$ 448.15  483.46  4.86

Жұмыссыз жастар әскерге кетуі мүмкін

Естеріңізде болса, біраз уақыт бұрын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында жұмыссыз жастарды әскерге жіберу туралы ұсыныс айтты. «Қорғаныс министрлігімен типтік оқудан соң жұмыспен қамтылмаған, мектептен соң жоғары оқу орындары және колледждерге түспеген жастарды әскерге алу жайын қарастырып жатырмыз», – деп Премьер-Министр алдында есеп берген ол, еліміз халқының 24 пайызын құрайтын 14-29 жас арасындағы 4 миллион 206 мың жастың 686 мыңы «ерекше назарда ұстайтын» жастар екенін де ескертіп өтті. Министрдің айтуынша, олардың арасында жұмыссыз, экономиканың бейресми саласында табыс тауып жүргендер, өзін өзі жұмыспен қамтығандар бар. «Өзін өзі жұмыспен қамтыған жастардың 68 пайызы, жұмыссыз жастардың 38 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұлар – мектептен соң оқуға түспеген, білім алмаған және сотталып шыққандар», – деді министр.

Бір қарағанда, жай ғана сандар болғанмен, бұл – тереңірек бойлап, келешекке көз тіге алатын жандарды қатты ойландыруы тиіс бұлтартпас дерек. Бүгінгі бүкіл әлемді терроризм елесі кезіп, лаңкестік әрекеттер осы күнге дейін тұрақтылық аралы саналып келген біздің Қазақ­станымызда да бой көрсете бастаған тұста, мұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмайды. Екін­ші жағынан, ауыл – қазақтың алтын бесігі екенін ескерсек, әйтеуір бір жұмысты алданыш көріп, содан тапқан болмашы ғана табыс­ты талғажау етіп жүрген жастардың 70 пайызға жуығы, ал екі қолға бір күрек таппай жүрген жұмыссыз жас­тардың 40 пайызға жуығы ауылда тұратыны, өзге де тіршілік ету негіздеріміздің өзі қатты өзгеріп отырғанын көрсетеді. Оның үстіне «өзін өзі жұмыспен қамтыған» қалған 30 пайыз жас пен жұмыссыз жастардың 60 пайызы қалада тұрады. Ал белгілі жұмысы, тұрақты табысы жоқ олар қайда барады, кімге ереді?!.

Бұл – ұлттық болмысымыз бен қазақы асыл қасиеттеріміздің сақталып, әрі қарай дамуына да кері әсерін тигізіп жатқаны сөзсіз. Соның салдарынан бауырмал­дық, мейірбандық, үлкенді сыйлау, кішіні тыңдау, ауызбірлік, отбасындағы сыйластық, елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік сияқты басқа да құндылықтардың қадірі кеміп, сананы тек «табыс табу керек» деген материалдық қажеттілік билеп, ол адамдардың негізгі өмір сүру мәніне айналып барады. Дәл осындай жағдайда ауылдық жерлердегі миллиондаған гектар құнарлы да шұрайлы жерлер игерілмей, өнім өндіру былай тұрсын, пайдаға жарамайтындай деңгейде тозып бара жатқандығы қынжылтады.

Жастарды еңбекпен қамту, оларды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, келешегін қамтамасыз ету тұрғысынан, Тамара Дүй­сенова ханымның ұсынысы назар аударуға әбден лайық. Мұны тездетіп шешіп, жуық арада іске асырса – нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне тек жұмыссыз жүрген жастар ғана емес, 18 бен 27 жас арасындағы барлық жас қазіргідей 1 жыл емес, 2 жыл міндетті әскери қызметтен өтетін заң қабылдау қажет. Тіпті оған «Жоғары оқу орындарына көп жағдайда тек міндетті әскери қызметін өтеген жастар ғана қабылданады», деген арнайы бап енгізілсе де артық болмас па еді? Сонда қазіргідей ата-анасының тірнектеп жинаған қаржысын 4-5 жыл бойы ақылы оқуға жұмсап, соңында жұмыссыз қалатын жағдай да жақсы жағына қарай өзгерері анық.

Әлеуметтік, экономикалық тұрғыда бұл – ел үшін де, қоғам үшін де, әр-бір жас үшін де тек пайдалы болатыны сөзсіз. Өйткені, соңғы деректерге қарағанда, қазір жастардың басым көпшілігінің денсаулығы нашар. Біз 14 жасқа келген жасөспірімді тіркеуге алып, әскери есепке қоямыз. Әс­кери есепке алынған әрбір жас­өспірімді тұрақты дәрігерлік бақылауға алып, ауруы бар болса емдеп, 18 жасқа толғанша оны әскер қата­рында қызмет етуге са­қа­дай-сай етіп дайындасақ, қане. Бұл саламатты ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан мемлекет үшін өте маңызды болар еді.

Екінші, жастар толық міндетті әскери қызметтен өтетін болса, олардың барлығы таза әскери бөлімдерге түспейтіні анық. Сондықтан әскерде жастарға әртүрлі кәсіп үйретіп, қызметтің соңғы жылында тікелей бір кәсіпке бейімдеп, мысалы жол, теміржол, тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларға баулысақ ұтылмас едік. Сөйтіп, олардың тапқан табыстары әрқайсысының атына ашылған арнайы есепшоттарға ай сайын аударылып отырса. Бұл әлемдік тәжірибеде жоқ емес. Басқасын былай қойғанда, біз көбірек араласатын елдерде, басты әріптесіміз – Ресейде мұның бәрі біраздан бері іске асырылып келеді.

Тағы бір маңызды нәрсе, студент және оқушы жастардың жылына екі-үш ай жұмыс істейтін еңбек отрядта­рын ұйым­дастыруды қолға алудың артықтығы жоқ.

Сондықтан Тамара Дүйсенова ханым­­­­ның ұсынысын тек жұмыс­сыз жас­тарды әскер қата­рына шақыру деп емес, сала­матты ұрпақ тәрбиелеу, жастардың келе­шегін қамтамасыз ету, миллиондаған жұ­мыс күшін олардың жеке өздері үшін де, қоғам үшін де пайдалы болатындай кешенді түрде қарастырған ләзім.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары