28.06.2018, 10:16

Батыс Қазақстан облысында инвесторларға жайлы климат жасалған

Сондықтан да болар, мұнда қазір жұмысын жүргізіп отқан шетелдік инвесторлардың саны жыл сайын артып келеді. Бүгінгі күннің өзінде БҚО-да шетелдік кәсіпкерлердің қатысуымен ірі 11 жоба жүзеге асып келеді. Олардың жалпы сомасы 2,6 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл жайында бүгін Инвестициялар тарту және инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысы барысында айтылды.

Айта кетейік, Қазақстанға инвесторларды тартуды, сол арқылы елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Нұрлы жол» бағдарламасында айтып өткен болатын. Елбасы шетелдік кәсіпкерлердің біздің елде кедергісіз жұмыс істеуі үшін арнайы заң қабылдауды да үкіметке тапсырған еді.

Ал, Батыс Қазақстанға шетелдіктердің құмары артуы бекер емес. Мұнда жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалған жағымды климатты айтпаған күннің өзінде, облыстың географиялық тұрғыда орналасқан жері шетелдіктерге ыңғайлы. Бұл туралы аталған кеңес барысында сөз алған «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқармасының төрағасы Біржан Қанешев баяндады. Ол сондай-ақ, өңірдің үлкен табиғи-ресурстық әлеуетінің де зор екенін айтып отыр.

Өз кезегінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Күлгінов өңірдің инвестициялық тартымдылығы оның экономикалық дамуының негізгі факторы екендігін баса айтты.

Өңір басшысы атап өткендей, атқарушы органдар Батыс Қазақстан облысының инвестициялық климатын жақсартуға және өңіраралық байланыстарды нығайтуға мүдделі. Бұл ретте ол инвесторларды тарту процесінде жобалардың барлығы бірінші кезекте өңірдің қажеттіліктеріне сәйкес болуы керектігіне назар аударды.

Батыс Қазақстан облысының инвестициялар тарту бойынша 2018-2022 жылдарға арналған өңірлік стратегиясы әзірленіп, бекітілген, оның шеңберінде инвестицияларды бүкіл цикл бойына қолдау жұмысы жоспарланған.

«Kazakh Invest» ұлттық компаниясы инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау қызметтерінің толық спектрін қамтамасыз етеді.

Отырыс барысында өңірлік өкілдік директоры Әнуар Ниетқалиев өкілдіктің қызметі туралы және облыстың әлеуеті жайлы баяндады. Атап айтқанда, өңірде жалпы сомасы 2,6 млрд.  АҚШ долларын құрайтын 11 жоба іске асырылуда. Бұған қоса, Әнуар Ниетқалиев кеңеске қатысушыларды жалпы сомасы 739 млн. АҚШ долларын құрайтын 9 тауашалық жоба туралы хабардар етті.

Отырыс жұмысына, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша  департаментінің басшысы Болат Исаков қатысты, ол «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау» («Protecting Business and Investments») жобасының бастау алғандығы жөнінде айтып берді.

Бұл жобаны іске асыру қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға, бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік өкімет институттарына сенімін арттыруға, шетелде елдің оң имиджін қалыптауға ықпал ететін болады. Департамент басшысы атап өткендей, жобаны Агенттік «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлестікте жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, өзінің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Kazakh Invest» Басқармасының төрағасы Біржан Қанешев «Смарт Орал» орталығының қызметімен танысты және жұмыс тобымен follow-up жобаларын, тауашалық жобаларды талдады.