$ 444.22  476.38  4.82

Жүгері өндірісі қайта жанданып келеді

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту – аграрлық сая­саттың маңызды бағыты. Себебі, ел экономикасын дағдарыс жағда­йы­нан алып шығатын негізі күш – дәл осы ауыл шаруашылығы саласы.

Ауыл шаруашылығы өн­дірісінің қарқынды өсуі – бұл саланы тиімді бизнес көзіне ай­налдырып, оған инвести­ция­лық ағымдарының құйылуына сеп­тігін тигізеді. Ол үшін, әрине, өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру да керек болады. Бұл процесс өндіріске инно­вацияны, ғылымды енгізгенде ғана жүзеге асатыны белгілі. Осы ретте Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы аграрлық секторды дамыту, аймақ эконо­микасын жандандыру, өндіріс, ғылым, білім интеграциясын жүзеге асыру мақсатында фер­мерлер, кәсіпорын, шаруа қожалықтарымен бірлесе елеулі жұмыстар атқарып келеді. 

Қазақ ұлттық аграрлық университеті Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкім­дігімен «Нұр-Агро» ЖШС «Будан» ЖШС-мен бірігіп күздегі егін жинау науқанындағы «Алқап күні» аясында «Жүгері өндірісінің ағымдағы жай-күйі және даму перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжіри­белік конфе­ренция ұйымдас­тырды. Конфе­ренция жұмысы ашық аспан астында, «Нұр Агро» қожалығы­ның жүгері алқабында өтті. Шараға Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінің ректоры, академик Тілектес Есполов, Алматы об­лыстық ауыл шаруа­шылығы бас­қармасының бас­шысы Сек­сембай Бекішов, Еңбек­шіқазақ ауданының әкімі Биналі Ысқақ «Нұр Агро» ЖШС директоры Кәрім Құдайбердиев, «Будан» ЖШС директоры Еркін Шакеев пен ғылыми институт қыз­меткер­лері, ғалымдар, агро­номдар және Венгрия, Украина елдерінен келген қо­нақтар да қатысты. Конференция бары­сында Қазақстандағы жүгері өндірісі, өндіріске инновацияны енгізу, жаңа будан түрлері, өнім көлемін арттыру үшін жаңа бағдарламалар әзірлеу сияқты тақырыптар талқыланып, жүгері алқаптары мен өнім шығаратын зауыттың жұмысы танысты­рылды.

Жиында белгілі ғалымдар, аграрлық сала мамандары, Вен­грия және Украина елдерінен кел­­ген білікті ғалымдар ауыл шаруа­­шылығын жаңа бағытта да­мыту жөніндегі пікірлерімен бө­лі­сіп, тәжірибелерін ортаға салды:

Тілектес ЕСПОЛОВ,

ҚазҰАУ-дың ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор: 

– Қазақ ұлттық аграрлық университеті Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданымен бірлесе жұмыстар атқарады. Оқу орнының ғалымдары инновациялық технологияларды өндіріске енгізу, өнім көлемін арттыру сияқты мәселелерде фермерлерге консалтингтік көмектер көрсетеді. Осы ауданда Қазақстанда өндірілетін жүгері өнімдерінің 60 пайызы шығарылады. Облыстағы 5 ауданның 76 мың гектардан аса жеріне жүгері дақылдары отырғызылған. Бүгінгі конференция жұмысын дәл осы Еңбекшіқазақ ауданында өткізуіміздің де өзіндік себебі бар. Осы ауданда орналасқан «Будан» және «Нұр-Агро» қожалықтары – еліміздегі жүгері өндірісі бойынша ең үздік кәсіпорындар. Мұнда жүгері будандарының 20-дан аса түрі өндіріледі және заманауи озық технологиялар қолданылады. Сондықтан өзге де тауар өндірушілер, фермерлер осы шаруашылықтың жұмысымен танысып, болашақта өндіріс сапасы мен көлемін арттырады деген ниеттеміз. 

Жуырда Алматы облысына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келіп, аймақтың аграрлық секторына оң бағасын беріп кетті. Бұл – аудан үшін үлкен жетістік. Біз одан әрі өнім көлемін арттырып, ел экономикасын дамыту үшін фермерлермен бірге әлі көп жұмыстар атқаруымыз керек. Мұнай мен шикізатқа деген әлемдік бағаның күрт құлдырауын ескерсек, Қазақстан экономикасының ең перспективалы салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап көрсете аламыз. Ауыл шаруашылығы елдің экономикалық дағдарыстан шығуына жол ашып, экспорттық стратегияны әртараптандыру үшін жаңа серпін бере алады. Қазақстанның әлемдік нарықта азық-түлік өндіретін жетекші елге айналуына барлық мүмкіндігі бар. 

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жандандыру арқылы біз өз-өзімізді қажетті технологиялармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының дамуына жол ашамыз. 

Андраш ГЕЗА,

Marton Genetics «Базишмаг» компаниясының өкілі (Венгрия):

– Осыдан шамамен 60 жыл бұрын Еуропаның жүгері шаруашылығында үлкен жаңалық болды: алғаш рет Мартонвашардағы аграрлық ғылыми-зерттеу орталығында жүгерінің алғашқы буданы жасалынды. Одан кейін буданның бұл түрі одан әрі дамып, ғылым мен өндірісте жетістікке жетті. Жалпы, жүгері өсіру үшін климаттың жылы болғаны дұрыс. Біздің ғалымдар ауа райы жағдайына бейімделетін жүгерінің жоғары сорттарын жасаудағы еңбегі де орасан зор. Соның арқасында біз өте көп көлемде өнім алып, оны өзге мемлекеттерге экспорттаймыз. Соңғы он жыл ішінде біздің тұқымдар Ресейде, Украина, Хорватия, Түркия, Румыния, Болгария және Польшада, Франция мен Испания елдерінде өсіріледі. Венгриялық жүгері сорттарының 20-дан астам түрі осы Қазақстанда да өсіріледі.

Бүгін жүгері алқабын аралау барысында бір байқағаным, сіздер әлі күнге дейін дәстүрлі суару әдісін пайдаланады екенсіздер. Суарудың бұл әдісінен гөрі, тамшылатып суарған тиімдірек. Тамшылатып суаруда ең алдымен жер құнарлығын жоғалтпайды, оның үстіне дәстүрлі суарудан 2-3 есе аз су жұмсалады және топырақтың құнарлылығын арттыратын тыңайтқыштар сумен бірге ағып кетпей, алқапта қалады. Нәтижесінде, шығын аз кетіп, өнімді молырақ алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Біздің гибридтерді тәжірибеден өткізу, Қазақстан климатына бейімділігін тексеру үшін біз қазақстандық фермерлермен бірлесе жұмыс жасауға дайынбыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары