$ 447.4  477.55  4.76

Шымкентте «Қауіпсіз қала» жобасы іске асырлады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкіміне облыстық прокуратура тарапынан əзірленген бес жоба таныстырылды. Жиынға қатысқан облыс прокуроры И.Иманов аталған жобалардың маңыздылығына тоқталып, бағыттарын атап өтті.

Олардың ішінде арнайы атап  өтетіні  - «Қауіпсіз қала»  жобасы. Ол ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жүзеге аса бастайды. Аталған жоба жүзеге асқанда қаладағы қылмыс саны 30% төмендетуге қол жеткізуге болады. Айта кетейік, бұл жоба бұған дейін мегаполис болып табылатын елордамыз Астанада жүзеге асырылған. Өз кезінде облыс әкімі қылмысты төмендету мақсатында қала бейнекамералармен жабдықталатынын жəне жергілікті полиция қызметкерлерін 3 жылда 350 автокөлікпен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол тиісті сала басшыларына жасөспірімдер арасында қылмысты  азайту үшін жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру қажеттігін айтып, жастарды қосымша көмекшілік жұмысқа тартуды тапсырды.

Жиын барысында əкім  учаскелік полицияның жұмысына баса назар аударып, әрбір тағайындалатын учаскелік полицияның заңгерлік білімі болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы олардың тоқсан сайын жергілікті тұрғындарға есеп беру қажеттігіне де тоқталды. Сонымен қатар, отырыста жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту мақсатында жергілікті полиция мен облыстық жастар саясаты басқармасы бірлесе отырып  жастар арасында құқықтық сауаттылық бойынша  дәрістер өткізу жайы да айтылды. Мəжілісті қорытындылаған облыс әкімі таныстырылған жобалар қоғамға өз пайдасын тигізіп, нəтижесін беретініне сенім білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары