$ 448.15  483.46  4.86

ATYRAU INVEST – 2016 жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Атырауда өткен III халықаралық ATYRAU INVEST – 2016 инвес­тиция­лық форумында отандық және ше­телдік инвесторлармен өңірдің өза­ра ынтымақтастығы туралы 9 ме­морандумға қол қойылды.

Бұл құ­жаттарда қарастырылған қаржы көле­мі 205 млрд теңгені құрайды. Соны­мен қатар аймақтық инвестициялық форумда мұнай химия саласын да­мытуға арналған Atyrau Petro|Chemical Day Invest 2016 шарасы да өтті. 

Жалпы, Атыраудың инвестициялық мүмкіндігі жоғары. Ал аймақтық ин­вестициялық форум осы мүмкіндікті тиімді пайдалану мақсатын көздейді. Әсіресе, инвесторларды облыстағы нақты салаларға тарту басты мақсат. Содан да болса керек, шараға орта­лық және жергілікті атқарушы орган­дардың, ұлттық компаниялардың, дипломатиялық қызметтің өкілдері, инвестициялық мүмкіндіктері жоғары халықаралық, отандық компаниялар шақырылды. Шараны Атырау облысы әкімдігі мен «Объединенная химическая компания» ЖШС бірлесе ұйымдастырды. 

«Соңғы бірнеше жылда бұл ай­мақ инвестиция тарту жөнінен ал­дыңғы қатарға шықты. Тек биылғы сегіз айда негізгі капиталға салын­ған инвестиция көлемі 4 млрд АҚШ долларына жетті. Мұның 2,5 мил­лиарды сыртқы инвестициялық қар­жы. Қазіргі кезде облыс әлемнің 50 елімен ынтымақтастық орнатқан. Облыстағы шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар саны 700-ге жетті. Біздің облысқа инвестиция салған елдердің арасында АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Италия, Франция,Германия,Ресей, Қытай, Жапония сынды көптеген мемлекеттер бар» деді форумда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Жиынға Иран Ислам Респуликасының Қа­зақ­стандағы елшісі Моджтаб Дамирчилу, Қазақстанның іскер әйелдер қауым­дас­тығының президенті Раушан Сәрсембаева, «Қазақстан даму банкі» АҚ Басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин тәрізді бірқатар мамандар келді. 

Қазіргі кезде өңірде алты жүзден астам өнеркәсіп жұмыс істеп тұр. Олар­дың үлесі республиканың өнеркәсіптік өндірісінің 25 пайызын құрайды. Атырау жалпы ішкі өнім мен орташа жалақының көлемі жағынан да елде алдыңғы қатарда тұр. Демек, аймақтың инвесторларды қызықтыратын жөні де бар. Сол себептен шығар, форум іс жүзінде еркін пікір алмасу алаңына айналды. Жиынға қатысушылар, соның ішінде мемлекеттік секторлардың жетекшілері, компаниялардың бас­шылары, кәсіпкерлер көптеген әмселе­лерді талқылады. Форум аясында ин­вестицияны қажет ететін 50 жобаның көрмесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында био отын өндіру зауыты, логистикалық орталық құру, туристік кешен, ипподром және өзге де жобалар бар. Ал форум аясында жалпы құны 205 млрд теңге немесе 609,2 млн доллар болатын 9 меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында Атырау облысы әкімдігі мен франциялық Issmat investment&finance компаниясы арасында қуаты 80мВТ болатын гиб­рид­тік күн электр стансасын салу, Индер ауданында аумағы 40 га бола­тын жылыжай кешенін тұрғызу сынды жобалар бар. Бұлардан бөлек инвесторлар тартуға арналған бизнес орталық құру, қоқыс өңдеу зауытын салу тәрізді жобалар да талқыланып, бірлесе жүзеге асыру үшін тараптарға қол қойысты. Бұл жобалар үшін 228 млн доллар және 30 млн евро көлемінде қаржы құйылмақ. Яғни, аймақтық инвестициялық форум тек диалог алаңы ғана емес, іскерлік келісімдер жа­салатын платформа екендігін көрсете білді. 

Атырауда аймақтық ин­вестициялық форум алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Мұндай басқосулардың пайдасы аз да емес. Мәселен, 2013 жылы өткен ATYRAU INVEST – 2013 форумынан  соң аймаққа 50 млрд тең­генің ин­вестициясы тартылған болатын. 2014 жылы 19 млрд теңгенің келісім шарты жасалған еді. Ал биылғы форум ке­лісілген жобалардың құны жөнінен рекорд орнатып отыр. Бақандай 205 млрд теңге облыс эко­номикасына құйылуы мүмкін. Бұл дегеніңіз, 2013 жылғыдан 4 есе, 2015 жылғыдан 10,7 есе көп қаржы. Демек, бұл қаржы тек Атыраудың ғана емес тұтас республиканың эконо­микасына қызмет ететіні сөзсіз. Ал өңір одан әрмен гүлдене түспек.

29-30 қыркүйекте өткен аймақтың форум аясында журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырылды. Масс-ме­диа өкілдері «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы эко­но­­микалық аймағында орналасқан кәсіп­орындарды көрді. Олардың арасында полимер өнімдерін шығара­тын Polymer Production ЖШС өнімдерімен танысты. 

Форум аясында бірқатар панельдік отырыстар өтті. Мәселен, Атырау облы­сы әкімдігі іскер әйелдерді қолдау мақ­сатында «Бизнестегі әйелдердің көшбасшылығы» атты панельдік сессия ұйымдастырды. Ал кәсіпкерлер құ­қын қорғау бойынша уәкілетті өкіл Болат Палымбетов «Қазақстан мен Ресейдің кәсіпкерлер құқын қорғау саласындағы ынтымақтастығы. Ом­будс­­мен институты» деп аталатын панельдік отырысты өткізді. Уәкілетті өкіл Қазақстан мен Ресейдің кәсіп­керлер құқын қорғау саласында бір­қа­­тар табыстарға жеткенін, өзара үйлесімді жұмыс істеп жатқанын айтты. «Біздің ынтымақтастығымыз өз жемісін бере бастады. Ресейдің бизнес-омбудсмендерінің көмегінің нәтижесінде біздің бірде-бір өтінішіміз аяқсыз қалмады. Біз өзара бірлесе отырып Қазақстанда да, Ресейде де бизнестің дамуына кедергі жасайтын түрлі жайттарды еңсерудеміз» деді Болат Палымбетов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары