$ 446.49  475.38  4.79

Атырауда асыл тұқымды мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді

Қазір әлемнің жаһандық қаржы дағдарысы мен саяси тұрақсыздықтардан әлсіреп, алға басуы тежелген шақ. Атағы жер жарған ірі кәсіпорындар мен компаниялардың өздері ертеңгі күнге сенімсіздікпен қарап отыр. Алпауыттардың өзін тұралатқан осындай тоқырауға қарамастан, Қазақстанның қарқынды дамуы көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде ірі жобалар қолға алынып, жемісті жүзеге асырылуда. Сондай өңірлердің бірі – мұнайлы өлке Атырау облысы. Елбасының «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» сынды бірнеше маңызды бағдарламалары бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқан, бұл облыста соңғы жылдары ауыл шаруашылығының да жедел дамып келе жатқаны аңғарылады. Таяуда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед аталған өңірге арнайы барып, бірқатар игі істердің жүйелі жүргізіліп жатқанына көз жеткізіп қайтқан болатын.

Негізгі табыс көзі мұнай болып саналатын өңірде бүгінде ауыл шаруа­шылығына ерекше мән берілуде. Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының мәліме­тіне сүйенсек, соңғы үш жылда агроөндірістік кешенді субси­диялауға бөлінетін қаражат көлемі 3,3 есеге артып, 360 млн-нан 1,2 млрд теңгеге дейін жеткен. Нәти­жесінде осы уақыт аралығында өңір­де жылыжай аумағы 2 есеге, там­шылатып суарылатын жер кө­лемі 3,5 есеге артқан. Жергілікті шаруалардың өнім көлемі де жыл өткен сайын еселеніп келеді. Тек осы жылдың алты айында облыста 18,2 млрд теңгенің ауылшаруа­шылық өнімдері өндірілген. Оның 17,9 млрд мал шаруашылығына тиесілі екенін айрықша атап өткен жөн. Жыл басынан бері облыстағы өндірістік кооперативтер 22,1 мың тонна ет, 32,3 мың тонна сүт, 65 мың тонна көкөніс өнімдерін және 46,1 млн дана жұмыртқа өндірген.

Бұл жетістіктердің барлығы Елбасының ауыл шаруашылығы саласына жасап отырған тікелей қамқорлығының нәтижесі екенін айтқан Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Жуырда Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасында өткен G20 саммитіне қатысып, әлем­нің ең алпауыт мемлекет­терінің басшыларымен кездесті. Сол кездесулердің нәтижесінде ал­дағы 5 жылда Қазақстан эконо­микасына 26 миллиард долларды құрайтын инвестиция тартылатын болды. Бұл дегеніңіз, ел эконо­микасының дамуына жаңаша сер­пін беретін өте қомақты қаражат. Сондай-ақ, бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы абырой-беделінің арқасында мүмкін болған Қазақстанның кезекті жеңісі. Демек, алдағы уақытта еліміздің жетістіктері бұдан да бірнеше есеге артатыны сөзсіз», – деді.

Расымен, Елбасының мұрын­дық болуымен қолға алынған мем­лекеттік бағдарламалар арқылы әртүрлі жеңілдіктер жасалуда. Жер­гілікті шаруалардың асылтұқымды мал шаруашылығына ерек­ше қызығушылық танытуына орай, биыл облыста «Аграрлы несие корпорациясы» арқылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 600 бас ірі қара, «Құлан» бағ­дар­ламасы бойынша 1800 бас жылқы және «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4500 бас қой сатып алу жоспарланған. Осы мақсатта былтыр 705,4 млн теңге бөлінсе, биыл 1 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет тарапынан көрсетілетін мұндай қамқорлықтың игілігін көріп отырған шаруа қожалық­тарының қатарында облыстың Махамбет ауданы, Бейбарыс ауы­лында орналасқан «Первомайский» ЖШС де бар. Голштино-фриз асылтұқымды ірі қара малын өсіретін шаруашылық нарыққа ет және сүт өнімдерін шығарады. Се­ріктестік басшысы Аманжол Ес­қараевтың айтуынша, 2013 жыл­дың желтоқсан айында индус­триал­ды-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасы аясында сүт-тауар фермасы іске қосылған.

«Қазіргі таңда қолымызда 1000 бас голштино-фриз ірі қара малы бар. Бұл жобаны екі кезең бойынша жүзеге асырдық. Алғашқысында АҚШ-тан 500 бас алсақ, кейін тағы сонша ірі қараны Голландиядан алдырдық. Бүгінде күніне 6 тон­надан 12 тоннаға дейін сүт аламыз. Фермамыз айран, қаймақ, йогурт сынды 10 түрлі сүт өнімдерін шығарады. Жалпы құны 539 млн теңге болатын жоба аясында жы­лына 9,5 мың тонна сүт өндіріледі. Кәсіпорында 100-ден аса жергілікті тұрғын жұмыс істейді», – дейді А.Есқараев.

Жалпы, аталған кешеннің жобалық қуаты жылына 1440 тонна сүт және 2880 тонна сүт өнімдерін өндіруге жетеді. Сиырлардың кейбірінен күніне – 30-35 литрден, ал орташа есеппен тәулігіне әр бастан 18 литрден сүт алынатынын ескерсек, аталған көрсеткішке қол жеткізу аса қиынға соқпайтынын аңғарамыз.

Сонымен қатар серіктестік биокомпост тыңайтқышын өндеу және гидропоника қондырғыларын іске қосып, тың жобаларды жүзеге асыруда. Топырақтың құнарлығын арттыратын биокомпост тыңайт­қышын өндіретін жабдықтар Ресейдің «Биокомплекс» ЖШС-нан тасымалданады. Екі жыл бұ­рын іске қосылған жобаның жалпы құны – 82 млн теңге. Бүгінде тәу­лігіне 18 текше метр өнім өндіретін жобада 4 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Ал, өсімдікті топырақсыз ортада гидропонды әдіспен өсіру техноло­гиясының, яғни гидропоника қон­дырғысының жабдықтары Испа­ния­ның Eleusis Internacional S.A. компаниясы арқылы жеткізіл­ген. Құны 237,6 млн теңгені құ­райтын жоба күніне 10 тонна өнім береді.

Асылтұқымды мал шаруашы­лығына берілетін субсидияны алып, кәсібін дөңгелетіп отырған облыстағы шаруашылықтардың бірі – «Сарайшық» ЖШС. Ешкі өсірумен, сондай-ақ, ешкі сүті және етін өндірумен айналысатын кешен Махамбет ауданының Сарайшық ауылында орналасқан. Шаруашылық басшысы Тамила Розметованың сөзіне қарағанда, бүгінде серіктестікте 800 асыл­тұқымды Голландия ешкісі бар. «Күніне 500 литр ешкі сүтін аламыз. Жылына 180 тонна ешкі сүтін және 140 тонна сүт өнімдерін өндіру көзделген. Барлығы 12 түрлі сүт өнімдері дайындалады. Өнім­деріміз ішкі нарықтан бөлек, Ре­сей­дің көршілес Волгоград облысы мен Татарстан Республикасына шығарылады. Жобаның жалпы құны – 647,6 млн теңге. Оның жарты сомасын – «Атырау» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациясы бөлгенін айта кеткен жөн», – дейді Т.Розметова.

Кешеннің жалпы жер көлемі – 120 гектар. 35 адам жұмыспен қамтылып отырған серіктестік қаз және доңыз шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде «Сарайшық» ЖШС-да 10 мың қаз және 1000 бас доңыз бар. Одан бөлек, алма өсіруге де ден қойған шаруашылық бүгінде бұл жеміс түрінен айтар­лықтай мол өнім алып отыр.

Осы тұста ауыл шаруашылы­ғынан бөлек, Атырау облысындағы келешегі зор бастамалардың біре­гейі саналатын тағы бір жобаға тоқ­тала кетуді жөн санап отырмыз. Қазіргі таңда Атыраудың мұнай өндірушіден мұнай өндеуші аймаққа айналып келе жатқаны баршамызға белгілі. Оның жарқын мысалы ретінде «Ұлттық индус­триал­дық мұнай-химиялық тех­нопаркі» аумағындағы «Полимер Продакшн» зауытын айтсақ жет­кілікті. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған кәсіпорын мұнай-химиялық шикізатты қайта өндеу­мен айналысады. Зауыт жылына 11 мың тонна – биаксальді-бағдарлы полипропиленді қабықша (ББПҚ), 48 млн дана полипропиленді қап­шық және 4 мың тонна по­лиэтиленді қабықша өндіреді. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан жобаның жалпы құны – 16,9 млрд теңге.

«Аталған аймақта басқа да бірқатар жобалардың жұмысы қарқынды жүргізілуде. Солардың бірегейі – біріктірілген газ-хи­мия­лық кешені. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысан іске қосылған кезде жылына 500 мың тонна полипропилен өнді­ре­тін боламыз. Жаңа технология­лармен жабдықталған мұндай желі тек Қазақстан, Ресей және Бело­русьте ғана бар», – дейді «Полимер Продакшн» ЖШС-ның бас ди­ректоры Асқар Құрманов.

Осындай оң өзгерістерге қарап, өңірдің екінші тынысы ашылған­дай әсер алғанымыз жасырын емес. Осындай игі істердің арқа­сында облыстың экономикалық және әлеуметтік жағдайының ай­тар­лықтай артқанын, мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын аңғару қиын емес. Келешекте бұдан да ауқымды жобаларды қолға алуды көздеп отырған өңір әлі талай тың баста­маларымен таңдай қаққызатынына сеніміміз мол.

Еламан ҚОҢЫР.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары