$ 444.22  476.38  4.82

«Нұр Отан» өкілдері Алматы облысының кәсіпкерлерімен кездесті

«Нұр Отан» партиясы жанындағы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшелері Алматы облысында іссапармен болды.

Республикалық қоғамдық кеңестің 2016 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, алдағы қазан айындағы отырыста салықтық және кедендік әкімшілік ету саласындағы мемлекеттік қызмет көрсе­тудің сапасы мен қолжетімділігін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтеу қо­ры­тындыларын қарастыру жоспарланған. 

Осыған байланысты құрамына «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кі­ріс­тер комитетінің, «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының, прокуратура және мемлекеттік қызмет және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агент­тігінің аймақтық бөлімшелерінің жауапты қызметкерлері енген жұмыс тобы құрылған болатын. Осы жұмыс тобы Ал­маты об­лысында іссапармен болып, бір­не­ше ны­санның жағдайымен танысты. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық кеңес мүшесі Омархан Өксікбаев бастаған жұмыс тобы «Алтынкөл» кедендік бекетінің «Қалжат» бақылау-өт­кізу пунктінде болды. Омархан Нұртайұлы атап өткендей, жұмыс тобының «Қалжат» бақылау-өткізу пунктіне келудегі мақсаты – мемлекеттік кірістер органдарының мем­лекеттік қызмет көрсету сапасы мен қол­же­тімділігін зерделеу.

Жұмыс тобы санитарлық бақылау, ве­те­ринарлық бақылау, фитосанитариялық ба­қылау және көліктік бақылау сынды жүктерді ресімдеу қызметтерінің жұ­мы­сымен танысты. Сондай-ақ, мемлекеттік кірістер органдарының қызметтерінде пай­даланылатын мобильді ақпараттық-тексеру кешендері және ақпараттық жүйелерге на­зар аударды. Кедендік ресімдеуден өтіп жатқан жүк көліктерінің жүргізушілерімен және олардың кедендік өкілдерімен (бро­керлер) тілдесіп, кеден органдарына қа­тысты ескертпелері мен ұсыныстарын жа­зып алды. 

Алматы облысының кәсіпкерлерімен кез­десу барысында салық және кедендік әкімшілік саласына қатысты бизнес өкіл­дерінің пайым-пікірлері тыңдалды. Ашық диалог алаңына айналған жиында кәсіп­кер­лер өз көзқарастарын ашық айтты. Кө­терілген мәселелердің көбісі салық төлеу жүйесін жетілдіруге және жеке шаруа­лар­дағы қиындықтарға қатысты болды. «Нұр Отан» партиясының орталық аппарат қыз­меткерлері барлық ескертпелер мен ұсы­ныстарды жазып алып, жоғарыға жеткізуге уәде берді. 

«Нұр Отан» партиясы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, қазына қаржысының тиімді жұмсалуын бақылауды да барынша күшейтіп отыр. Әсіресе, «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған нысандарға баса назар аударады. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының орталық аппарат қызметкерлері құрылысы осыдан төрт жыл бұрын басталғанына қарамастан, әлі күнге аяқталмай отырған жол мен Тал­дықорған қаласындағы қолданысқа беру мерзімі келгеніне қарамастан әлі қабыр­ғасы да қаланбаған 5 үйдің жағдайына зер салды. 

Жертөлесі ғана құйылған 5 тұрғын үй­дің құрылысы жыл соңына таман қайта қол­ға алынуы мүмкін. Құрылыстың кеше­уіл­деуі осы ауданның инфроқұрылымын жақсартуға кедергі келтіруде. Жұмысқа салғырт қараған бұрынғы мердігер меке­меге қатысты сот үкімі шығып, жобаға бөлінген қаржы қайтарылып, 290 пәтерлі үйлердің жобалық-сметалық құжаттары қайта жасалыпты. Енді үй құрылысын жал­ғастыруға ниетті компанияларға тендер жарияланбақ. Сонымен бірге, нысанның жобалық құны да қайта қаралады. «Бәй­те­рек» АҚ салынатын үйдің әр шаршы метрін 140 мың теңгеден асырмаймыз деп отыр. Нысан құрылысы «Нұрлы жол» бағдарла­масы аясында қайта жанданады. 

Құрылысы жырға айналған тағы бір жоба – Талдықорған мен Балпық би кенті арасындағы жаңа автожол. Небәрі 24 ша­қырымға созылатын жолды төсеу төртін­ші жылға созылып барады. «Қазавтожол» компания өкілінің айтуынша, осы жылдың соңына таман негізгі бөлігі аяқ­талады деген үміт бар. Бірақ толығымен аяқталмайды. Бақтыбай ауылы мен аудан орталығын кесіп өтетін жолды жөндеу ке­лесі жылға қалады. 

Партияның орталық аппаратынан кел­ген өкілдер Жамбыл, Қарасай, Іле аудан­да­рын да аралап, «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы аясында атқарылған жұмыстарды кө­ріп шықты. Бұл қатарда жуықта қолда­нысқа өткен мектептер мен балабақшалар бар. 

Жамбыл ауданындағы Жаңақұрылыс ел­дімекенінде жаңа оқу жылы пайдалануға берілген мектеп 600 орынға арналып, «Нұр­лы жол» бағдарламасымен салынған. Білім ордасында отыздан астам оқу бөлмесі, муль­тимедиялық, лингафон және ин­фор­матика кабинеттері, 130 орындық асхана, 200 орындық мәжіліс залы тағы бар. Ұл­дарға бөлек, қыздарға бөлек шеберхана сыныбы ашылған. Онда шәкірттер қолөнер үйренеді. 

Мемлекеттік бағдарлама арқылы са­лын­ған тағы бір нысан – Қарасай ауда­нын­дағы Қырғауылды ауылында орналасқан «Ақ көгершін» атты 320 орындық балабақша пайдалануға берілісімен Алматының ірге­сіндегі ауыл тұрғындарының өзекті мәсе­лесі шешілді.

«Нұрлы жолдың» қызығын шиеліктер де көріп отыр. Бұл бағдарлама әсіресе, аудандағы үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге ықпал етіп отыр. Боралдай кен­тін­дегі 600 орындық жаңа мектеп 1,5 миллиард теңгеге тұрғызылыпты. Жаңа техноло­гия­мен жабдықталған заманауи білім оша­ғында сапалы білім алуға қажетті жағдай­дың бәрі бар. Ғимаратта 36 кабинеттен бө­лек, түрлі оқу залдары жасақталған. 

Бірнеше күн Алматы облысын арала­-ған жұмыс тобы өңірдегі «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша атқарылған жұмысқа оң баға берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары