$ 443.37  474.49  4.83

Ұлттың денсаулығын нығайту – мем¬лекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып табылады

Кейінгі жылдары Елбасының медицина мәселесіне баса көңіл бөлуінің арқасында біршама нәтижелерге қол жет­кізуге мүмкіндік туды. Соңғы бірнеше жылда отандық денсаулық сақтау жүйесін­де айтарлықтай өзгерістер болды. Ден­саулық сақтауды одан әрі дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың қабыл­дануы және оларды іске асыру осы бағытта бірқатар жетістіктерге қол жеткізуге ықпал етті.

2005 жылдан 2015 жылдар арасында іске асырылған екі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде денсаулық сақтау жүйесі кең көлемде жаңғыртылды. Емдеу процесінде жаңа технологиялар белсенді қолданыла бастады. Ауруды ерте кезде анықтауға мүм­кіндік беретін Ұлттық скринингті бағ­дарлама енгізілді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі жұмыс істейді. Фертильді жастағы әйел­дер, жүкті және ауыр жағдайда жатқан науқастар тіркелімі жасалды. Тиісті және шұғыл медициналық көмек көрсету үшін ескерту және іс-қимыл алгоритмінің кестесі қабылданды. 

Өмір сүру ұзақтығының шамамен 3 жылға ұзаруы, ҚР халқының, оның ішінде ана мен нәресте өлімі деңгейінің төмендеуі «Сала­матты Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сының негізгі нәтижесі болып отыр. Мәселен, 2015 жылдың қоры­тындысы бойынша өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрайды. 

Осындай жағымды өзгерістерге қол жеткізуге өлімнің негізгі себептері болып табылатын ауруды (қан айналымы жүйе­сінің ауруы, қатерлі ісіктер, жара­қаттану, ана мен нәресте өлімі) алдын алуға, ерте анықтауға және уақтылы емдеуге бағыт­талған кешенді шаралар үлкен әсерін тигізді.

Қан айналымы жүйесінің ауруын (бұдан әрі – ҚЖА) белсенді анықтау нәти­жесінде ҚЖА-дан болатын өлім көрсеткіші 2011 жылғы 309,6-дан 2015 жылғы 193,8-ге дейін төмендеді.

Онкологиялық ауруларды ерте анық­тауға, химиялық препараттармен қамта­масыз етуге, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын ны­ғай­туға бағытталған іс-шаралар 100 мың ха­лыққа шаққанда қатерлі ісіктен өлім көр­сеткішін 2011 жылғы 102,4-тен 2015 жылы 92,0-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. 

Әйелдердің репродуктивтік ден­саулығын нығайтуға бағытталған, оның ішінде профи­лактика жүргізу, ауруларды ерте анықтау және оларды сауықтыру бойынша іс-шаралар жалғасуда.

Мемлекеттің денсаулық сақтау саласын­дағы саясатының жалғасы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ағымдағы 15 қаңтарда «Қазақстан Респуб­ликасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемле­кеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Мем­лекеттік бағдарлама) бекітілді. Мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық да­муын қамтамасыз ету. 

Бұл бағдарлама 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған міндеттердің сабақтастығын қамтамасыз етуге бағытталған. Оны іске асыру халықты жалпы қамту қағидаттарын сақтай отырып, адамдардың қажеттілігіне, сапалы медициналық көмекке қолже­тім­ділікті және денсаулығы үшін ортақ жауап­кершілікті қамтамасыз етуге бағ­дарланған денсаулық сақтау жүйесі­нің динамикалық дамуына септігін тигізеді. Ең алды­мен, ол кез келген мемлекеттің ең басты байлы­ғының бірі – адам әлеуетін іске асыруға бағытталған. 

Мемлекет басшысы қойған міндеттерді ескере отырып, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға негізгі тәсілдер әзірленді, ол 2019 жылға дейінгі Мемлекеттік бағ­дар­ламаның негізі болып табылады. Мем­лекеттік бағдарламаны іске асыру 7 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады:

  1. Халықтың денсаулығын сақтау­дың негізі ретінде қоғамдық денсаулық сақ­тауды дамыту;
  2. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жаңғырту және басымды дамыту негізінде халықтың қажеттілігі айналасында денсаулық сақтау сала­сындағы барлық қызметті ықпалдастыру;
  3. Сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету;
  4. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде ұлттық саясатты іске асыру;
  5. Ортақ жауапкершілікті енгізу және оның қаржылық тұрақтылығын арттыру негізінде денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру;
  6. Денсаулық сақтау саласындағы адами ресурстарды басқару тиімділігін арттыру;
  7. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі және заманауи ақпараттық-коммуни­кациялық технологиялар негізінде ден­саулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету.

Денсаулықтың негізіне репродуктивтік денсаулық кіретінін айта кеткен жөн. Бұл бағыт ұлттың болашағын анықтау кезде маңызды болып табылады. Фертильді жастағы адамдардың денсаулығы, олардың әрекетке қабілеттілігі, ананың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқаты үшін маңызды аспектілер болып табылады.

Оң нәтижелер статистикамен нақты­ланады. Мәселен, ана өлімінің көрсеткіші 100 мың тірі туғандарға шаққанда 2011 жылмен (17,4) салыстырғанда 28,2%-ға төмендеп, 2015 жылы 12,5-ті құрайды. Нәресте өлімінің көрсеткішін 1000 тірі туғандарға шаққанда 2011 жылмен (14,84) салыстырғанда 36,9 %-ға төмендеп, 2015 жылы 9,37-ні құрайды.
Денсаулық сақтау саласында жасалған жұмыстардың оң нәтижесі балалар тууының тұрақты өсуімен байқалып отыр. Егер 2003 жылы елімізде 248 мың бала туған болса, онда 2015 жылы бұл цифрлар 400 мыңға жуықтады. Туу коэффициенті үнемі өсуде, көрсетілген кезеңде 2015 жылы 1,4 есеге немесе 1 мың халыққа шаққанда 22,7-ге өсті. 

Қазақстанда қазіргі уақытта ана болуды көтермелеу, отбасы денсаулығын сақтау және нығайтудың әлеуметтік-эконо­микалық тиімді механизмдері және басқа негіз бойынша басты бағытта нақты көрсетілген халық денсаулығын сақтау жөнінде мемлекет саясатының мықты фундаменті құрылған. Сондықтан денсаулықты, оның ішінде репродуктивтік денсаулықты нығайту мақсатында өз денсаулығына дұрыс күтім жасау үшін азаматтардың дағдыларын арттыру және оларды отбасы мәдениетіне тәрбиелеу, отбасы институтын нығайту қажет. 

2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша республикада халыққа меди­циналық көмек 864 аурухана және 2 852 амбула­ториялық-емхана ұйымдарында көрсетіледі.
Ауыл халқына медициналық көмек 143 орталық және аудандық ауруханаларда, 61 ауылдық участкеде және ауыл ауруха­наларында, 1 585 дәрігерлік және отба­сылық дәрігерлік амбу­латорияында, 4 060 фельдшерлік-акушер­лік және меди­циналық пунктте көрсетіледі.

Сонымен қатар Қазақстанда аку­шерлік-гинекологиялық қызмет бүгінгі күні 18 перзентханада, 26 перинаталдық орталықта, 375 облыстық, қалалық, орталық аудандық ауруханалардың бө­лімшелерінде, 759 әйелдер консуль­тация­сында және емханалардағы кабинет­ттерде ұсынылады. Елімізде төрт мыңнан астам акушер-гинеколог дәрігерлер жұмыс жасайды. Яғни ана мен бала денсау­лығына күтімді кәсіби маман қызметкерлер көрсетеді.

Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қам­тамасыз етуді қарастыратын, 2020 жылға дейінгі денсаулық сақтау дамыту мемле­кеттік бағдарламасы жобасына бағытталған маңызды мәселені атап өту қажет.

Елбасының тапсырмасы бойынша 2018 жылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау ұлттық жүйесінің тиімділігін арттыру және тұрақтылығын дамыту үшін халық пен жұмыс берушілердің жауап­кершілігін дамыту мақсатында, кезең-кезеңмен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізілетін болады, оның шеңберінде сақтандырылған азаматтарға амбулаториялық-емханалық көмек, амбу­латориялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету; стационарлық меди­циналық көмек; жоғары технологиялық медициналық қызметтер, стационар алмастырушы технология; ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім ұсынылатын болады.

МӘМС жүйесі мемлекеттік, жұмыс істейтін халықтың, жұмыс берушілердің және өздігінен жұмыс жасайтын халықтың міндетті сақтандыру төлемінен құралатын болады. 

МӘМС туралы заңның 28-бабының 4-тармағына сәйкес азаматтар санатының бірқатары қорға жарна төлеуден босатылады, оның ішінде балалар; көп балалы аналар; Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектері; мүгедек­тер; жұмыссыз ретінде тіркелген, интернаттық ұйымдарда оқитын және тәрбиеленетін адамдар, орта, техни­калық және кәсіби, ортадан кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында ішкі нысанда, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі резиден­тура нысанында оқитын адамдар; бала тууы­на байланысты, баласы үш жасқа тол­ғанға дейінгі демалыстағы адамдар; зейнет­керлер; әскери қызметкерлер және т.б.

Бұл ретте жаңа Мемлекеттік бағдарлама Елбасының 2050 жылға дейін Қазақстан­ның әлемнің 30 дамыған мемлекеттер қатарына кіруі және өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін арттыру бойынша алға қойған мін­деттерін іске асыруға мүмкіндік береді. 

Светлана ЖАҚЫПОВА, 
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары