$ 439.43  473.31  4.82

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» пайда көзіне айналуы тиіс

Қазақстанның алға қойған межесі – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Әрине оған жету үшін, елімізге озық технология, экономикалық секіріс қажет.

Ол үшін ел экономикасына айрықша серпін беретін көліктік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту негізгі мәселе болмақ. Бұл жөнін­де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдар­ламасында баса назар аударғаны белгілі. Онда 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі екі есеге жоғарылайтыны, ал 2050 жылға қарай бұл көлем 10 есеге өсуі ықтимал екендігін айтқаны белгілі. Бір ескерте кететін жайт, зерттеулер қорытындысына қарайтын болсақ, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азия – Еуропа бағытындағы транзиттік ағымдар 330-400 млрд АҚШ долларына бағаланады, оның 20 пайызға жуық көлемі Ресей Федерациясы және Қазақстан территориясы арқылы өтуі тиіс екен. Бірақ алуан түрлі себептерге бай­ланысты Қазақстан бұл мүмкіншіліктің 10 пайызға кем көлемін пайдалануда. Демек, біз қолдан шығарып алған мүм­кіндікті қалпына келтіруге тырысуымыз қажет. Шындығына келетін болсақ, біз қаласақ та, қаламасақ та әлемнің және аймақтардың даму үрдісінен тысқары қала алмасымыз анық. Мысалға, бұл мәселе Елбасының елді дамытуға арнал­ған «100 нақты қадам» бағдарламасының 65-қадамында нақты көрсетілген. Нақтылайтын болсақ, Елбасы «Қазақ­станды халықаралық көлік – коммуни­кациялық ағымдарға интеграциялау. «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске қосу. Ол Азиядан Еуропаға жүктер транзитін кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көлік дәлізі: бірінші бағыт – Қазақстан аумағы арқылы Ресей Федерациясына және одан әрі Еуропаға өтеді. Екінші бағыт – Қазақстан аумағы арқылы Қорғастан Ақтау портына, одан әрі Каспий теңізі мен Әзербайжан, содан соң Грузия арқылы. Жобаға болашақта 2014 жылдың аяғында құрылған Азия инфроқұры­лымдық инвестициялар банкін тарту» деп бағыттарды белгілеп беріп отыр. Шын­дығында алдағы уақытта Қазақстан тер­риториясы арқылы өтетін халық­аралық көлік дәліздерінің дамуы үш бағытта болмақшы: Ресей, Еуропа мен Балтық елдері, Қытай, Жапония және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттері, Иран және Түркия. Егер осы дәліздерді қажетімізге сай пай­далана алсақ, Қазақстан толағай табысқа кенелері хақ. Сонымен қатар ел эконо­микасының дамуына серпіліс әкелмек. Қысқасы еліміз үшін Азия мен Еуропаны байланыстыратын трансконтиненталды халықаралық көлік – коммуникациялық ағымдарға интеграциялану басты мәсе­лелердің бірі. Ұзақ жылдар бойы Орталық Азия, оның ішінде, Қазақстан да әлемнің ірі елдерінің объективінде болып келеді және келешекте де солай болатыны анық. Себебі, жаһандану үрдісі, шикізіт пен тауарға сұраныс, жұмыс күші мен техно­логияның қозғалысы, инновация ізденіс пен дамудың және шиеленістің көзі мен кілті болатыны сөзсіз. Мәселен, 1999 жылы АҚШ конгресі «Жібек жолы стратегиясы туралы» қаулы қабылдады. Бұл АҚШ-тың ықпал ету аймағын ұлғайтуды һәм экономикалық мүддені көздеген жоба еді. Бірақ бұл әртүрлі себептермен жүзеге асырылмады. Ал 2013 жылдың 16 қыркүйегінде Назарбаев университетінде сөйлеген сөзінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың Ресей мен Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтасуды тереңдетудің жаңа формасы ретінде «Жібек жолы бойындағы экономикалық белдеу» құру идеясын көтерді. Бағдарлама мынадай бес пункт­тен тұрады: Бірінші, аймақ мемлекеттерін саяси салада үйлестіруді күшейту; екінші, біртұтас жол желісі құрылысын қарқын­дату; үшінші, сауда кедергілерін жою жолымен сауданы дамыту, инвести­ция мен сауда шығындарын азайту, аймақ­тағы экономикалық операциялар сапасы мен жылдамдығын арттыру; төртінші, ұлт­тық валютамен есептесуге көшу арқылы оның легін ұлғайту; бесінші, Халық дип­ломатиясы рөлін күшейту, аймақ елдері халықтары арасында тіке­лей байланысты ұлғайту. Біз үшін бұл жерде маңызды мәселе не? Атап айтар болсақ, біріншіден, ынтымақтасуды тереңдетуді аймақ елдерінің ішкі ресурсы есебінен жүзеге асыруды көздейді. Осыған дейін бас­талып, жүзеге асырылу үстіндегі жал­пы ұзындығы 8445 шақырымдық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы аталған бағдар­ламаның құрамдас бөлігіне айналуда. Қорғастан басталып Қазақстанның бес облысы арқылы өтетін 2787 шақырымдық халықаралық жол, одан әрі Ресей жерімен 2233 шақырымға созылып Еуропаға енеді. Қысқасы, жүк тасымалдау мен жүк транзитін кедергісіз жүзеге асыру Қа­зақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа нарық іздеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, сауда кедергілері жойылып, мемлекетаралық сауданы дамыту мен нормативті құжаттарды үйлестіру, ауқымды инвестиция тарту қажеттілігін тудырады. Үшіншіден, елімізде халықаралық көлік дәлізі бойында жаңа инфрақұрылымдар қалыптасады. Бұл талап пен сұранысқа және жаңа халықаралық стандартқа сай жұмыс орындарын ашу, қызмет көрсетуді жетілдіру, қажетті мамандар дайындау мәселесін алдыңғы орынға шығарады. Десек те, Қазақстан халықаралық көлік дәлізінде тек транзиттік қызмет көрсету рөлімен шектеліп қала алмайды. Әлемдік нарыққа сай, сұранысқа ие өнім шығару – басты мәселе. Осы жағдайда, елде отандық өндірушілерді қолдау, бәсекеге қабілетті өнім шығару, кәсіпкердің қарым-қабілеті мен шынайы бейнесін қалыптастыру, оларды ынталандыру күн тәртібінен түспек емес. Еске сала кетер болсақ, көршілес отырған елдердің барлығында мемлекеттік көлік жолдарын дамытуға арналған өзіндік бағдарла­малары баршылық. Мәселен, Ресейдің «Транссібір магистралы», Моңғолияның «Далалық жол», Қытайдың транскон­тиненталдық «Жібек жолы бойындағы экономикалық белдеу», Оңтүстік Кореяның «Еуразиялық Жібек жолы» халықаралық көлік жолы бағдарламалары бар. Демек, Елбасы көтеріп отырған «Еуразиялық трансконтиненталдық дәліз» мультимоделдік көлік дәлізін құру жөніндегі жоба осы жобалардың құрамдас бір бөлігі болып табылары хақ. Егер «100 нақты қадамның» 65-қадамы алдағы уақытта жүзеге асатын болса, еліміздің экономикасында үлкен бір секіріс болмақ деп сенімді айтуға болады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары