$ 445.66  474.58  4.78

«Нұр Отанның» талдау орталығы ашылды

Кеше «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партияның Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылып отырған орталық алдағы уақытта мемлекетіміздің жаңа саяси, стратегиялық бағыт-бағдарын жүзеге асыруға және партия қызметтеріне талдаулар жүргізіп, дұрыс шешімдердің қабылдануына ықпалын тигізетін болады. Дер кезінде құрылған құрылымды жұртшылыққа таныстыру рәсіміне Сенат және Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, халықаралық сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары және ғалымдар қатысты.

Іс-шараны «Нұр Отан» партиясы Тө­ра­ғасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед ашып, жүргізіп отырды. Сөз ба­сында Мұхтар Абрарұлы жаңа талдау ор­талығының озық әлемдік тәжірибеге сүйе­ніп құрылғанын айтты. Соның бары­сында Еуропа мен Азиядағы және АҚШ пен Ресейдегі осындай орталықтардың құ­рылу тарихы зерттеліп, жұмыстары зер­деленген. Өз сөзінде партия Төрағасының бі­­рінші орынбасары: «Белгілі «ой фаб­ри­ка­ларын» жүзеге асырудың әлемдік тәжі­ри­бесін жан-жақты зерттеу негізінде бүгін жаңа орталық өз жұмысын бастап отыр. Осы­ған орай біз әлемнің дамыған елде­рін­дегі ең жетекші партиялардың анали­ти­ка­лық құрылымдарының жұмысын сара­ла­дық. Бұл орталық Елбасымыз ұсынған қа­­лыптасқан мемлекеттің жаңа саяси, стра­тегиялық бағытын жүзеге асыруды тал­дамалық жағынан қамтамасыз ететін бо­лады. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдың 6 мамырында өткен «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев жетекші саяси күш ретінде пар­тияның идеялар генераторы болуы керек­ті­гін, ол үшін өзіндік мықты талдау орта­лы­ғын құру қажеттігін атап өтті. Бүгінде біз Ел­басымыздың тапсырмасын сәтті жүзеге асырдық деп мақтанышпен айта аламыз. Белгілі сарапшылар мен эксперттердің арқасында біздің орталық тез уақытта танымалдылыққа ие болады деп сенеміз. Қа­зірдің өзінде орталықтың өз халық­ара­лық сарапшылар кеңесі бар. Сондай-ақ он­да білікті жас мамандар жұмыс істейтін бо­лады. Мамандарды қызметке алу бары­сында бір орынға 10-15 адамнан, тіпті кей лауа­зымдарға 50 үміткерден болғаны көңіл қуан­тады. Олардың басым бөлігі «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша батыс елде­рін­дегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орын­дарында білім алған жастар» деді.

Сонымен қатар Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа орталықтың директоры болып елі­міз­дегі бірқатар саяси науқанға тәуелсіз сарап­шы қатысқан білікті маман, әлеуметтік ғылымдар кандидаты Юлия Кучинскаяның тағайындалғанын хабарлады.

Өз кезегінде Юлия Владимировна ор­та­лықтың еліміздің кемел келешегі үшін маңы­зы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде әлем бойынша 6500-ден ас­там осындай талдау алаңы бар екен. «Өз­дерінің стратегияларын жасап, әлеуметтік-эко­номикалық іс-әрекеттерін жетілдіруде, сон­дай-ақ саяси шешімдер қабылдауда сая­си партиялар талдау материалдары мен зерт­теу топтарының болжамдарына сүйе­не­ді. Енді бізде де АҚШ, Ұлыбритания, Ре­сей, Қытай, Жапония және Еуропалық Одақ­тың жетекші саяси партиялары секілді өзін­дік «ой фабрикамыз» бар» дейді Юлия Кучинская.
Сонымен қатар Орталық директоры: «Стратегиялық зерттеулер орталығының басым бағыттары: жаһандық  үдерістегі Қа­­зақстан, жаңа шынайылықтағы ақылды эко­номика, ақпараттық қауіпсіздік, мем­ле­­кеттік және саяси бағдарламалардың нә­тижелілігін бақылау, партиялық жүйенің дамуы, қоғамдық пікірге бақылау және болжау жасау. Қазірдің өзінде орталықта 30 талдаушы мен сарапшы жұмыс істейді. Олардың арасында ғылым докторлары мен кандидаттары, Ph.D докторанттары мен ма­гистранттары, «Болашақ» бағдарламасы мен Назарбаев университетінің түлектері бар. Сарапшылық қауымдастықпен бір­лес­кен жұмыс шеңберінде орталық Sarap Time пікір-сайыс және КИПР талдау клуб­та­ры­мен өзара қарым-қатынас жасайды. Орта­лық  жанында «Зерде» сараптама клубы бар. Бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қатысты өзекті сұрақ­тар бойынша ғалымдар мен сарапшылар­дың пікір-талас алаңы. Шетел мамандары­ның тәжірибелерін тарту үшін орталық жа­нында халықаралық сараптамалық кеңес құрылған. Кеңес құрамында ірі са­рап­тамалық «ой трестері» мен әлем универ­си­теттерінің, атап айтқанда, АҚШ, Ұлыб­ри­тания, Нидерланды, Ресей, Израиль, Син­гапур, Жапония және Оңтүстік Ко­рея­дан өкілдер бар» деді.

Аталған іс-шараға қатысқан Парламент Се­натының депутаты Ақан Бижанов «Нұр Отан» партиясы жанынан осындай стра­те­гиялық зерттеу орталығының ашылуы уа­қыт талабы екенін жеткізді. «Өйткені қа­зір­­гі таңдағы әлемдік экономика мен сая­саттағы болып жатқан оқиғалар және біз­дің еліміздегі жағдайлар ғылыми сарап­тауды, болжауды, сондай-ақ соған қатысты тиісті тетіктерді іске қосуды қажет етеді. Бүгінде «Нұр Отан» – еліміздің бас пар­тия­сы. Бұл өз кезегінде бізге мемлекеттік бағ­дар­ламалық құжаттардағы басымдықтарды жүзеге асыру кезінде үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте, біз әлемдегі көптеген сая­си партиялардың жетекші ғылыми ор­талықтарының тәжірибелеріне сүйеніп жұ­мыс істеуіміз керек. Соның ішінде Қы­тай сияқты алпауыт елдегі Комунистік пар­тияның тәжірибесінен көп үлгі алуға бо­лады. АҚШ, Ресей сияқты елдермен де ты­ғыз байланыс орнатуымыз керек» деген сенатор орталықта қазіргі заманғы отандық және шетелдік оқу орындарында білім ал­ған, тәжірибеден өткен жастардың жұмыс істейтіні көңіл қуантатынын айтты. Сон­дай-ақ ол осы салада ұзақ жылдар бойы жұ­мыс істеген аға буын өкілдерінің де тә­жі­рибесі назардан тыс қалмайтынын тілге тиек етті.

Осы ретте Мұхтар Құл-Мұхаммед орта­лық­тың Республика Парламентімен бір­лесіп жұмыс істейтінін айтып өтті. Соның ішінде қос Палатадағы ғылым саласын қа­тар алып жүрген депутат мырзалармен ерек­ше байланыс орнатылатынын да жет­кізді. Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Орталық бақылау кеңесінің мүшесі Серік Сейдуманов та бұл бастаманы қолдайтынын білдірді.

«Бүгінде әлемдегі талдау орталық­тары­ның жартысынан көбі АҚШ пен Еуропа ел­дерінде. АҚШ-тың бұрынғы президент­те­рінің құрметіне қорлар мен кітапханалар құру­дың мақсаты – тек жаңа басылымдар мен тарихи құжаттарды сақтау емес, бірін­ші кезекте осындай жаңа талдау орталық құру. Бұл адамзат өркениетін дамудың жаңа сатысына бағыттауға мүмкіндік береді. Қуат­ты талдау орталығы тек ел ішіндегі ға­на емес, халықаралық масштабтағы саяси жағдайларды реттеуге мүмкіндік береді» де­ген С.Сейдуманов орталықтың іске қо­сылуына үлкен үлес қосқан Мұхтар Аб­рарұлы­на зор алғысын білдірді.

Ал Ресей халықаралық істері кеңесінің са­рап­шысы, РҒА Шығыстану институты­ның ғылыми қызметкері, Орталық Азия жә­не Ауғанстан өңірлері бойынша сарап­шы Никита Мендкович қазіргі таңда әлем тап болып отырған экономикалық және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты келең­сіздіктердің алдын алуда саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының ат­қаратын рөлі айрықша екенін айтты. Сон­дай-ақ ол Қазақстан мен Ресей арасын­дағы сараптамалық диалогтың дамуына бұл орталық айтарлықтай септігін тигізетініне сенім білдірді.

Ресейлік маманның қауіпсіздікке қа­тыс­ты сөзін құптаған Парламент Сенаты­ның депутаты Мұрат Бахтиярұлы еліміздегі әлеуметтік мәселелердің оң шешілуінде  бұл орталықтың үлесі көп болатынына назар аударды. Депутаттың сөзіне қара­ғанда, еліміздің батыс өңірлеріндегі діни мә­селелердің алдын алу үшін осындай ор­талықтардың жұмысын жандандыру керек. «Бұл ретте аға ұрпақ қашанда өз тәжі­ри­белерімен бөлісіп, көмек қолын созуға дайын» деді М.Бахтиярұлы.

Орталықтың дер кезінде құрылып, жұ­мысын бастап отырғанын айтқан Л.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­си­тетінің ректоры Ерлан Сыдықов: «Қоғамда лидер атану үшін әр партияда біріншіден, мықты бастауыш партия ұйымдары, екін­шіден, бұқаралық ақпарат құралдары, үшін­шіден, талдау орталықтары болуы ке­рек. Осы уақытта ғана келешегімізді дұ­рыс бағдарлай аламыз. Сондықтан бүгінгі ор­талық дер кезінде ашылып отыр. Сон­дай-ақ бұл орталықтың тағы бір басым­ды­ғы, оның Елбасы, партия лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ашылуы. Меніңше, алдағы уақытта мұндай ор­талықтар бірнеше бағытта құрылып, ау­қымын кеңейтуі керек. Оған еліміздегі жо­ғары оқу орындарының, соның ішінде Еура­зия ұлттық университетінің білікті про­фессор ғалымдары өз тәжірибелері ар­қылы қолдау көрсетуге дайын» деген Е.Сыдықов Елбасының бұл тапсырмасынан үл­кен көрегендікті байқауға болатынын айт­ты. 

«Алдымызда «100 нақты қадам» – Ұлт жос­парына сәйкес көптеген міндеттер тұр. Со­ларды жүзеге асыру барысында жұмыс­тар­ды жүйелі жүргізуде осындай орталық­тар­дың көмегі зор болмақ. Алдағы уақытта еліміздің президенттік-парламенттік жүйе­ге көшуі жоспарланғаны да белгілі. Сол кезде партиялар арасындағы бәсеке­лес­тік­тің күшейетіні түсінікті. Соған қазірден әзір болу үшін «Нұр Отан» партиясы тара­пы­нан осындай қадамдардың жасалуы маңызды» дейді ЕҰУ ректоры.

Өз кезегінде «Тұран» университетінің рек­­торы, Жоғары оқу орындары ас­соция­ция­сының президенті Рахман Алшанов та орталықтың еліміздің жүйелі дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Сондай-ақ жиын барысында Қазақстан Рес­публикасы Президенті жанындағы Қа­зақстан стратегиялық зерттеулер инс­титу­тының директоры Ерлан Қарин де аталған іс-шараға қатысты өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде: «Соңғы Парламент сайлауының өт­кеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Со­дан бері «Нұр Отан» партиясының қоғам­дық-саяси деңгейдегі белсенділігінің арт­қанын байқаймыз. Бұл әрине, көңіл қуан­тады. Себебі, партия тек сайлауалды нау­қан кезінде ғана емес, барлық уақытта осы­лай сайлаушылармен тығыз байланыста жұ­мыс істеуі тиіс» деді.

Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы Әлеуметтік серіктестік орталығының директоры Нұрлан Ерім­бе­тов өз тәжірибесімен бөлісіп, осындай ор­талықтардың медиаторлық қабілетке ие болуы керектігін айтты. Одан бөлек, қазіргі ақ­параттық ағынға белгілі бір деңгейде ба­қылау орнату керектігіне де назар аударып: «Еліміздегі ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруымыз керек. Қазіргі ақпараттарға қарасақ, Қазақстанда қылмыс көбейіп, қанды оқиғалар артқандай әсер аламыз. Ал шын мәнінде, олай емес. Тіпті КСРО ке­зін­­дегімен салыстырсақ, бүгінде қылмысты оқиғалар бірнеше есеге азайған. Алдағы уа­қытта орталықтың осы мәселені де ес­кереді деп ойлаймын» деді.

Осы ретте партия Төрағасының бірінші орын­басары медиатор мәселесінің өте орын­ды көтерілгеніне назар аударды. Се­бебі, кейбір адамдар қанша жерден білікті, кә­сіби деңгейі жоғары болғанымен, ора­тор­лық қабілеті төмен болуы мүмкін. Сон­дықтан кез келген басшылық қызметке қа­былдамастан бұрын ол үміткердің қоғам­дық процестердің ортасында жүріп, сол оқи­ғаны халыққа түсіндіру барысында бі­лік­тілік таныта білетін маман екеніне көз жеткізу керектігін айтты.

Жаңа орталықтың тұсаукесер рәсіміне қа­тысқан белгілі қоғам қайраткері, «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төра­ға­сының орынбасары Мұрат Әбенов дәл қазіргі кезде осындай талдау орталығы аса қажет құрылым екеніне тоқталып: «Кейде кейбір әлеуметтік жағдайларға қатысты нақты деректер жетіспей жатады. Сондай сәттерде мемлекеттік органдардың ұсынған ақпараттарына сүйеніп шешімдер қабыл­да­нады. Соның салдарынан қателіктерге бой беріп жатамыз. Осы ретте алдын ала жоспарлау, қоғамның қалай қабылдайтыны туралы болжау жасау жұмысты жеңілдеткен болар еді» деді.
Шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» партиясының саяси талдау жә­не стратегиялық зерттеулер орталығы­ның бірқатар білікті мамандарымен таныстырып өтті. Олардың арасында ор­талық директорының орынбасары, тарих ғы­лымдарының кандидаты Серік Қож­ке­нов сынды тәжірибелі мамандармен қатар, Ұлыбритания, Қытай, Франция, Германия және Ресей мемлекеттерінің алдыңғы қа­тар­лы оқу орындарында білім алған та­лант­ты жастар да бар. Осындай білікті маман­дар­дан жасақталған орталық алдағы уа­қыт­та еліміздің гүлденіп, көркеюіне өз сеп­тігін тигізетін болады.

Жиын барысында жаңа орталықтың жұ­мысы жөнінде арнайы бейнеролик көр­сетілгенін айта кетейік. Сондай-ақ партия Тө­рағасының бірінші орынбасары барша қа­тысушыларды ел мүддесі жолында бір­лесіп жұмыс істеуге шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары