$ 445.66  474.58  4.78

Татулық тойын бiрге тойлаймыз

Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Бiз барлық қазақстандықтар арасындағы сенiмдi нығайтуға тиiспiз! Этносаралық келiсiм – ол өмiршеңдiк оттегi» деген болатын.

«Қырықтың бiрi қыдыр» деген халқымыз келген қонаққа құшағын жайып, қамқорлық пен бауырмалдықтың үлгiсiн көрсете бiлдi. Өзiнiң байтақ даласындай дархан пейiлдi қазақ қонақжайлығының арқасында қиын-қыстау замандарда жүздеген ұлттың өкiлдерiне пана болды. Соның арқасында қазiр елiмiздiң бiрлiгi бекем, iргесi берiк.

Тәуелсiздiк алған 25 жыл iшiнде атқарылып жатқан iстер баршылық. Ұлтаралық татулық пен келiсiм – қоғам тұрақтылығының кепiлi десек, бiрлiгiмiздi нығайтуға өзге этностардың қосар үлесi зор. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев тәуелсiздiктiң алғашқы күндерiнен-ақ елдiң ұлттық саясатының басты қағидаларын айқындап алды. Басты құндылығымыз елдiң тәуелсiздiгi деп, оны нығайту жолында ұлттар арасындағы түсiнiстiктiң кiлтiн тауып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауды мақсат тұтты. Ұлттық мәселелердi әдiл шешудi негiзге ала отырып, халықты бiр мақсатқа бiрiктiрдi.

Мемлекеттiң экономикалық өрлеуi, саяси тұрақтылығы, демократиялық дамуы да елiмiздi мекен еткен түрлi ұлттар мен ұлыстардың өзара сыйластығына, түсiнiстiгi мен татулығына барып тiрелерi анық. Елбасының жетекшiлiгiмен жүзеге асырылған мемлекеттiң ұлттық саясаты әр ұлттың этникалық жаңғыруына, өз тiлi мен салт-дәстүрiн еркiн ұстануына, сөйтiп өздерiн толыққанды ұлт ретiнде әрi осы елдiң тең құқылы азаматы ретiнде сезiнуiне жағдай жасайды. Бұған Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында «тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе өзге де жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп жазылуы толық негiз. Ата Заңымыздың 39-бабында «ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет Конституциялық емес деп танылады» деп көрсетiлген. Бұл ұлтаралық татулық мәселесiнiң маңыздылығының тағы бiр айшықты көрiнiсi. Осылайша, елдегi барлық ұлт өкiлдерiне конституция арқылы өздерiнiң этномәдени байлықтарын сақтап, дамытуға мүмкiндiктер берiлдi. Осының нәтижесiнде елiмiз қоғамдық жаңғырудың жаңа белесiне кәрi-жас, өзге ұлт деп бөлiнбестен болашаққа бiрге қадам басып барамыз.

Қазақстан – әлем елдерiне қонақжайлығымен, бауырмалдығымен танылды. Өзгелерден ерекшеленетiн тұсымыз да осы. Мұндағы ұлттар мен ұлыстар осындай бейбiт елде тiршiлiк кешiп жатқандарына дән риза. Тәуелсiздiк жылдарында жеткен жетiстiгiмiз де – көпұлтты бiрiктiрiп, ауызбiршiлiк пен татулықтың үлгiсiне айналғанымыз.

Қазiргi таңда Оңтүстiк Қазақстан облысында 20 этномәдени бiрлестiк бар. Онда 70-ке жуық әртүрлi ұлт өкiлдерi жұмыс iстейдi. Бүгінде олар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуге қызу дайындық үстінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары