$ 445.66  474.58  4.78

Қазіргі мұғалімнің басты міндеті – оқушының шығармашылығымен жұмыс істеу

Президент Н.Назарбаевтың межелеген Ұлт жоспары – «100 нақты қадамының» 76-қадамында Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымына мүше елдері стандарттарының негізінде

функциялық сауаттылықты дамыту үшін мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту және жоғары сыныптарда жанбасылық қаржыландыруды енгізу, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру кезек күттірмейтін мәселе екендігі атап айтылған. Расында, алдағы жылдарда елді дамытатын да, сол дамыған дәуірдің жемісін көретін де – жас ұрпақ. Қазіргі мұғалімдердің алдында тұрған басты міндет – оқушылардың шығармашылық білім дағдысын қалыптастыру, құзыретті тұлға дайындау. Бұл туралы Қызылорда облысы Қазалы аудандық білім беру бөлімінің басшысы А.Қасымова өз ойларымен бөлісті.

Біз осы орайда ең алдымен мек­тепке дейінгі оқыту мен тәрбиенің мәнін ашып, оның жан-жақты дамуының бағыт-бұйдасын түзеуіміз керек. Сондықтан оқытудың бі­рін­ші сатысында бастапқы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін, мектепке дейінгі білім беру сапасына үлкен көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда мектепке дейінгі 19 мемлекеттік мекемеде және мемлекеттік жекеменшік әріптестік шеңберінде ашылған 8 жекеменшік балабақшаларда 2253 бала және 32 шағын орталықтарда 2035 бала қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелерде 4288 бала қамтылған болса, «Балапан» бағ­дар­­ламасы бойынша 3-6 жас ара­­лығындағы балаларды қамту пайызы ауданда 100%-ды құрап отыр. Ендігі кезекте аудандағы 1-3 жас аралығындағы балаларды то­лықтай қамту үшін бөбекжай топтар мен бөбекжай балабақша ашу­ға жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2016 жылдың 21 тамыз күні Жа­лаң­төс батыр ауылындағы 90 орындық «Сәуле» балабақшасының жаңа ғимаратының берілуі осы жұ­мыс­тардың алғашқы қадамы. Се­бебі, бұл балабақшада 2 бөбекжай тобы ашылып, оған 30 бала қам­тылды. 

Қазіргі таңда мектепке дейінгі тәрбие берудің бүкіл­қазақстандық моделіне өту, оқыту мен тәрбиелеудің соңғы әдіс-тәсілдерін, жаңа ин­новациялық технологияларын игеру үшін мектепке дейінгі мекемелерде 345 педагог біліктілігін арттырды. Шығармашылықпен жұмыс жасау – мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары ұстаздарының басты міндеті болып отыр. 

1 қыркүйек күні ауданымыздағы 36 мектепте алғашқы қоңырау соғылды. 14115 оқушы Тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын барысында Мәңгілік ел пат­риоттық актісі шеңберінде «Мен өз Отанымның патриотымын» тақырыбында жаңа оқу жылын бастады. 

«Мұғалім өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана – мұғалім. Оқуды, ізденуді тоқтатысымен оның мұғалімдігі де жойылады». Жаңа формациядағы ұстаздарды дайындау, Ұлт жоспарының 76-­қадамы негізінде адам капи­­та­лының сапасын көтеру арқылы еліміздің білім жүйесін халықаралық стандарт деңгейіне жеткізу білімді де білікті мамандар дайындауды талап етеді. Қазіргі уақытта аудан мектептерінде 2290 мұғалім қызмет атқарады. Олардың жоғары білімдісі – 2079, арнаулы орта білімдісі – 211. Жоғары санатты – 134 (6%), І санатты – 673 (30,7%), ІІ санатты – 925 (40,5%), санатсыз – 605 (24%). Жоғары, І санатты мұғалімдердің үлесі аудан бойынша жуық шамамен 37 пайызды құрайды.

Биылғы наурыз айында Қа­зақ­­станда «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2020 жылға арналған мемлекеттік бағ­дарламасы» бекітілді. Бес күн­дік оқу аптасының енгізілуі, бі­лім берудің үштілді жү­йе­сіне көшу, бәрі білім беру мазмұнын жаңартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламада қарас­тырылды. Еліміздегі соңғы кезде көбірек ай­тылып жүрген білім беру маз­мұ­нын жаңарту бағдарламасы оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізу арқылы білім беру жүйесін реформалауға үлес қосуда. Бұл бағ­дарлама «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Кембридж университетімен бірлесе оты­рып, мектеп пәндерінің оқу бағ­дар­ламаларына, оқу жос­пар­ларына және бағалау моделіне не­гізделген. Бұл бағдарламамен біліктілік арттырған мұғалімдер сабақты модельдеу арқылы оны ой елегінен өткізіп, рефлексия жасап, теориялық білімді өз тәжірибесінде қалай қолдана алуымен қатар, оқушыларға барынша қолдау көрсете отырып, білім беруде. Кез келген мұғалімнің алдында тұрған басты міндеттердің бірі – оқушыны оқу үдерісіне қаты­сатындай етіп, өздерінің жаңа білімдері мен дағдыларын іс жүзінде өз тәжірибесінде қол­дануға болатын құзыреттілігін қалыптастырып, қызықтырып, сабақты белсенді оқуға ықпал ету, қолдау көрсету. Қазіргі таңда оқушылардың инновацияларға ұмтылысы өте жоғары. Бұрынғыдай сабақтың басым бөлігін өздері ғана сөйлеп, «жаулап-төстеп» алып, «тапсырмаларды орында, тыңда, экраннан немесе тақтадан жаттығуларды көшір» уәжі емес, түрлі оқыту мен оқу әдістерін пайдаланатын белсенділік, көп оқушыны қамтитын белсенді тап­сырмалар, әр оқушымен же­ке­лей жұмыс, оқушылардың сабақ мақсатын және олардан не күтілетінін біліп отыратындай сабақ бүгінгі талап үдесі. Бұлай айтуымның бір себебі, бүгінгі күнге ауданның 422 мұғалімі, 28 мектеп басшысы біліктілік арттыру курсынан өтіп, жаңаша жұмыс істеуде. 

Биылғы жылдың басты ерек­ше­лігі Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 79-қадамына орай 12 жылдық білім беруге, пәндерді ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу жоспарлануда. Республика бойынша жаңартылған білім мазмұны кезең-кезеңімен ен­гізіледі. Яғни, 2016 жылы 1-­сыныптарға, 2017 жылы 1,­2,­5,7-сыныптарға, 2018 жылы 1,2,3,5,6,7,8,10-сыныптар оқыса, 2019­ жылға қарай біз 12 жылдық бі­лім беру жағдайына түгел көшіп боламыз. 2019-2020 оқу жылынан бастап физика, химия, биология, информатика пәндері 10-11-сынып оқушылары үшін ағылшын тілінде оқытылады.

Республика бойынша жаңар­тыл­ған білім беру мазмұнына кө­шу үшін мұғалімдерге әдіс­те­­мелік материалдардың толық ресурсы дайындалды. Олар оқу бағдарламалары, күнделікті са­бақ жоспарлары, оқулықтар, мұ­ға­лімдерге арналған нұс­қау­лық­тар, бағалау жөніндегі ұсынымдар. Бұл материалдардың барлығы біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге таратылып берілуде. Ауданда «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы бағ­дар­ламалар» бойынша біліктілік арт­тыру курстарында 2016-2017 оқу жылы 1-сыныпқа сабақ беретін 85 мұғалім біліктілігін арттырды. Оқу пәндері бойынша 35 ағылшын тілі пәнінің, 64 орыс тілі пәнінің, 33 қазақ тілі пәнінің, 41 технология, бейнелеу пәні мұғалімдері, 52 ән-әуез пәні мұғалімдері білік­ті­лігін арттырады. Сонымен қа­тар «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» педагогикалық шеберлік орталығында 2016-2017 оқу жылында 76 оқытушы-тренер дайындалады. Олар мектептердің мұғалімдерін жаңа оқу жүйесі бойынша жұмыс істеуге кәсіби тұрғыдан үйретіп, тәлім береді.

Сонымен қатар облыс бойынша 22 инновациялық мектептің қа­та­рына біздің ауданымыздағы №266, 249, 16 мектеп-лицейлер мен №226 гимназия кіріп отыр. Бұл 4 мектепте пәндерді ағылшын тілінде оқыту жұмыстары бойынша тиісті қаржы бөлініп, 2016 жылдың қаңтар айынан басталып та кетті. 2016-2017 оқу жылында 5-11-сынып оқушылары ағылшын тілін апта­сына 5 сағаттан игерсе, 2018-2019 оқу жылы 10-11-сыныптар оқу пәндерін ағылшын тілінде жұптық оқытуды бастап, 2019-2020 оқу жылы 11-сыныптар оқу пәндерін ағылшын тілінде оқиды. Аталған инновациялық 4 мектептің аясында желілік қауымдастық құрылды. 

Өткен оқу жылында аудандағы 33 орта мектептен барлығы 201 оқушы (22,5%) оның ішінде «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша 106 оқушы грант иегері атанып, жоғары оқу орындарына түскен болса, 2015-2016 оқу жылында ҰБТ тапсырған 492 оқушының 250-і оның ішінде «Серпін – 2050» бағдарламасы бойын­ша грант негізінде 125 түлек жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, оқушыларымыздың грант негізіне жоғары оқу орындарына түсуден облыс бойынша ауданымыз алдыңғы қатардан көрінді. 

Мектеп – бұл жас ұрпағымызға сапалы білім, саналы тәрбие беру­мен қатар, халқымыздың ұлттық рухы мен мәдени мол мұраларын қастерлеуге баулитын, оны көздің қарашығындай сақтап, келешектің игілігіне жеткізетін мәдени орын, тағлымның зерделі зертханасы. Сондықтан мектептегі барлық тәрбиенің негізі ұлттық сипатта, халықтық нақышта болуы керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары