатұлы денсаулық сақтау нысандары елдімекен тұрғындарына алғашқы медициналық қызмет көрсету мақсатында ел игілігіне пайдалануға беріліп жатқанын атап өтті.

«Мемлекеттің басты байлығы – халық. Ал халықтың басты байлығы – денсаулығы. Бұл үшін әр елдімекенді ауруханамен қамтамасыз ету бағытында жұмыс атақаруымыз тиіс!», - деген қала әкімі М.Қадырбек барша тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.

Медициналық нысанда фельдшердік кабинет, екпе бөлмесі мен акушерлік кабинет орналасқан. Кабинеттердің бәрі де толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір. Енді мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандарға кез-келген көмек көрсетілетін болады.

Бұдан бөлек, осы күні Арыс қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер М.Ержігітовтың бастамасымен жаңадан бой көтерген заманауи «MADANI» қонақ үй кешені ашылды.

Бұл нысанның ашылуымен жаңадан жұмыс орындары құрылып, қаланың туристiк әлеуетi арта түспек.  Жаңадан ашылған екі қабатты ғимаратта заман талабына сай жасақталған қонақ бөлмелер, асхана, автокөлік жуу, автокөлік жөндеу цехтары орналасқан.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша ең халқы көп, әрі ең халқы тығыз орналасқан өңір болып есептеледі. Мұнда туу көрсеткішінің жоғары қарқынын ескерсек, алда әлі талай перзентхана мен емханалардың салынары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары