Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 7 индустриалдық аймақ табысты жұмыс істеп келеді.
Олардың қатарында облыс орталығы Шымкент қаласынан бөлек, Кентау, Түркістан қалалары мен Созақ, Түлкібас, Мақтаарал, Казығұрт аудандарында жүзеге асқан аймақтар да бар. Сондай-ақ өңірде 4 индустриалдық аймақ инфрақұрылымының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б. Атамқұлов облыстық мәслихаттың кезектен тыс төртінші сессиясында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы, яғни облыстың әлеуметтік- экономикалық дамуы барысында депутаттардың алдында жасаған есебінде мәлімдеді.
Өңір басшысы индустриалдық аймақтарда 52 жобаның іске асып, 4 025 жұмыс орнының құрылғанын айтады. Олардың қатарында 16 жобаны іске қосып, 845 жұмыс орнын құруды жоспарлаған «Индустриалды-инновациалық даму» бағдарламасы да бар. Аталған бағдарлама аясында жыл басынан бері 2 жоба жүзеге асыпты. Нәтижесінде 74 адам жұмыспен қамтылған. Екі жобаның бірі жаңадан ашылған тез даярланатын тағам өнімдерін шығаратын Lotus Food Company LLC ЖШС болса, екіншісі өсімдік майын өндіретін «Шымкентмай» АҚ өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша 26 адамды жұмысқа тартты. Бағдарлама аясында жүзеге асқан жобалардың нәтижесінде мемлекет қоржынына түскен салық көлемі өткен жылғыдан 804 миллионға көбейген. Сонымен қатар өңірімізде жарты жылда 384 миллиард теңгенің өнімі өндіріліпті. Осылайша, Оңтүстік Қазақстан облысы өсім бойынша республикада алдыңғы қатарға шығып отыр. Облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы аймақта ауылшаруашылық саласына да айрықша ден қойылғанын атап өтті.
– Өңіріміздің аграрлы екенін ескере отырып, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударып келеміз. Бұл саланы қолдауға жалпы 29 млрд теңге бағытталып отыр. Аталған қаржыға егіс көлемін ұлғайту, иесіз жерлерді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суғару әдісін кеңінен енгізу, жылыжай және қарқынды бау құрылыстары, мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгені құрап, 2 пайызға артты. Бидайдың орташа өнімділігі биыл 22 центнерді құрап, алғаш рет рекордтық өнім алынды, – деді облыс басшысы.
Егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құраған. Бүгінде суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игеріліп жатқан. Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың, көкөністен 811 мың, бақшадан 1 252 мың және картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналған.
Оңтүстікте тамшылатып суғару әдісі де ерекше қарқынмен дамып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл әдіс биыл қосымша 6000-ға жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жеткен. Бүгінде тамшылатып суғару әдісінің республикадағы үлесі – 73 пайыз.
Сонымен бірге, жылыжайлар қатары жылдан-жылға көбеюде. Биыл оның қатары 72 гектарға толығып, қазіргі таңда республикадағы үлесі 87 пайыз болды. Бүгінде оңтүстіктегі жылыжайлар көлемі 1 098 гектарға жетті. Аталған жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Ал терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгізілген.
Айта кетейік, аймақта кәсіп ашатындарға «Ырыс» микроқаржы ұйымы төмен пайызбен несие береді. Аталған несие ұйымы жыл басынан бері фермерлердің 486 жобасын 1,2 млрд теңгемен қаржыландырған. Аймақта биыл «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларымен 35 мыңнан аса мал басы сатып алыныпты. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына орай 4000-нан астам ұсақ шаруашылықтарды біріктіретін 47 кооператив құрылып, 9 МТС ашылған.
– Өңірдегі негізгі басымды бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Бұл мақсатта «Ontustik Invest – 2016» халықаралық инвестициялық форумы өткізіліп, Еуропа және Азия елдеріне ресми іссапарлар ұйымдастырылды. Нәтижесінде бүгінгі таңға шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 2 млрд АҚШ долларынан асатын 24 жоба іске асырылуда. Ал кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасымен 6 айда 54 млрд теңгеге 117 жоба мақұлданып, 983 жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті облыс әкімі.
«Бизнестің жол картасы– 2020» бағдарламасына қатысушылардан бюджетке 6,7 млрд теңге салық түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 409 млн теңгеге артқан. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» тарапынан 19 905 кәсіпкерге көмек көрсетіліпті.
Облыс әкімі сессияда бұдан бөлек, аймақтағы әлеуметтік саланың жай-күйін де мәлімдеді. Биыл 10 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы жүріп жатқанына тоқталды. Әлемдік медицинадағы озық технологиялардың пайдаланылып жатқанын, балалар қан-тамыр хирургиясын дамыту қолға алынғанын атады. Бүгінде күрделі мәселеге айналып тұрған нәрестелер өлім-жітімінің – 13, қанайналымы ауруының 15 және өкпе-құрт ауруының 24 пайызға кемігенін атап өткен жөн. Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстікте мектепке баратын бала саны жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Биылдың өзінде жаңадан 37 мектепке дейінгі ұйым ашылған. 42 мектеп пен 6 балабақша іске қосылып, 11 апатты жағдайдағы және 9 үш ауысымдық мектептердің құрылысы аяқталыпты.
Аймақта құрылысы жүріп, пайдалануға берілген нысандардың қатарына 5 мәдениет үйі мен 1 мұражай да кіреді.
Оңтүстікте «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында биылғы жартыжылдықтың өзінде 33 383 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Бұл республикалық көрсеткіштің 16 пайызын құрады деген сөз. Ал аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 27 пайызға төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз болған.
Бұдан бөлек, халықты қажетті инфрақұрылыммен қамту барысы да айтылды. Биыл 27 ауызсу нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде мүлдем су құбыры жоқ 5,6 мың тұрғыны бар 7 елді мекенге жаңадан құбыр тартылған. Биыл құрылысы жүріп жатқан 33 газ нысанының 12-сі пайдалануға беріліпті. Жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылатын тұрғын саны 1,7 миллионға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ 199 жол құрылысы жүріп жатса, оның 179-ы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Облыста қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға үлкен мән беріліп отыр. Биыл ішкі істер органдарына базасы 186 бейнебақылау камерасымен, 89 қызметтік автокөлікпен және 10 интеллектуалды жол қозғалысы жүйесімен толыққан.
Бейбіт Бәкірұлы «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 790 мың шаршы метрлі 262 үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын, биыл 252 мың шаршы метрлі 151 үйдің иесі қоныстойын тойлайтынын да халық қалаулыларына жеткізді.
Облыста көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, әкімшілік кедергілерді жою бойынша «Ашық әкімдік» қызметі ашылған. Сонымен қатар биыл мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын және айқындығын қамтамасыз ету мақсатында, республикада алғашқы болып облыс әкімі аппаратында бірыңғай конкурстық комиссиясы құрылып, осы конкурстар арқылы 73 адам мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қабылданған. Сондай-ақ 50 жас маманнан тұратын «Кадрлардың алтын резерві» жасақталғанын да айта кету керек.
Өңір басшысы депутаттар алдындағы есепті баяндамасынан соң, аймақта мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі іске асырылып жатқанына тоқталып, жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасымыздың өңірлерді дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырмалар бергенін жеткізді. Стратегиялық бағыттар айқындалған аталған тапсырмаларды халық қалаулыларымен бірігіп атқаратынына сенім білдірді.
Сессияда Н. Әбішов, С. Ибадуллаев және Д. Әбіш сынды бірқатар депутаттар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жолдады. Олар 3 ауысымды және апатты мектептердің қашан жойылатынын, шалғай ауылдардың табиғи газдың мәселесі, индустриялық аймақтар жайлы сұрақтар қойды. Облыс әкімі Б.Атамқұлов қойылған сауалдарға нақты жауап берді. Одан соң сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты С. Сейітжанов өңірімізде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, депутаттар атынан облыс басшысының жұмысына оң бағасын берді.