$ 443.85  474.3  4.8

Минералды-шикізаттық ресурстар Қазақстанның экономикалық дамуын айқындай

Қазіргі заманғы геология – бұл жер қыртысы және Жердің неғұрлым терең салалары, құрамы, құрылымы, қозғалысы және жер қыртысының даму тарихы мен ондағы пайдалы қазбалардың орналасуы туралы өте күрделі ғылымдар кешені. Геологияның басты міндеті түрлі елдердің халық шаруашылығы мен экономикасын минералды-шикізаттық ресурс­тармен қамтамасыз ету болып табылады. Прогрестің дамуы және әлемдегі халық санының артуы себепті минералды-шикізаттық ресурстардың рөлі мен оны пайдалану көлемі үнемі өсу үстінде.

Оған Қазақстанның қазіргі за­манғы тарихы нақты дәлел бо­ла алады. Бұған дейін кеңестік гео­логтардың көптеген буыны құрған қуатты минералды-шикізаттық ресурстарды толық­тай өз меншігіне ала отырып, біз­дің еліміз күр­делі өтпелі кезең­ді еңсеріп, қыс­қа мерзімде эко­но­микалық тәуел­сіздікке және өнеркәсіптің өзге салаларын дамытуға, сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе білді. Бұл сала қазірдің өзінде Қазақстан экономикасының негізі болып отыр, біздің зерт­теулеріміз көрсеткендей, елдегі минералды-шикізаттық ре­сурс­тардың сарқылмауына байла­нысты оның одан арғы табысты даму­дың базисі болу мүмкіндігі зор.

Минералды-шикізаттық ре­сурс­­­тар Қазақстанның эко­номи­калық дамуын айқындай оты­рып, индус­триялық-инновациялық сая­­­сат жүзеге асатын іргетасқа айналды. Біріншіден, шикі­зат секторынан түсетін табыстардың бір бөлігін өңдеу саласына тиімді түрде бө­лу жаңа технологиялардың арқа­сын­да қосылған құны жоғары, ішкі және әлемдік рыноктарда бә­секеге қабілетті өнім алуға жағ­дай жасайды. Екінші­ден, индустриялық дамуда тек дәстүрлі шикізатты пайдалану көлемі ғана артып қоймай, сонымен бірге жаңа серпінді технологияларды пайдалану нәтижесінде бірінші кезекте сирек кездесетін металдар­дан тұратын жаңа пайдалы қазбалармен қамтамасыз ету де талап етілетін болады.

Қазақстанда геология ғылы­мы­ның дамуы өткен ғасырда бел­гілі ғалым Қ.И.Сәтбаевтың басшылығымен жүргізілген кең ауқымды өңірлік-геологиялық жұмыстарға негізделді. Ол жұ­мыстар барлық ғылыми және ғылыми-өндірістік геологиялық зерттеулердің негізіне айналды. Қазақстан аумағындағы ми­­нералды ресурстардың кең көлемді әлеуеті осы зерттеулердің арқасында пайда болды. Соның бәрі республиканың қарқынды дамуын және қуатты өнеркәсіптік мемлекет ретінде қалыптасуын қам­тамасыз етті.

Осылайша, ғылым мен өн­діріс­тің арасында тығыз байланыс жүзеге асырылды. Жүйелі гео­логиялық зерттеулердің ар­қасында Қазақстан кен өндіру, металлургия, химиялық-техно­логиялық, энер­­гетикалық және өнеркәсіптің өзара байланысты өзге де көптеген сала­лары үшін даму базасына ие болды.

Қазіргі жағдайда кен орындарын ашуда ғылымның көбірек қа­жет болуының өзіне тән себеп­тері бар.

Бірінші себеп. Бір қараған­да жағдайдың қолайлы көріне­тіндігіне қарамастан, Қазақстанда басымдыққа ие көптеген пайдалы қазбалар, әсіресе, түсті металл бойынша өткір тапшылық пайда болуда. Қазіргі уақытта елімізде, әлемнің өзге де өңірлеріндегі сияқты «оңай ашылатын кен орындары» қоры сарқылып келеді. Пайдалы қазбаларды қарқынды өндіру оның рентабельді қор­ларының жұқаруына әкеліп соқ­тыруда. Соның салдарынан елде кен орындарын ашу жыл өткен сайын анағұрлым күрделеніп, көп еңбекті қажет етуде және қымбатқа түсуде. Сондықтан да пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу мен барлаудың стратегиясы мен тактикасына түзетулер енгізу қа­жет. Міне, дәл осында геология ғы­лы­мы айрықша рөл атқаруы тиіс.

Екінші себеп. Ғылыми-тех­никалық революция Жаһан ту­ралы, Жер планетасы туралы жа­ңа білімдерді игеруге, жеке­ле­ген өңірлердің дамуына, тиі­сін­ше Қазақстанның бүкіл аумағы мен жекелеген өңір­лерін­дегі геологиялық даму мен жер қой­науының құрылымы туралы ақпараттардың жылдам жаңа­руына, жаңа теориялық идея­лар­дың, тұжырымдамалар мен тех­но­ло­гиялардың пайда болуына әкелуде.

Тұрақты есеп жүргізу және ғы­лыми прогресті пайдалану қа­жеттілігі геологиялық барлау жұмысындағы ғылым мен өн­дірістің ажырағысыз байланысын бұрынғыдан да бетер айқындай түсті. Инновациялық қызмет оларды өзара жақындас­тырудың неғұрлым тиімді жо­лы болуы мүмкін. Пайдалы қаз­баларды болжаудың, іздеу мен барлаудың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа теориялар мен тұжырымдамаларды, ғылымды қажет ететін технологияларды құ­руға және игеруге деген қажеттілік инновациялық қызметті дамытуға итермелейтін маңызды фактор болмақ. Саланың жаңа сапалық дең­­гейге көшуінде мемлекеттің оң экономикалық саясаты инновация­лар үшін ше­шуші сыртқы ынталандырушы күш болып табылады.

Қазақстан Республикасы Гео­логия және жер қойнауын пайдалану комитетінің қолдауымен біз нарық экономикасының талаптарын, сондай-ақ, білім бе­ру, ғы­­лым мен өндірістің ин­те­грациялануын ескере отырып, Қазақстанның минералды-шикізаттық ресурстарын толық­тыруды ғылыми қамтамасыз етудің стратегиясын әзірледік. Ол біз басшылық жасайтын Каз­недра, Қ.И.Сәтбаев атындағы Гео­логия ғылымдары институты, Геологиялық-географиялық зерттеулер орталығы және басқа да жетекші ұйымдардың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің негізіне алынды. Қазіргі заманғы теориялық және практикалық талдаулар мен технологиялардың негізінде көпсалалы іргелі және қолданбалы кешенді зерттеулер жүргізіліп, оған пайдалы қазбалар қорларын толықтыру бойынша зерттеулерді ғылыми қамтамасыз етуді тиімді жүзеге асырып келе жатқан Қазақстанның бү­кіл ұйымы қатысты. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Қа­зақстанның және жекелеген өңірлердің ең жаңа болжау-ми­нер­агениялық және кешенді геохимиялық карталары, іргелі болжамдардан тұратын және Қазақ­станның минералды ресурс­тарына стратегиялық баға берудің негізіне айналған ірі монографиялар басылып шықты.

Біздің зерттеулеріміздің қоры­тындылары халықаралық беделді форумдар мен практикалық салаларда сынақтан өтті. Мем­лекеттік ғылыми-техникалық са­раптаманың (әлемнің жетекші ғалымдарын тарта отырып жүр­гізілген халықаралық аудит­тің) қорытындысы бойынша минералды-шикізаттық ресурс­тар саласындағы ғылым мен тех­никаның Қазақстан үшін айқындаушы маңыз­ға ие екені атап көрсетілді және біздің бол­жамдық жұмыстарымызға жоғары баға берілді.

Бұл жұмыстар қазақстандық және шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар арасында үлкен сұранысқа ие.

Қазақстанның пайдалы қазба­ларды анықтаудағы үлкен перс­пек­тиваларын, сондай-ақ, ми­не­ралды-шикізаттық ресурстарды дамытудың проблемаларын, міндеттері мен стратегиясын көр­­­сететін осынау жұмыстардың нәти­желері Мемлекет басшысына ұсынылды.

Айта кету керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жер қой­науын пайдаланушылар ми­нералды-шикізаттық ресурстар­дың толығып отыруын қамтамасыз ететін болады деген үміт зор болатын. Бірақ ол үміт ақталған жоқ. Жаңа кен орындарын іздеу – ол көлемді қаржы шығындарын қажет ететін және игеру мерзімі 10-15 жылға дейін созылатын тәуекелі мол жоба. Оның бәрі барлық уақытта бірдей шетелдік және отандық инвесторларды тарта қоймайды. Жеке компания­лар, жер қойнауын пайдаланушылар және басқа да инвесторлар қайтарымы ұзақ мерзімге созылатын кең ауқымды геологиялық зерттеулерді қаржыландыруға бара бермейді. Олардың гео­логиялық барлау жұмыстарына бөлетін шығындарының аз­дығы сондай, оның өзі кен орын­дарын бө­лу шеңберіндегі өздерінің дер­бес міндеттерін шешуді де қамтамасыз ете алмай жатады. Соның салдарынан Қазақстан аумағын кешенді геологиялық зерттеу, іздеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының доғарылып қалғаны соншалық, іс жүзінде саланы, жинақталған тәжірибені, Қазақстанның гео­логиялық қыз­метінің инже­нерлік және ғылыми әлеуетін жоғалту үдерісі бастау алды. Мұның өзі болашақта ресурстық дағдарыстың басталуына апарып соқтыруы әбден мүмкін.

Бүгінде мемлекеттің жаңа құ­рылымдарды құра отырып, іздеу-барлау жұмыстарының белсенділігін арттыру қажеттігі туындап отыр. Бұл ретте өңірлік геологиялық зерттеу және пайдалы қазбалар қорын толықтыру мәселелері жер қойнауы мен оның әлеуеті туралы маңызды стра­тегиялық ақпараттың негізгі иесі және тұтынушысы болып табы­латын мемлекет тарапынан ше­шім тауып, қаржыландырылуы тиіс.

Геологиялық барлау жұмыс­тарының белсенділігін арттыру туралы өз ұсыныстарымызды дәйектеу барысында біз Геология­лық-географиялық зерттеулер орталығы үлгісінде консорциум қағидатындағы Ғылыми геоло­гиялық орталық құру қажеттігін атап көрсеткен болатынбыз. Оның қызметі тәуелсіз мердігерлердің жұмысы мен адамдардың онлайн-платформа арқылы жұмысы­на негізделуі тиіс. Яғни түрлі орын­­дарда және ұйымдарда жұмыс істей отырып, геологтар коммуникацияның қазіргі за­манғы деңгейінде бір бағдарлама бойынша жұмыс істей алатын болады. Мұның өзі бастапқы кезеңде белгілі бір дәрежеде білікті кадрлар тапшылығын шешуге септігін тигізбек. Гео­логиялық-географиялық зерттеулер орталығында кешенді ведомствоаралық бағдарлама осы қағидат бойынша әзір­лен­ген болатын. Онда бұл проблеманы шешудегі негізгі күштер біздің бұған дейінгі бағдарламаларымызға ұзақ жыл­­дар бойы қатысып келген ұйымдар мен қызметкерлер болды. Анағұрлым жоғары білікті ма­ман­дарды қажет ететін болжамдау бөлігінде кадрлардың жетіспеушілігі өткір байқалып тұрған қазіргідей кезеңде барлық ұйымдар мен мамандарды бірік­тірудің маңызы өте зор.

Қайта құру кезеңі басталған­нан кейінгі уақытта геологиялық жұмыстардың күрт қысқарғаны, көптеген ғылыми және өндірістік ұйымның өмір сүруін тоқтат­қаны белгілі. Соған байланыс­ты геологиялық мамандық­тың беделі де мейлінше төмендеп кетті. Ол аздай, мамандар даяр­­­­лау сапасы нашарлады. Студент­тер экспедицияларға шы­ғып, да­лада тәжірибеден өту мү­мкін­дігінен айырылды, тіпті ғылыми қызметкерлердің өзі қайта құру басталғаннан кейін далалық жерлерге шығуларын тоқтатты. Ал ол кәсібилігі жоғары геологтың қалыптасуы үшін ең басты шарт болып табылады. Осындай олқы­лықтардың салдарынан бүгінде қайта құру дәуірінен кейінгі нашар даярланған кадрлар буыны пайда болып отыр. КСРО кезінде далалық жағдайдағы жұ­мыс тәжірибелеріне машықтанған маман­дардың жастары бүгінде алпыстан асты.

Сөз орайында біздің ұсыныс­тарымыздың Елбасы тарапынан үлкен қолдауға ие болғанын айта кету қажет. «Елдің минералды-шикізаттық әлеуетін іс жүзіне асыру үшін геологиялық барлау жұмыстарының белсенділігін арттыру қажет – ал жаңа технологиялар үшін, бірінші кезекте, сирек және жерде сирек кездесетін элементтер қажет», деп атап көрсеткен болатын Президент өзінің 2008 жылғы Жолдауында. Президенттің тапсырмасы бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеулердің бір­тұтас жүйесін қамтамасыз ету үшін жаңа құрылымдар құра отырып, геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының белсенділігін арттыру бойынша Үкіметке түсініктеме жазба әзірленді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұ­рақ­ты назар аударуының және бас­­та­­машылық танытуының арқасында Үкіметте бұл бағытта белсенді жұмыстар жүргізіліп, геологиялық барлау және зерттеу жұмыстарының белсенділігін арттыруда айтарлықтай қадамдар жасалуда. Кезінде мұнай және газ министрлігі, «Таукен», «Казгео» ұйымдары, геологиялық зерттеу ор­талықтары және басқалар құрылды.

Ел экономикасындағы ми­не­ралды-шикізаттық ке­шен­­нің елеулі рөлін ескере келгенде, геологиялық барлау жұ­мыстарының көлемін ұлғайтып, қарқынын арттыруда белсенді іс-шаралар қажет. Мемлекеттік қаржылай қолдаудың іргелі зерттеулердің ұзақ мерзімді бағдарламаларына көрсетілуіне назар аудару керек. Сонымен бірге, олардан тез арада пайда түсіретін қайтарымды талап етудің де қажеттігі жоқ. Егер шындығына келсек, елдің жер қойнауын зерттеу және минералды-шикізаттық базаны ұлғайтуға жұмсалған шығындар Қазақстанның өзінің болашақ дамуына және инвестициялық тұрғыдағы тартымдылығына қам­­қорлықпен қарайтын ел ретіндегі беделін нығайта отырып, қазірдің өзінде қайтарым беруде.

Болат РАҚЫШЕВ,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары
академиясының академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары