$ 441.66  475.14  4.86

Шағын несиеден шаруалар үмітті

9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі деп атап өтті.

Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, әсіресе ауылшаруашылық кооперацияны дамыту және экспорттық әлеуетті әртараптандыру бойынша тапсырмалар берді. 

Былтыр кәсіпкерлерге жалпы сомасы 120 млрд теңге болатын 567 000 шағын несие берілгенімен, ауылдардағы бизнестің дамуы дәл осы шағын несиелеудің дамы­мағандығы салдарынан тежелген. Қазір ауылдық жерлерде Қазақстан бойынша тек 75 ШНҰ жұмыс істейді. 

«Атамекеннің» барлық аймақ­тары мен аудандарда өкілдіктері бар: ел көлемінде Кәсіпкерлерге қыз­мет көрсететін 23 негізгі орта­лық және аудандар мен шағын қала­ларда 188 Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары жұмыс істейді. Қа­рағанды облы­сында негізгі орталық біреу, ал аудандар мен моноқала­ларда 17 орталық бар. Олар облыс­тық Кә­сіпкерлер палатасы филиал­дарында орналасқан. Қарағанды облысында шағын несие беретін 29 ұйым және 12 несие серіктестіктері бар. 

Ұлттық палата ең алдымен шағын несиелеу жүйесін жетілдіруді қолға алмақ. Қазіргі таңда бизнеске арналған шағын несиелер «Биз­нестің жол картасы – 2020» – 6% жыл­дық мөлшерлемемен 10 млн теңгеге дейін, «Жұмыспен қамту­дың жол картасы – 2020» – 5 пайыз жыл­дық мөлшерлемемен 3 млн тең­геге дейін бағдарламалары ая­сында және «ҚазАгро» холдингі Шағын несие ұйымдары (ШНҰ) ар­қылы – 9,5/12 пайыз жылдық мөлшер­ле­мемен 3 млн теңгеге дейін бері­леді.

Бұл бағдарламалар аса тиімді болғанымен, кәсіпкерлер кепіл­дікпен қамтамасыз ету, жинайтын құжаттардың тым көптігінен және жобаны аяғына дейін қолдап, іске асыруға жағдай жасалмағандықтан көп кедергіге тап болуда. Айталық, «Бизнестің жол картасы – 2020» бойынша шағын несие алу үшін бас-аяғы 13 құжат өткізу керек.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 342 шағын несиелеу ұйымы (ШНҰ) жұмыс істейді, негізінен, белсенді қызмет көрсететін – «КМF (КМФ) шағын қаржы ұйымы» ЖШС. Бұл ұйымды бастапқыда USAID қар­жыландырса, бүгінде қазақстандық құрылтайшылар сатып алған. 

Кәсібін енді бастаған кәсіп­керлер үшін мұндай ұйымдардың ақшасына қол жеткізу әсіресе қиын, өйткені олардың жылдық үсте­мелері орта есеппен 40%-дың айналасында. 
Осы жағдайды ескере отырып, биыл «Атамекен» ҰКП шағын не­сиелеу бойынша жаңа жоба бас­тады. Әзірге 5 аймақта – Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай және Маңғыстау облыстарында жеке инвестицияларды тарту және жергілікті бюджет қаражатының есебінен шағын және орта бизнеске несиелер беріліп жатыр.

«Атамекеннің» бұл жобасының артықшылығы ең алдымен кепіл­дікке мүлік қою талаптары бойынша айтарлықтай жеңілдіктер жасалған, сонымен қатар жоба аясында кәсіпкерлерді оқытып, кәсібін іске асыру бойынша бастан-аяқ қолдау көрсетіледі, тіпті қаржыландырудан кейін шығарылған өнімді өткізу жолдарын қарастыруда қолғабыс көрсетеді. 

Ұлттық палата шағын несие­лерінің көлемі 15 млн теңгеге дейін, жылдық үстеме мөлшері 6%, кә­сіптің қай салада іске асыры­латы­нына талап қоймай, 5 жылға қаржы береді. Атап өтетін тағы бір ерек­шелік – шағын несиені алу үшін кәсіпкер небәрі 5-6 құжат тап­сырады. 

«Қандай несие алған тиімді? Бизнес-жоспарды қалай жасайды? Бухгалтерлік есепті қалай жүргі­земін?» деген сұрақтарыңыз болса, аталған орталықтардың қызметіне жүгінуге болады. Қажетті құжат­тарды ресімдеу де осында жүзеге асады. Қызметтердің барлығы тегін көрсетіледі» дейді Қарағанды об­лыстық Кәсіпкерлер палата­сының баспасөз қызметі. 

«Атамекен» КП шағын несиелеу жобасы аясындағы қаржыға алдағы уақытта Қарағанды облысының кәсіпкерлері де қол жеткізеді.

Сонымен, қазіргі уақытта «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «ҚазАгро» сияқты ұйымдардың шағын несие беру бағдарламаларын жетілдіру үшін мына шараларды іске асыруды ұсынып отыр:

– сомасы, пайыздық мөл­шер­лемесі, кепілдік қою және талап етілетін құжаттар бойынша «Ата­мекен» ҰКП шағын несиелеу тәжірибесін қолдануды;

 – сервистік қызметтер (бух­галтерлік, заңгерлік және тағы басқа), жобаны сүйемелдеу, бизнес-жоспар жасау, оқыту жұмыстарын мемлекет тарапынан «Атамекенге» жүктеуді; 

– «Атамекен» шағын несие­леудегі қазіргі тәжірибесін негізге ала отырып, ҚР Президенті нұсқа­уымен 2017 жылы елдегі кәсіп­керлікті дамытуға бөлінетін 10 млрд теңгені игеруге дайын. 

Ұлттық палата осы ұсыныстар Мемлекет басшысы тапсырма­ларына, сонымен қатар Қазақ­стан­ның әлемдегі ең дамыған 30 ел қатарына ену стратегиясына және Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы стандарттарын елімізде енгізу шараларына толық сәйкеседі деп санайды. Осы шараларды Үкіметтің жоспарына енгізуді ұсынып отыр. 

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 10 қадамды ұсынды. Олар: шағын несиелеу жүйесін жақ­с­арту, халықты жаппай кәсіп­керлік негіздеріне оқыту, ауыл­шаруа­шылық кооперцияларын дамыту, бәсекеге қабілетті бизнесті ұзақ­мерзімді мемлекеттік тапсырыстар есебінен қолдау, шағын және орта кәсіпкерлікті экспортқа бағыттау – экономика өсімінің негізі, «Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы» – индустриялық және инвестициялық шешімдер құралы, «Үкімет бизнес қызметінде» сер­висін құру, мемлекеттік орган­дардың бақылау-қадағалау функ­цияларын қайта реттеу, қылмыс­тық және әкімшілік заңнаманы одан әрі ізгілендіру, барлық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдардың ведомстволық және еншілес құрылымдарында нарық қағидаттарының сақталуына байланысты ревизия жасау.

«Атамекен» ҰКП алдағы уа­қытта мемлекеттік органдармен бірге ұсыныстарды талқылап, жетілдіруге атсалысуға, сондай-ақ егжей-тегжейлі тетіктерді, қажетті есептеулерді, нормативтік-құ­қықтық актілерді өзгерту жөніндегі жұмысқа кіріспек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары