$ 474.72  515.17  5.58

Созақта үш бірдей білім ошағы пайдалануға берілді

Жаңа оқу жылы қарсаңында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында үш бірдей білім ордасы ашылды. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Аққолтық елді мекеніндегі 200 орындық Ш. Уалиханов атындағы жалпы орта мектебінің ашылуына қатысқан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы С.Әбдіқұлов пен аудан әкімі М.Исаев оқушылар мен мұғалімдерді білім күнімен құттықтап, сәттілік тіледі. 

Ш.Уалиханов мектебінің техникалық базасы соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етіліп, зәулім білім ордасында спорт ғимараты, интерактивтік тақта, мультимедия-лингафон кабинеттері орналасқан. 

Сондай-ақ, дәл осы білім күні Абай елді мекенінен және Раң ата ауылынан 150 орындық екі мектептің лентасы қиылып, оқушылардың игілігіне берілді. 

Бүгінде Созақ ауданындағы 35 білім ошағының 30-ы типтік білім ордасы болып табылады. Оқушылардың 97 пайызы типтік мектептерде оқиды. Білім саласындағы ғимараттарды жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында «25 жылға – 25 мектеп» деген жаңа бастама аясында 25 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңадан ашылған білім ошақтарының екеуі мектебі жоқ елдімекендерден бой көтерсе, жеті білім нысаны үш ауысымды мектептерді жою үшін салынған. Ал, одан бөлек тағы алты ғимарат ыңғайластырылған мектептердің орнын алмастырса, тоғыз білім ошағы апатты жағдайдағы нысандарды жою үшін, ал бір мектептің іргетасы оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында қаланған.

Атап айтқанда, білім ошақтарының басым бөлігі Мақтарал мен Қазығұрттан бой көтерген. Аталған аудандарда алты мектептен 12 нысан оқушылар үшін есігін айқара ашып отыр. Сайрам мен Шымкентте үш білім ошағынан алты мектеп пайдалануға берілсе, Сарыағашта – екі, Арыста – екі, Түлкібаста – бір, Созақта – бір және Шардарада бір білім мекемесі жұмысын бастады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары