$ 443.44  480.51  4.88

ОҚО-ның индустриалдық аймақтарында 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылған

Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да бүгінгі таңда 7 индус­триалдық аймақ табысты жұмыс істеп ке­леді.

Олардың қатарында облыс орталығы Шымкент қаласынан бө­лек, Кентау, Түркістан қала­лары мен Созақ, Түлкібас, Мақ­таарал, Казығұрт аудандарында жүзеге асқан аймақтар да бар. Сондай-ақ өңірде 4 индус­триал­дық аймақ инфрақұры­лымының құрылысы жүргізілуде. Бұл ту­ралы Оңтүстік Қазақстан облы­сының әкімі Б. Атамқұлов об­лыс­тық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясында өзіне жүк­телген функциялар мен мін­деттердің орындалуы, яғни облыстың әлеуметтік- экономи­калық дамуы барысында депутат­тардың алдында жасаған есебінде мәлімдеді. 

Өңір басшысы индустриалдық аймақтарда 52 жобаның іске асып, 4 025 жұмыс орнының құрылғанын айтады. Олардың қатарында 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құруды жос­парлаған «Индустриалды-инно­вациалық даму» бағдарламасы да бар. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері 2 жоба жүзеге асыпты. Нәтижесінде 74 адам жұ­мыспен қамтылған. Екі жобаның бірі жаңадан ашылған тез даяр­ланатын тағам өнімдерін шығаратын Lotus Food Company LLC ЖШС болса, екіншісі өсімдік майын өндіретін «Шым­кентмай» АҚ өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша 26 адамды жұмысқа тартты. Бағдарлама аясында жүзеге асқан жобалардың нәтижесінде мемлекет қоржы­нына түскен салық көлемі өткен жылғыдан 804 миллионға кө­бейген. Сонымен қатар өңірімізде жарты жылда 384 миллиард тең­генің өнімі өндіріліпті. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысы өсім бойынша республикада алдыңғы қатарға шығып отыр. 
Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы аймақта ауылшаруашылық са­ласына да айрықша ден қойыл­ғанын атап өтті. 

– Өңіріміздің аграрлы екенін ескере отырып, ауыл шаруашы­лығының дамуына ерекше назар аударып келеміз. Бұл саланы қолдауға жалпы 29 млрд теңге бағытталып отыр. Аталған қаржыға егіс көлемін ұлғайту, иесіз жерлерді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суғару әдісін кеңінен енгізу, жылыжай және қарқынды бау құрылыстары, мал басын асыл­дандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жарты­жылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгені құрап, 2 пайызға артты. Бидайдың орташа өнімділігі биыл 22 центнерді құрап, алғаш рет рекордтық өнім алынды, – деді облыс басшысы. 

Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құраған. Бүгінде суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игеріліп жатқан. Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың, көкөністен 811 мың, бақшадан 1 252 мың және кар­топтан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналған. 

Оңтүстікте тамшылатып су­ғару әдісі де ерекше қарқынмен дамып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл әдіс биыл қосымша 6000-ға жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жеткен. Бүгінде тамшылатып суғару әдісінің республикадағы үлесі – 73 пайыз. 

Сонымен бірге, жылыжайлар қатары жылдан-жылға көбеюде. Биыл оның қатары 72 гектарға толығып, қазіргі таңда респуб­ликадағы үлесі 87 пайыз болды. Бүгінде оңтүстіктегі жылыжайлар көлемі 1 098 гектарға жетті. Аталған жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Ал терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгізілген.

Айта кетейік, аймақта кәсіп ашатындарға «Ырыс» микро­қаржы ұйымы төмен пайызбен несие береді. Аталған несие ұйымы жыл басынан бері фермерлердің 486 жобасын 1,2 млрд теңгемен қаржыландырған. Аймақта биыл «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламала­рымен 35 мыңнан аса мал басы сатып алыныпты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына орай 4000-нан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 47 кооператив құрылып, 9 МТС ашылған. 

– Өңірдегі негізгі басымды бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Бұл мақсатта «Ontustik Invest – 2016» халықаралық ин­вестициялық форумы өткізіліп, Еуропа және Азия елдеріне ресми іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде бүгінгі таңға ше­телдік инвесторлардың қаты­суымен құны 2 млрд АҚШ дол­ларынан асатын 24 жоба іске асырылуда. Ал кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­масымен 6 айда 54 млрд теңгеге 117 жоба мақұлданып, 983 жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті облыс әкімі.

«Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасына қатысу­шылардан бюджетке 6,7 млрд теңге салық түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 409 млн теңгеге артқан. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» тарапынан 19 905 кәсіпкерге көмек көрсетіліпті.

Облыс әкімі сессияда бұдан бөлек, аймақтағы әлеуметтік саланың жай-күйін де мәлімдеді. Биыл 10 денсаулық сақтау меке­месінің құрылысы жүріп жатқа­нына тоқталды. Әлемдік меди­цинадағы озық технологиялар­дың пайдаланылып жатқанын, балалар қан-тамыр хирургиясын дамыту қолға алынғанын атады. Бүгінде күрделі мәселеге айналып тұрған нәрестелер өлім-жітімінің – 13, қанайналымы ауруының 15 және өкпе-құрт ауруының 24 пайызға кемігенін атап өткен жөн. Қазақы қаймағы бұзылма­ған оңтүстікте мектепке баратын бала саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Биылдың өзінде жаңа­дан 37 мектепке дейінгі ұйым ашыл­ған. 42 мектеп пен 6 балабақша іске қосылып, 11 апатты жағ­дайдағы және 9 үш ауысымдық мектептердің құры­лысы аяқ­талыпты.

Аймақта құрылысы жүріп, пайдалануға берілген нысан­дардың қатарына 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай да кіреді. 

Оңтүстікте «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарлама­сы аясында биылғы жарты­жылдықтың өзінде 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл республикалық көрсеткіштің 16 пайызын құрады деген сөз. Ал аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 27 пайызға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз болған. 

Бұдан бөлек, халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту барысы да айтылды. Биыл 27 ауызсу нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде мүлдем су құбыры жоқ 5,6 мың тұрғыны бар 7 елді мекенге жаңадан құбыр тартылған. Биыл құрылысы жүріп жатқан 33 газ нысанының 12-сі пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылатын тұрғын саны 1,7 миллионға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ 199 жол құрылысы жүріп жатса, оның 179-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 

Облыста қоғамдық қауіп­сіздікті сақтауға үлкен мән беріліп отыр. Биыл ішкі істер органда­рына базасы 186 бейнебақылау камерасымен, 89 қызметтік автокөлікпен және 10 интел­лектуалды жол қозғалысы жүйесімен толыққан. 

Бейбіт Бәкірұлы «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 790 мың шар­шы метрлі 262 үйдің құры­лысы жүргізіліп жатқанын, биыл 252 мың шаршы метрлі 151 үйдің иесі қоныстойын тойлайтынын да халық қалаулыларына жеткізді. 

Облыста көрсетілетін мемле­кеттік қызметтердің сапасын жақсарту, әкімшілік кедергілерді жою бойынша «Ашық әкімдік» қызметі ашылған. Сонымен қатар биыл мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын және айқын­дығын қамтамасыз ету мақса­тында, республикада алғашқы болып облыс әкімі аппаратында бірыңғай конкурстық комис­сиясы құрылып, осы конкурстар арқылы 73 адам мемлекеттік әкім­шілік лауазымдарға қабыл­данған. Сондай-ақ 50 жас маманнан тұратын «Кадрлардың алтын резерві» жасақталғанын да айта кету керек. 

Өңір басшысы депутаттар алдындағы есепті баяндамасынан соң, аймақта мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі іске асырылып жатқанына тоқталып, жуырда өткен Үкіметтің кеңей­тілген мәжілісінде Елбасымыздың өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар бергенін жеткізді. Стратегиялық бағыттар айқындалған аталған тапсырмаларды халық қалау­лыларымен бірігіп атқаратынына сенім білдірді. 

Сессияда Н. Әбішов, С. Иба­дул­лаев және Д. Әбіш сынды бірқатар депутаттар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жолдады. Олар 3 ауысымды және апатты мектептердің қашан жойы­латынын, шалғай ауылдардың табиғи газдың мәселесі, индус­триялық аймақтар жайлы сұрақ­тар қойды. Облыс әкімі Б.Атам­құлов қойылған сауалдарға нақты жауап берді. Одан соң сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты С. Сейітжанов өңірі­мізде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, депутаттар атынан облыс басшысының жұмысына оң бағасын берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары