Биыл Батыс Қазақстан облысындағы Бөрлі ауданында бірнеше тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өңір басшысы Алтай Көлгінов күні кеше ауданда өзі болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап қайтты.
Бөрлі ауданы – бұл аумағындағы алып Қарашығанақтай мұнай-газ конденсат кен орнын шетелдік инвесторлар қарқынды игеріп жатқан стратегиялық мән-маңызы зор аймақ. Сол себепті, мұндай аймақта жол қатынасы мейлінше мінсіз болуы шарт. Сондықтан да өңір басшысы ең алдымен Бөрлі – Ақсай бағытындағы авто жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Осы шаруаны мойнына алған «Елжас» ЖШС-ның директоры Аманкелді Ырысқалиевтің мәліметіне қарағанда, бүгіндері жолдың жиегі жөнделуде. Үшбу жұмыс біте келе, нұсқау-белгілер орнатылуы тиіс. «Елжас» ЖШС-ның ұжымы жол жөндеу мерзімінен ерте тәмамдайтын түрі бар. Әрі жұмыс сапасына екі жылға кепілдік беріп отыр.
– Қарашығанақтың қазынасын игеріп жатқан шетелдік компаниялар бірлестігі – «ҚПО б.в.» компаниясы басшылығымен биылғы келіссөз барысында жол құрылысына жыл сайын бөлінетін қаржыға қоса, ағымдағы жылы қосымша қаражат бөлінді. Өйткені жол қатынасының жақсарғаны шетелдік инвесторларға да өте тиімді, – деді Алтай Сейдірұлы БАҚ өкілдерімен әңгіме барысында.
Бүгінгі күні Ақсай қаласының төңірегіндегі Аралтал ауылында жаңа 100 үй салынуда. Бұл су жаңа баспаналарға Қарашығанақ кен орнының санитарлық-қорға- ныс аймағының ұлғаюына байланысты Березов және Бестау ауылының тұрғындары қоныс аудармақ. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Марасант» ЖШС үш бөлмелі 50 үй, «Строительная инициатива» ЖШС төрт бөлмелі 50 үй салуға, ал «KazConctructionGroup» ЖШС инженерлік желілерді тартуға міндеттенген болатын. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов қабырғасы қаланып, төбесі жабылғалы жатқан үйге кіріп, жұмыс сапасын, құрылыс барысын мамандардан егжей-тегжейлі сұрап, іле-шала инженерлік желілер сызбасына зер салды. Екі мердігер мекеме де үйлерді түгелге жуық тұрғызып үлгерген екен. Енді қалған бір-екі үйдің қабырғалары сәт санап биіктей түсуде. «Марасант» ЖШС құрылысқа 170 адамды тартса, ал «Строительная инициатива» ЖШС бас директорының орынбасары Жандос Ермағамбетов бүгінгі күні 170-тей кісі жұмыс істеп жатқанымен, таяуда жұмысшы санын 200-ге дейін көбейтпек екендіктерін тілге тиек етті.
Үйлердің ішіне электр желісі жүргізіліп, су құбырын тартылып, сылақ жұмыстары атқарылуда. Қазіргі кезге дейін межелі жұмыстың 70 пайызы орындалды, – деді ол өңір басшысымен әңгіме барысында. Облыс әкімі мердігер мекемелердің басшыларына алдағы желтоқсанға дейін барша жұмысты сапалы орындап, мойындарына алған шаруаларын дер кезінде тәмамдауды нықтап тапсырды. Бұдан соң облыс басшысы Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында «Марасант» ЖШС салып жатқан 149 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйге ат басын бұрды. Үшбу үйдің құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған көрінеді. Бөрлі ауданы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, баспана кезегіне тұрғандар 72 пәтерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы осы еңселі баспанадан пәтер иелене алады. Бұдан артылған пәтерлер банк салымшыларының еншісіне тимек. «УральскСтройИнвест» ЖШС 75 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын қыркүйек айында бастаған болатын. Жалпы аумағы 5083 шаршы метрді құрайтын бұл үй үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясын-да республикалық және жергілікті бюджеттен 614 741,0 млн теңге қарастырылған. Бұл үй жоба бойынша келер жылғы шілдеде бітуі тиіс. Бұған қоса «УральскСтройИнвест» ЖШС келер жылдың қаңтарында тапсырылуы тиіс 320 орындық балабақша құрылысын жүргізуде. Серіктестік директоры Алексей Безьяновтың айтуынша, жұмысқа 87 адам жұмылдырылған. Бұл балабақша үшін «ҚПО б.в.» компаниясы 650 миллион теңге бөлген екен.
– Инфрақұрылым тармақтары, яғни инженерлік желілер толық тартылды. Электр және жылыту жүйесі қолданысқа дайын. Құрылыс жұмыстары біте келе, төңіректі көріктендіру жұмысына кірісеміз. Нысанды жобаға сәйкес мерзімінде тапсыруға уәде береміз. Құрылысшыларға еңбекақы уақтылы берілуде, – деді Алексей Безьянов. Өз міндетіне алған шаруаны тап-тұйнақтай қылып атқарып жатқан мекеменің басшы-қосшысына облыс әкімі ризашылығын білдірді.
Осы сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов Ақсайда өткен жылдан бастап жаңа жылыту қазандықтары орнатылып жатқан құрылыс нысанында болды. Аталмыш жоба желтоқсанда мәреге жетуі шарт. Әрбіреуінің қуаты 10 МВт болатын төрт жылыту қазандығының игілігін 4 және 5-ықшамаудандардың тұрғындары көретін болады. Бұған дейін қолданыста болған жылыту жүйесі ажыратылып, енді тек төтенше жағдайда ғана қосылатын болады. «КаzConctructionGroup» ЖШС-ның директоры Мұратбек Мұхамбедиев қазандықтар орнатылғанын, енді қажетті бөлшектерді құрастыру аяқталып қалғанын алға тартты. «ҚПО б.в.» компаниясы қаржыландырып отырған бұл жобаның құны – 854 млн теңге. Құрылыс нысанында жылыту қазандықтарымен қатар су құбырлары, кәріз жүйесі, екі электр желісі болады. Келешекте бұл нысанда 80-ге тарта адам жұмыс істейтін көрінеді.
Ақсай қаласында «Фирма АТК» ЖШС дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуда. Бұл мекеменің директоры Жәнібек Нұғыманов бұған дейін жұмысты кешеуілдеткені үшін облыс басшысынан ескерту алған еді. Сөйте тұра жұмыс қарқыны әлі де ширамағаны аңғарылады. Жобаға сәйкес құрамында 1200 орындық стадионы, әртүрлі секцияға арналған ауқымды спорттық залы, тіпті шағын автопаркі салынуы тиіс кешен аумағында бар болғаны 52 адам ғана еңбек етеді екен.
– Бөрлі ауданындағы бірнеше құрылыс нысанында болдым. Бөрлі – Ақсай бағытында жолды жөндеу мерзімінен бұрын аяқталмақ. Аралтал ауылында Березов және Бестау ауылының тұрғындарына арналған 100 баспана құрылысы жылдың аяғына дейін жоспарланған. Бірақ 306 тұрғын жазбаша өтініш жазып, ауылдарда балаларының оқу жылы аяқталғанын күтетінін айтты. Себебі, Аралталда салынып жатқан жаңа мектеп келесі жылы пайдалануға берілмек. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешеніндегі жұмыс барысы сылбыр. Құрылыс жобасын бірге жүзеге асыратын серіктес компания сенімді ақтамады. Алайда мердігерге жұмыс қолын көбейтіп, биылғы жылдың соңына дейін жобаны тиянақтауды тапсырдым. Ақсайдың көшелеріне де жөндеу жүргізілуде. Әрине, құрылыс жұмыстарының уақтылы және сапалы атқарылуы біздің ұдайы назарымызда. Елбасының тапсырмасына сәйкес, ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында салынып жатқан жаңа нысандардың бәрі де Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тамаша тарту болары сөз-сіз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауданына жұмыс сапарын қорытындылай келе. Өңір басшысы айтқандай, жоба жоспарға сәйкес дер кезінде әрі сапалы салынған әрбір нысан ел-жұрттың болашаққа қоса, ресми билікке деген сенімін де нығайта түсері шүбәсіз.