$ 448.89  477.93  4.76

«Нұр Отанның» көмегімен 225 мың адам жұмыс тапты

«Нұр Отан» партиясы өзінің сай­лауалды бағдарламасында қойылған міндеттерді 92 пайызға орындады. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» хатшысы Н.Годунова мәлімдеді. Осы күні оның қатысуымен және «Жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарын қорғау» бағыты бойынша партиялық комиссияның кураторы, Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркинаның төрағалығымен комиссияның кезекті отырысы өтті. Көшбасшы партияның Орталық аппаратында ұйымдастырылған жиында әлеуметтік нысандардың мүм­кіндігі шектеулі жандар үшін бейімділігі, кембағал жандарды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Отырыста сөз алған Наталья Году­нова партиялық комиссиялардың негізгі міндеті – «Нұр Отанның» 2021 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру болып табылатынын қа­перге салды. 

– Елбасы, партия лидері Н.Назарбаев біздің алдымызға осы бағдарламаның орындалу барысына жарты жыл сайын мониторинг жүргізу туралы мін­дет қойды. 2016 жылдың бірінші жартысының қорытындылары бойынша осындай талдау жасалды. Оған сүйене отырып, партиямыздың сайлауалды уә­делері 92 пайызы бойынша оң динамика барлығын хабарлай аламыз. Қалған бағыттар мен міндеттер бойынша дайын­дық жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде нормативтік құқықтық актілер әзірленуде және қабылдануда, – деді партия хатшысы. 

Әлемдегі экономикалық жағдай­дың күрделілігіне қарамастан, бар­лық әлеуметтік жәрдемақылар, зей­нет­ақылар, бюджет қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде және уақытында төленуде. Сонымен бірге «республикадағы жұмыс­сыздық дең­гейі өскен жоқ». Бұған «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» секілді мем­лекеттік бағдарламалар мен Үкімет қабылдап жатқан шаралар оң ықпал етті. 

– Биылғы бірінші жартыжылдықта жалпы алғанда, 225 мың адам жұмыс тапты. Егер бұлай болмағанда, жұмыс­сыздар қатары қаншаға өсетінін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Сондай-ақ «жастар практикасы», әлеуметтік жұмыс орындары, кәсіби оқыту секілді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін өзге де шаралармен тағы 11 мың адам қамтылды. Жұмыс орындарын сақтау мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмыс берушілерді қолдаудың жаңа құралдары іске қосылды. Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен бірге партия «Ауылдағы жұмыспен қамту» жобасын жүзеге асыруда. Жоба ауылдықтарға 6 миллион теңгеге дейін шағыннесиелер беруге бағытталған. Оған қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперациясы құ­рылуға тиіс, – деген партия хатшысы осының арқасында ауылдық елді мекен­дерде биылдың өзінде бордақылау алаңдарын, мал сою пункттерін, шағын құс фабрикаларын, сүт кешендерін ашу қарастырылғанын жеткізді.

Нәтижесінде, 3 400 адам биыл жұ­мысқа орналасуы мүмкін. Н.Годунова сонымен қатар 38 пилоттық аудан мен қалада қолға алынған «Өрлеу» жобасы туралы да айтып берді. 

Ал комиссия отырысы тақырыбына келсек, кедергісіз орта қалыптастыру бағытында партия біраз жылдан бері жұмыс жүргізуде. 2015 жылы мүге­дектерді жұмысқа орналастыру бойын­ша кешенді шаралар аясында 14 мың мүгедек, оның ішінде 6,7 мыңы тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылдың 8 айында 8 мың жарымжан жанға жұмысқа тұруға көмек көрсетілген.

2015-2016 жылдары инклюзивті білім беру 3 210 мектепте, яғни, барлық мектептердің 44 пайызында қамтылған.

Қазіргі кезде 121 колледжде (елі­міздегі барлық колледждердің жалпы саны 807) 2 464 арнайы жағдайды қажет ететін кембағал студенттер үшін барлық жағдай жасалды. 
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары Айгүл Табергенова өткен жылдан бері әлеуметтік инфра­құ­рылым­дардың мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаншалықты қолжетімді болып отырғанын анықтау барысында 26 мыңдай нысанның тексерілгенін жеткізді. Оның 17 458-інде заң талаптары сақталмағаны және жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет ететіндігі мәлім болды. 2016 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 7 780 нысанның ендігі мүгедек азаматтар үшін бейімделгені тіркелді.

– 122 объектіге әшкереленген бұзу­шылықтарды жою жөнінде ұйғарым берілді, соның ішінде 80-іне 10,6 миллион теңге сомасында айыппұл салынды. Жалпы алғанда, еліміздегі әлеуметтік нысандардың 62,1 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі бойын­ша паспортталды, – деп баяндады А.Табергенова.

Отырыста комиссия кураторы А.Нұр­кина келесі жылы Астанада «ЭКСПО – 2017» жаһандық көрмесі өте­ті­ніне және соған дейін елордаға әлемнің әр елінен келетін кемтар туристерді де қа­былдауға дайын болуға тиістігіне назар аудартты. Осы орайда Қазақстан мүгедектері конфедерациясының басшысы Жанат Омарбекова біраз келеңсіздіктерді алға тартты. Мысалға, туристік маңызы бар «Бәйтерек» кешені мен Астаналық цирктің ғимараттары мүгедектер үшін қолжетімсіз екендігі анықталып отыр.

– Қазақстан әлемдегі дамыған елдер қатарына қосылуы үшін біз озық отандық дәстүрлерді қазіргі заманғы технологиялармен қабыстыруға тиіс­піз. Мысалы, зағип жандардың мұқ­таждықтарына бейімделген бағдар­шамдарды бүкіл республика бойынша саусақпен санап шығуға болады. Кедергісіз орта туралы сөз бола қалса, көпшілік «пандустар туралы сөз болып отыр» деп санайды. Шынында, бұл ұғымның аясы кең. Көзі нашар көретін, құлағы дұрыс естімейтін жандарға да жағдай жасау қажет. Төтенше жағдай бола қалса, мүмкіндігі шектеулі жандарды эвакуациялау жоспары ескерілгені жөн, – деді Ж.Омарбекова.

Комиссияның отырысы қорытын­дысында жауапты құрылымдарға ұсы­ным-рекомендациялар берілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары