$ 446.49  475.38  4.79

Елбасы Павлодар облысында болып, Орта Азиядағы ең үлкен көпірдік құрылысымен танысты

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына арнайы сапармен келіп, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы және көлік саласының бірқатар нысанын аралап, өңірдің жұртшылық өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Өңірге келе салысымен Қазақстан Президенті «Арго» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы кешеніне барды.

Мемлекет басшысына кәсіпорынның өндірістік қуаты, жұмысының негізгі бағыттары туралы баяндалды. Сондай-ақ, Елбасы өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралап, облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесті. Олар орақ науқанының барысы мен аграрлық саланың даму қарқыны жөнінде әңгімеледі.

Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев ғылыми-зерттеу институттарының әлеуетін өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру үшін пайдалану қажеттігін айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қытайға таяудағы сапары барысында сол елге экспортталатын дәнді және майлы дақылдар мөлшерін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін келісімге қол жеткізілгенін ерекше атап өтті.

Облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері Мемлекет басшысына елдің ауыл шаруашылығы саласына қамқорлығы мен қолдауы үшін алғыс білдірді.

Елбасының сапары «Сарыарқа» шағын ауданы мен Балалар техникалық мектебінде жалғасты.

Президентке шағын аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысының барысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу қарқыны туралы баяндалды.

Нұрсұлтан Назарбаев екі балабақша мен әлеуметтік-мәдени бағыттағы нысандар құрылысына арналған нақтылы жобамен танысты. Сондай-ақ, жолдар мен инженерлік коммуникацияны қайта жөндеу, жасыл көшет отырғызу, тұрғын-үйлердің ауласын балаларға арналған алаңмен жабдықтау арқылы абаттандыру қарастырылуда.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті жаңа «Сарыарқа» шағын ауданында орналасқан Балалар техникалық мектебін аралап көрді. Онда оқушылар робот жасау, радиоэлектроника, ұшақ және кеме модельдеу негіздері жөнінде білім алып, жаратылыстану мен гуманитарлық пәндер бойынша бірқатар мектеп бағдарламасын тереңдетіп оқи алады.

Нұрсұлтан Назарбаев мұнан кейін «Павлодар мемлекеттік университетінің Стартап академиясы» ЖШС-да болды.

Мемлекет басшысына студенттердің іске асырылған, қазір өнім бере бастаған бизнес жобалары туралы баяндалды.

Сондай-ақ, Елбасыға Павлодар мемлекеттік университетінің оқу үдерісіне «кәсіпкерлік арқылы оқыту» жөніндегі жаңа қағидаттың енгізіліп жатқаны жөнінде айтылды. Оның аясында оқу орнының барлық студенті кәсіпкерлік пен көшбасшылық курстарынан өтеді.

Нұрсұлтан Назарбаев студенттер ұсынған бизнес жобалардың әлеуетінің жоғарылығы мен жасампаздығын атап өтті.

– Қазіргі уақытта мемлекет бизнестің дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Әлемнің көптеген елінде жастардың студенттік кезеңде өзінің стартап-жобаларын бастап, жоғары оқу орнын бітіргенде бірталай жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін тәжірибелер бар. Мұндай жағдайлар еліміздің өзге өңірлерінің жоғары оқу орындарының студенттері үшін де жасалуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Студенттер мен оқытушылар Елбасыға зор денсаулық тілеп, жас ұрпақты жетілдіру мәселесіне деген қамқор көзқарасы, жанашырлығы үшін алғыс білдірді.

Халықаралық Стартап академиясы 2030 жылға дейінгі өңірді дамыту стратегиясына сәйкес С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің базасында ашылған. Білім беру мекемесінің қызметі студенттік және оқытушылық кәсіпкерлікті ынталандыруға, сондай-ақ ғылыми және зерттеушілік жобаларды коммерцияландыруға бағытталған. Қазіргі уақытта академия таяу және алыс шет елдердегі бизнес өкілдерімен іскерлік байланысты жолға қойды.

Елбасының осынау сапарының ең маңызды бөлігі – Ертіс өзеніндегі көпір өткелінің құрылысымен танысуы еді.

Мемлекет басшысына ауқымды нысанның құрылысының барысы туралы баяндалды. Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелі «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Орталық-Шығыс» автожол құрылысы жобасының бір бөлігі болып саналады.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны іске асыруға жұмылдырылған құрылысшылармен және жұмысшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында ол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан облыстың көлік инфрақұрылымын  жақсартып, инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.

Жол-құрылыс кәсіпорындары өкілдері елдің инфрақұрылымдық жаңғыртылуына арналған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылып жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді.

Бұл Орталық Азиядағы ең ұзын көпір өткелі болып саналады. Құрылыс барысында мердігерлік жұмыстарға өңірдің шағын және орта бизнес субъектілері тартылуда. 400-ден астам жұмыс орны ашылды. Көпір өткелін пайдалануға беру Павлодар қаласының жол-көше торабының жүгін жеңілдетіп, көлік-транзит ағынын оңтайландыруға септігін тигізеді.

Сапар соңында Мемлекет басшысы Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті.

Қазақстан Президенті Павлодар облысына жұмыс сапары аясында жұртшылық өкілдерімен кездесті. Оған еңбек сіңірген ардагерлер, өндірістік кәсіпорындардың жұмысшылары, аграрлық сала өкілдері, жастар көшбасшылары, спортшылар, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты.

Елбасы тәуелсіздік жылдарында дамудың орнықты экономикалық моделі жасалғанын атап өтті.

– Нарықтық экономика үшін дамудың жаңа «локомотивіне» айналған мықты кәсіпкерлер табы пайда болды. Бүгінде елімізде 1 миллион 260 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік саладағы жетістіктерінің де маңыздылығын атап өтті.

– БҰҰ-ның даму бағдарламасының рейтингіне сәйкес, Қазақстан әлемде 55-орын иеленіп, адами даму деңгейі жоғары мемлекеттер тобына енді, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Елбасы Қазақстан экономикасының «индустриялық-өнеркәсіптік тірегіне» айналған өңірдің елеулі даму нәтижелеріне назар аударды.

– Өңірдің одан әрі дамуының іргелі индустриялық базасын құраған ауқымды жобалар жемісті жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын, бастапқы алюминий өндірілетін электролиз зауыты салынды, ол Қазақстанды түсті металлургиядан жетекші елдер қатарына қосты. Бұл маңызды жобаның дамуы барысында «Қазэнергокабель» акционерлік қоғамында алюминий сымдарының өндірісі іске қосылды. Тағы бір маңызды нысан – қуаттылығы жылына 30 мың тонна болатын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» акционерлік қоғамының зауыты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара барысында телекөпір өтті. Оның аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын кеңейту мақсатымен кенді қайта өңдейтін және мыс концентратын шығаратын жаңа фабрика ресми түрде іске қосылды.

Қазақстан Президенті жиналғандарды осы тарихи жаңалықпен құттықтап, жаңа өндірістің іске қосылуы Павлодар облысының индустриялық-инновациялық әлеуеті жоғары екенін көрсететінін атап өтті.

– Жаңа кәсіпорын Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының кенді қайта өңдеу қуатын 30 млн тоннаға, мыс концентратын өндіру көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыруға  мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында да көш бастап тұрғанын айтты.

– Тәуелсіздік жылдары оған 600 млрд теңге инвестиция салынды, 2300 мегаваттан астам жаңа қуат көзі іске қосылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыстың көлік инфрақұрылымы жақсарғанын атап өтті.

– Ақсу – Курчатов теміржол тармағы іске қосылды, Омбы қаласына дейінгі халықаралық автодәліз қайта жаңартылды. Қазіргі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында Ертіс өзені үстінен көпір өткелі салынуда. Астана – Павлодар бағытында салынып жатқан автобанның құрылысы жоспар бойынша 2017 жылы аяқталады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік салада жүйелі жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты.

– Облыстың тұрғын үй қоры 25 жылда 1,7 млн шаршы метр тұрғын үйге дейін көбейді. Былтырғы жылдың өзінде денсаулық сақтау саласын дамытуға 35 млрд теңге бөлінді. Бұл Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылындағыдан 100 есе көп. Өңірдегі білім беру саласындағы көрсеткіштер де жақсы. Облыста апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектептер жоқ, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы тұрақсыздық пен қарқынды технологиялық өзгерістер жағдайында елімізді одан әрі дамыту үшін төтенше шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды. Ең бірінші кезектегі маңызды міндет – Қазақстан экономикасын дамудың индустриялық-инновациялық жолына көшіру.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді, халықтың тұрмыс деңгейін көтеру үшін мемлекет тарапынан қажетті барлық жағдайлар жасала беретінін айтты.

Жұртшылық өкілдері Мемлекет басшысына өңірді дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп, тиімді мемлекеттік саясат жүргізіп отырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Соңында Қазақстан Президенті облыстың тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістігіне өңір тұрғындарының ерен еңбегі арқасында қол жеткізілгенін айтып, павлодарлықтарға зор денсаулық, амандық және береке-бірлік тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары