$ 443.37  474.49  4.83

Батыс Қазақстан облысының әлеуеті артуда

Батыс Қазақстан облысы бүгінде Қазақстанның батыс қиырындағы, Қыз Жібек пен Төлегеннің мекені, тарихы терең өлке ғана емес, тәуелсіз еліміздің экономикасына қомақты үлес қосып отырған аймақ ретінде де танылды. Қазіргі таңда облыстың табыстары көз қуантарлық деңгейде.

Облыста бүгінде халық шаруашылығы­ның барлық саласы кешенді түрде дамып келеді. Өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына байланысты халықтың тұрмыс-тіршілігі де жақсара түскен. Облыстың өнеркәсіп өнімдерінің көлемі биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 675,8 млдр теңгеге жетіп отыр. Соның ішінде тау-кен сала­сындағы өнім көлемі 594,7 млрд теңгеге, өңдеу саласында 53,5 млрд теңгеге, электрмен қамту, бу, газ беру және ауамен баптау саласында 24,7 млрд теңгеге, сумен қамту, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинауды және бөлуді бақылау саласында  2,9 млрд теңгеге жетіп отыр. Яғни, облыс жаһандық экономикалық дағдарыстың салқынына қарамастан, өнім өндіру көлемін азайтпаған. Бұл бүгінде қомақты табыс болып есептеледі. Облыста тек 2016 жылдың алғашқы алты айында 89 млрд 900 млн теңгенің мұнайы өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есеге артық. Ал, газ өндіру биыл 9034,6 млн текше метрді құрап отыр. Жалпы, биыл облыстағы өнер­кәсіптердің табысы жақсы. Дегенмен, тұрғындардың күнделікті қажеттілігін өтейтін тауарларды өндіру маңызды екендігін облыс басшылары да, кәсіпкерлер де жақсы біледі. Соның арқасында, облыста тамақ өнеркәсібі қарқынды дамуда. 2016 жылдың маусы­мына дейін 18 млрд 207 млн теңгенің тамақ өнім­дері өндіріліпті. Соның ішінде, ірімшік және сүзбе өнімдері – 4,3 есеге, макарондар, кеспелер және ұннан жасалған ұқсас өнімдер – 16,0%-ға, шұжық өнімдері -10,6%-ға, ет және тағамдық қосымша өнімдері – 7,6%-ға, жаңа піскен нан – 5,8%-ға, өңделген сұйық сүт және кілегей – 0,2%-ға өсті. Бұл ауыз толтырып айтар табыс екені даусыз.

Ал, Үдемелі индустриалды-иннова­циялық бағдарлама аясында іске қосылып жатқан кәсіпорындарға келсек, 2010 – 2014 жылдар аралығында облыста жалпы құны 257,6 млрд теңгенің 31 инвестициялық жобасы іске қосылды. Нәтижесінде, 1828 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2016 жылы Индустрияландыру картасы бойынша К5 экологиялық дәрежелі мотор отындарын өндіру зауыты салынды. «Конденсат» АҚ-на қарасты жобаның құны 45,3 млрд теңге, қуаттылығы жылына 600 мың тонна. Сонымен қатар, 265 жұмыс орны құрылатын 6 жоба қазір жүзеге асырылып жатыр. Олардың жалпы құны 7,1 млрд теңге. Соның ішінде, қара уылдырық және тауарлық бекіре өндіру бойынша су дақылдары кешенін құру көзделген. «Су дақылдары тәжірибелік-өнеркәсіп өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС-на қарасты, жобаның құны – 4,4 млрд теңге, қуаттылығы жылына 131 тонна балық еті, 10 тонна уылдырық, 42 жұмыс орны ашы­лады. Ал, «Родник фирмасы» ЖШС-ның бөтелкедегі ауызсуды өндіретін кешен құрылысына 978 млн теңге қарастырылды, оның қуаттылығы жылына 11,4 млн дана, ашылатын жұмыс орны 121 болмақ. Қысқасы, батыс­қазақстандық кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауына сүйене отырып жаңа жұмыс орындарын молынан ашып жатыр, әрі ел дамуына да қомақты үлес қосуда.

Инвестиция бейбіт елге құйылады

Әдетте, экономиканың түрлі сала­ларына инвестиция тарту дамудың кепілі саналады. «Алмасаң, бермесең, жат боларсың» дегендей, жаһандық эконо­микада алыс-беріссіз, инвестициясыз даму жоқ. Алайда, шетелдік инвестиция тек ішкі тұрақтылығы бар, бейбіт елге тартылады. Еліміздегі тыныштық пен тұрақ­тылықты бағалаған инвесторлар Батыс Қазақстан аймағын да назардан тыс қалдырмады. Әрі, облысқа инвестиция құйып жатқандар тек шетелдіктер емес. Биылғы жылдың алты айында облыста негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 158,3 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 37,3%-ға көп. Ал, кәсіп­орындардың өз қаражаттарына үлесіне шетелдік кәсіпорындар салған ин­вестициялық қаражатты қосар болсақ, оның көлемі 147,2 млрд болды. Теңге яғни, инвестициялық капиталдың 93,0%-ын құрап отыр, бұл дегеніңіз 2015 жылғы көрсеткіштен 1,5 есеге көп. Сонымен қатар, банктердің несиелерінің есібінен де түрлі салаларға инвестиция тартылды. Олардың жалпы көлемі 2,9 млрд теңгені құраған. Ал, осыншама қаржының барлығы өңір экономикасына қызмет етіп жатқаны жасырын емес, демек, Ақ Жайық өлкесінің дамуына көңіл сүйінеді деген сөз.

Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз

Ауыл демекші, Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығымен айна­лысуға да ыңғайлы өңір. Жайық өзенінің қос жағалауында мал ша­руашылығын дамытуға қолайлы мүмкін­діктер бар. Облыста ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 35,7 млрд теңгені құрады. Облыста тірі салмақпен есептегенде 38,0 мың тонна ет, 116,5 мың тонна сүт, (103,5%), 76,4 млн дана жұмыртқа өндірілді. Аймақта ірі қара саны 3,6%-ға, қой – 4,9%-ға, ешкі – 0,6%-ға, жылқы – 11,8%-ға, шошқа – 4,8%-ға өскен. Ескеретін мәселе, бұл көрсеткіштер жарты жылда ғана қол жеткізген табыстар. Яғни, 2016 жылдың алғашқы алты айындағы жетістік. Жыл аяғына дейін әлі де уақыт бар екенін ескерсек, облыс малшылары мен дихан­дары әлі талай өнім берері сөзсіз.

Еңбек етсең ерінбей...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек қоғамына, еңбек адамына айрықша назар аударатыны белгілі. Сондықтан, аймақта жұмыссыздық деңгейін азайту, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында көптеген істер атқарылып жатыр. Облыста 2016 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыспен қамту қызметінде 2738 адам есепте тұр. Ал, экономикалық тұрғыдағы белсенді халыққа тіркелген жұмыссыздар үлесі 0,8% құраған. Бірақ, бұл көрсеткіш сол күйі қалып қояды дегенді білдірмейді. Өңірде ашылып жатқан жаңа жұмыс орындары талай адам үшін «екі қолға бір күрек» тауып берері анық. Өйткені, шілде айына дейін 3990 жұмыс орны құрылды, оның ішінде: ауыл, орман және балық шаруашылығында – 347, өнеркәсіпте – 92, құрылыста – 112, көлік және қоймалауда – 161, көтерме және бөлшек сауда, авто және мотоцикл жөндеу – 676, білім беру – 70, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер – 67, экономикалық кызметтің басқа түрлері салаларында – 394, уақытша және маусымдық жұмыстарда 2071. Жалпы, құрылған жұмыс орындарының 46,9% ауылдық жерде. Сәйкесінше, жұмысқа орналасқандар саны да аз емес. Олардың бірқатары жаңа жұмыс орындарының есебінен қызметке орналасса, бірқатары бұрынан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен мекемелерге орналасты. 2016 жылдың жазына дейін 4299 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде жұмыспен қамту бөлімдері арқылы – 2756 адам, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында – 1543 адам. Бұдан басқа, шағын және орта кәсіпкерлікте 2167 адам жұмысқа орналасты. Техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарын бітірушілерді жұмыспен қамту мақсатында жастар тәжірибесіне 493 адам жолданды, соның ішінде «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағ­дарламасының аясында – 248 адамға жолдама берілген. Қысқасы, Батыс Қазақстан облысында еңбек еткісі келген адамға жұмыс табылады. Ал, облыста биыл орташа жалақы орташа айлық еңбекақы 126 мың теңгеден асты.

Білімді мыңды жығады

Батыс Қазақстан облысында қазіргі кезде 400-ден астам мектеп жұмыс істеп тұр. Оларда 90 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мектептердің материалдық-техникалық базасын талаптарға сай деңгейде ұстауға облыс басшылығы айрықша көңіл бөліп келеді. Әрі балалардың білім алуда таңдау жасау мүмкіндігі де ескерілген. Облыста 4 жекеменшік мектеп қызмет жасаса, 397 мектеп мемлекеттің иелігінде. Сондай-ақ, 160-қа жуық балабақша, 50-ден астам «мектеп-балабақша» жұмыс істеп тұр. Мектепке дейінгі дайындыққа арналған 261 шағын орталық жұмыс істеуде. Мектеп жасына дейінгі балалардың саны – 28 мыңнан асады. Олардың 97,9%-ын 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар құрайды. Облыста арнаулы кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде 20,5 мыңнан астам жас­өспірім білім алуда. Білім беру саласының 2016 жылғы бюджеті 53,1 млрд теңгені құрайды. Жалпы, білім беретін мектептерде мультимедиялық кабинеттердің компью­терлерін қоса есептегенде, 12453 компьютер бар немесе бір компьютерге 7 оқушыдан келеді. Ал, денсаулық сақтауға келсек облыста 50-ге жуық денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істейді. Дәрігер саны 1500-ден асса, медбике немесе орта медициналық қызметкер саны – 5600-ден асады. Яғни, облыс тұрғындарының денсаулығын назарда ұстау, саламатты өмір салтын насихат ету маңыздылығы ескерілген. Облыста 440 дәріхана болса, оның 219-ы ауылдарда орналасқан. Мұның өзі халықтың ден­саулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан игі істердің қатарына кіреді. Өйткені, дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы да түрлі дерттердің алдын алуға септігін тигізері сөзсіз. 

Келешегі кемел өңір

Бүгінде  Батыс Қазақстан облысы қол жеткізген табыстарымен қатар,  алдағы күнге деген жоба-жоспарларымен де ерекшеленеді.  Қалың бұқараның әл-ауқатының күн санап жақсара  түсуі  үшін облыста бірқатар игі шаралар қарастырылған. Соның ішінде  облыстың  2019 жылға дейінгі  әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамын ерекше атап өтуге  болады. Бұл  болжам  Қазақстан Республикасы­ның 2016 – 2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық саясаты «Қа­зақстан – 2050 стратегиясын» орындауға, мемлекетті нығайтуға және оның дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін жағдай жасауға бағытталған. Осы жоспарға сәйкес облыста индустриалды-инно­вациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жалғасады. 

2016 – 2019  жылдары 246 жұмыс орнын құру арқылы 2,6 млрд теңгеге 4 жобаны іске қосу және өзге де  жоспарлар қарастырылған.  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жұмыстар да  жүзеге асырыла  береді. Халықаралық сапа стандарттарын енгізуге аса назар аударылатын болады. Облыстың машина жасау саласын дамыту жөніндегі саясат ішкі нарық қажеттілігін барынша қанағаттандыру және жоғары қосымша құнды түпкілікті өнімді өндіруді ұлғайту есебінен экспортты кеңейтуге бағытталатын болады.

Облыстың машина жасау кешені едәуір даму әлеуетіне ие. Саланың кәсіпорындары арнайы өнімдер (катерлер, кемелер), мұнай және газды тасымалдау және өндіру үшін жабдықтар, энергетикалық жабдықтар, ауыл шаруашылығы машиналарын және тағы басқаларын шығарады. «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» ARTES VALVE & SERVICE GMBH (Германия) компаниясымен бірге жаңа буынның реттегіш сырмаларын өндіруді жоспарлауда.

Қысқасы, қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысы еліміздің өзге аймақтарымен қатар дамып келеді. Көлік-логистика, сауда-саттық, мәдениет пен спорт, шағын және орта кәсіпкерлік, ғылым сынды қоғамның түрлі салаларында, әртүрлі бағыттарда дамып, өркендеп келеді. Ақ Жайық өңірі шынымен де, күн санап гүлденіп, түлей түсуде.

А. ІЗГІЛІК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары