23-25 қыркүйек күндері аралығында елорда төрінде Астанадағы Жамбыл облысының күндері өтеді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған осынау іс-шара «Тарихы терең Тараздан тағзым!» деген тақырыпқа ие болып отыр.
Үш күн бойы Астана қаласында Жамбыл өңірі шаруаларының өнімдері жәрмеңкесі өтеді. Сондай-ақ жамбылдық өнерпаздар да өз өнерлерімен астаналықтардың көңілін көтереді. Атап айтқанда, бұл күндері Жамбыл облыстық қазақ және орыс драма театрының артистері М.Әуезовтің повесінің желісі бойынша Н.Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасын, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын, С.Маршақтың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегі қойылымын, Ш.Айтматовтың повесі желісімен сахналанған «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» қойылымын, Ф.Буляковтың «Выходили бабки замуж» комедиясын сахналайтын болады. Сонымен қатар Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары «Ұлы дала ұлысым!» атты концертін ұсынып, жамбылдық кәсіпорындардың «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында көрмесі өтеді.
Білім саласында бәсекелестік басым
Еліміздің тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде аймақта білім саласына үлкен көңіл бөлінді. Білім саласын қаржыландыру көлемі өсіп, 1999 жылы 2,7 млрд теңге бөлінсе, 2016 жылы 90,3 млрд теңге бөлінді, яғни 33,4 есе өсті. Оның қатарында, тәуелсіздік алған жылдары облыста 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 440-қа жетті, яғни 14,7 есе өсті. Сондай-ақ бүгінгі күні өңірде 276 балабақша және 164 шағын орталықтарда 46944 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында –55,1%, 3-6 жас аралығында 75,5% болып отыр. 1991 жылмен салыстырғанда жалпы білім беретін мектептердің саны 44-ке өскен (1991 жылы – 406 мек-теп, оның 63-і – бастауыш, 73-і – негізгі, 270-і – орта мектептер болатын). Бүгінгі күні облыс мектептерінің 314-і – қазақ, 15-і – орыс, 120-сы – аралас, 1-еуі – өзбек тілінде жұмыс істейді, яғни 1991 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны 154-ке өсіп, орыс тілінде білім беретін мектептер 112-ге кеміген (1991 жылы 160-ы – қазақ, 117-сі – аралас, 127-сі – орыс, 2-еуі – өзбек мектебі). 2016 жылғы мектеп оқушыларының республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда облыс оқушылары командалық есепте I орындарды жеңіп алды (республикалық олимпиада қорытындысы бойынша 2012, 2013, 2014, 2015, 2016ж. I орын; республикалық ғылыми жарыстарда 2013, 2014, 2015, 2016 ж - I орын). Халықаралық пәндер олимпиадасы мен ғылыми жарыстарда облыс оқушылары 2016 жылы (8 айында) 68 медальді жеңіп алды.
Тәуелсіздік алған жылдары облыс бойынша 10 мектептен тыс мекеме ғана жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 65-ке жетіп отыр. Онда 37056 (18,6%) оқушы қосымша білім берумен қамтылған. 34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде – 16997 (8,5%) оқушы, жалпы білім беретін мектептердегі 1938 спорт секцияларында – 39900 (20%) оқушы спортпен шұғылдануда. Жалпы, облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған оқушылар үлесі – 47,1%-ды құрады.
1991 жылы облыстың бірде-бір білім мекемесі компьютермен жабдықталмаған болса, бүгінгі күні облыстағы 450 мектепте 18756 компьютер бар. 1 компьютерге 10 оқушыдан келеді. Сондай-ақ 450 мектептің барлығы 100% интернет желісіне қосылған, оның ішінде 436 (97,1%) мектеп кең арналы интернет желісіне қосылған. Тәуелсіздік алғаннан бері облыста 102 білім беру нысаны салынып пайдалануға берілді. Оның ішінде 76 мектеп, 25 балабақша, 1 колледж. 2005-2015 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджет есебінен облыстағы 291 мектепке лингафонды-мультимедиялық кабинеттер, 164 мектепке физика кабинеттері, 165 мектепке химия кабинеттері, 192 мектепке биология кабинеттері алынып, 138 мектепке 690 интерактивті тақталар орнатылды.
1991 жылы облыста 8 колледж, 24 кәсіптік лицейлерде 20 мыңға жуық оқушы білім алса, бүгінгі күні, 48 колледжде 27701 студент білім алуда. Яғни, колледждердің саны 16-ға өскен.
Аграрлық кешендер саны артты
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында ауыл шаруашылығы елеулі дағдарысты бастан кешірді. Оның басты себебі — ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық болатын. Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына колхоздар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Облыс меншігіндегі 20-дан астам астық өндіретін кеңшарларынан, 150-дей қой шаруашылығымен айналысатын колхоздары мен 6 шақты құс фабрикаларынан айырылып қалды. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азайды және егіншілік өнімдері мен егін егетін жер көлемі азайды. Сол себепті 1992-1998 жылдары аралығында ауылшаруашылық өнімі 55 пайызға қысқарды, астық өндіру кеміді.
Мемлекеттің қолдауы мен озық технологияларды өндіріске енгізудің және әртараптандырудың нәтижесінде 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың көлемі 4,1 мың гектардан 91,2 мың гектарға, картоп 4,6 мың гектардан 8,5 мың гектарға, көкөніс 5,4 мың гектардан 26,1 гектарға және бақша 1,9 мың гектардан 10,1 мың гектарға дейін артты. 2000 жылдан бастап облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерде су үнемдеу және ылғал ресурс сақтау технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні облыста су үнемдеу технологиялары 11 мың гектар енгізіліп, өткен жылмен (2015 жылы – 8,1 мың га) салыстырғанда 2,9 мың гектарға артса, ылғал сақтау технологиясы 4,1%-ға өсіп, 25,0 мың гектарға жетті.
Өңірде жылыжай өндірісі қолға алынып, онда өндірілген өнімдер жергілікті халықты көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа өңірлерге жіберілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы аумағы 24,2 гектарлық 28 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішіндегі 17,7 гектарлық 23 жылыжай фермерлік болса, 5,5 гектарды құрайтын 5 жылыжай өнеркәсіптік болып есептеледі.
Облыстағы басты саланың бірі — мал шаруашылығы. Мысалы, 1991 жылы облыста 300,3 мың бас ірі қара болса, 2002 жылы оның 209,5 мың басы ғана қалды. Ал тиісінше қой мен ешкі 3,7 млн бастан, 1,3 млн басқа, жылқы 101,6 мыңнан бастап 63,3 мың басқа дейін азайып кетті. Дегенмен 2000 жылдан басталған ауыл шаруашылығындағы тың серпіліс мал шаруашылығы саласының дамуында да көрініс тапты. Мәселен, 2015 жылдары ірі қара малы 1991 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға, жылқы 2%-ға артты. Сондай-ақ ет өндіру 97,4%-ға, сүт өндіру 312%-ға, жұмыртқа өндіру 320%-ға артты. Қазір облыстағы мал басының 75%-дан астамы жеке шаруа қожалықтарда шоғырланған.
Қазақстан Үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп отырды. 2008 жылдан бері мемлекет тарапынан облысымыздың ауыл шаруашылығы саласына барлығы 40,8 млрд теңге жұмсалды. Ауылда шаруашылық саласын дамытудың жаңа формалары қалыптасты. Өңірде көптеген шаруа қожалықтар мен серіктестіктер, кооперативтер құрылып, ауылды жерлерде тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері қалыптасты. Қазіргі таңда облыс көлемінде 17600 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның 16000 шаруа қожалық, 20 өндірістік кооператив, 100 шақты серіктестік және 60 жекеменшік кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың ішінде «Шәушен» асыл тұқымды мал шаруа қожалығы мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС және тағы басқалары облысымыздағы аса ірі тауар өндірушілер болып саналады. Мысалы, 1996 жылы құрылған «Шәушен» асыл тұқымды мал шаруа қожалығы осы жылдар ішінде қой санын 31 мыңға, жылқы санын 2 мыңға жеткізіп, 110 адамды жұмыспен қамтыды. Одан бөлек, құны 250 млн теңгелік жылына 110 тонна бие сүтін өндіріп және өңдейтін зауытын іске қосты. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС жылына 4000 тонна шошқа етін, 60 тонна балық және 2 тонна балық уылдырығын және 43200 тонна құрама жем дайындайтын ірі шаруашылыққа айналды.
Экономикалық дамуда оң бағыт
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында облыс экономикасында дамудың оң динамикасы байқалады. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға халық саны 1111,0 мың адамға жетті, 24 жылда 68,8 мың адамға артты. Сондай-ақ ауыл тұрғындары санының өсімі (1991 жылы 51,8%-дан 2015 жылғы 59,5%-ға дейін) мен қала тұрғындары санының төмендеуі (48,2%-дан 40,5%-ға дейін) байқалады. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2000 – 2015 жылдар аралығында нақты 2,7 есе артып, 2000 жылғы 57,8 млрд теңгеге қарсы 2015 жылы 1050,4 млрд теңге болды. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2015 жылы 950,8 мың теңгеге жетті, бұл 2000 жылдың деңгейінен 16,2 есе артық. Рас, бұл жылдар ағымында облыс экономикасының нақты секторы бірқатар қиын кезеңнен өтті.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі өңірде 2000 жылғы 25,8 млрд теңгеден 2015 жылы 283,9 млрд теңгеге дейін артып, нақты 2,5 есе ұлғайды. Айтарлықтай өсім аталмыш кезең ішінде тау-кен өнеркәсібінде байқалады – 1,1 млрд теңгеден 23,3 млрд теңгеге дейін. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім динамикасы қалыптасып, өткен жылдың нәтижесі бойынша 18,9 млрд теңгеден 196,7 млрд теңгеге дейін өсті.
Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 162,4 млрд теңге болды. Базалық химия өнеркәсібін («Казфосфат» ЖШС) қалыптастыруға және дамытуға, тек жеке қажеттілікті жабуға ғана емес («Мынарал Тас Компани» ЖШС), сондай-ақ еліміздің көрші өңірлеріне экспортқа шығаруға құрылыс материалдарын өндіру үшін минералды-шикізат базасын, сонымен бірге, бүгінгі күнге тек инвестиция көлемімен ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы құндылық ретінде құрамында алтын бар кеннің айтарлықтай қорын («АК «Алтыналмас» АҚ) сақтап қалу. 2003 жылдан бері облыста Амангелді газ конденсат кен орны игеріле бастады, бұл жаңа газ өндіру саласын дамытуға ықпалын тигізді. Металлургия өнеркәсібі едәуір дамып, 2006 жылы «Химпром – 2030» ЖШС-ындағы ферро балқыту өнімі өндірісіне қайта қалыптастырылды («Тараз металлургия зауыты» ЖШС), нәтижесінде облыста жаңадан қара металлургия кіші саласы дами түсті. Өнеркәсіп саласын дамытуда Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы басты құралдардың бірі болып табылды.
6 жылда (2010-2016 ж.ж.) экономиканың өңдеу саласында инвестиция көлемі 158,1 млрд теңгелік 43 кәсіпорын іске қосылып, 5,6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдары 1,3 есеге ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2 есеге арта отырып, қарқынды дамыды.
Бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. «Доре» балқуындағы алтын өндірісі «Алтыналмас» АК» АҚ, полимер бұйымдары «Құрылыс Полимер» ЖШС, жайма өндірісі «Асату» «Mark of perfection» ЖШС, бір рет қолданатын медицина бұйымдары «Super-Pharm» ЖШС, жылыжайда көкөніс өсіру, сүт өнімін өндіру және т.б. Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап «ЕуроХим Тыңайтқыштар» ЖШС Жаңатас қаласында минералды тыңайтқыштарды өндіретін химия зауытының құрылысы бойынша ірі жобаны іске асыруда, қуаттылығы жылына 1,4 млн тонна минералды тыңайтқыштар өндіру.
2 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жобаның құны – 356,5 млрд теңге. Сонымен қатар «Тараз Химия паркі» арнаулы экономикалық аймақ аумағында 5 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
28 млрд теңге инвестиция көлемімен каустикалық сода мен хлор, үшхлористі фосфор, глифосат, метанол өндірісі. 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Жамбыл облысы «жасыл экономиканы» дамытудың басымды бағыты бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың қатарында. Облыста жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) 8 нысаны бар, жалпы қуаттылығы 78 МВт.
Өңір мәдениеті көш бастап тұр
Соңғы жылдары өңірде мәдениет ошақтары көптеп ашылып, 545 мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде мәдениет үйлері мен клубтардың саны 2000 жылы 15 болса бүгінгі күні 199-ға жетті, ал кітапханалар саны 1999 жылы 21 болса, бүгінгі таңда 287 кітапханаға жетіп отыр. Мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де жыл санап артып келеді. «Жұмыспен қам-ту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында соңғы 4 жылда 1 795,0 млн теңгеге 111 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеуден өтсе, биылғы жылы облыстық бюджеттен 242,5 млн теңге бөлініп, 29 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық қазақ драма театрының 80 жылдығы қарсаңында көп жылдан бері жөндеу көрмеген театр ғимаратына 526,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. «Тарихи мұра – баға жетпес қазына» дейді дана халқымыз. Көненің көзі, өркениетіміздің өзегі – ол тарихи жәдігерлеріміз. Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны 3 365. Оның ішінде 741 тарихи -мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған, 713 ескерткіші – жергілікті дәрежедегі, ал 28-і – республикалық дәрежедегі ескерткіштер. Алдын ала тізімге тіркелгені – 2624 ескерткіш. Тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қалпына келтіру мақсатында, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында 2009 жылдан бері 10 ауданның және Тараз қаласының ескерткіштер жинақ кітабы шықты.
2011 жылдан бастау алған «Ежелгі Тараз» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама нәтижелерге қол жеткізді. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Мәңгілік ел монументі және «Ежелгі Тараз» қалашығы аумағында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы («Көне Тараз» мұражайы, «Бақылау мұнарасы», «Мыңбұлақ» аллеясы, «Тараз әуендері» кешені) бой көтерді. Сонымен қатар 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне Жамбыл облысында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені енгізілген.
Өнеркәсіп өркендеп тұр
Кеңес өкіметі ыдыраған соң республикамыздың барлық өңірінің экономикасында, оның ішінде біздің облысымыздың өнеркәсіп өндірісінде өнім өндіру төмендегені байқалады. Осы кезеңде көп кооперативтік байланыстардың үзілуіне, өнім өндіру нарқының болмауына, сатып алушылардың төлем қабілетінің төмендеуіне және қаржылық дағдарысқа байланысты облысымыздағы алдыңғы қатарлы өнеркәсіп кәсіпорындары, атап айтқанда, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Суперфосфат зауыты Химпром ЖӨБ, Арақспирт комбинаты, ПОШ фабрикасы, Былғары аяқкиім комбинаты және басқалар дағдарысқа ұшырап, көбісі тоқтап қалды. 1991 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты өнім индексі 95,5 % құраса, 1997 жылы 94,5 пайызды құрады. Облысымызда өнеркәсіп өндірісінің қарқынды дамуы 90-жылдардың соңынан басталды. Атап айтсақ, негізгі тоқтап қалған өнеркәсіп орындарының көбісі жұмыстарын жандандырып іске қосылса, шағын кәсіпорындар өз жұмыстарын қайта бастады, сол сияқты өнім өндіру 1998 жылы 4,9 пайызға артса, 2000 жылы – 5,2 пайызға, 2004 жылы – 28,7 пайызға және 2007 жылы 14,1 пайызға артты. Химия өнеркәсібі саласына 2000 жылдан бастап «Казфосфат» ЖШС келуіне байланысты, фосфор өндіру өндірісі ар-тып, химиялық өнімдерді өткізу нарығы кеңейді. Қазіргі кезеңде, аталған компания облыс өнеркәсіп өнімінің 23 %-дан артығын өндірсе, экспортқа шығарылатын тауардың 70 %-дан артығын қамтамасыз етіп отыр. 2003 жылдан бастап құрал жабдықтарын жаңғырту жасау арқылы «Қант» АҚ-та қант өнімдерін өндіру артып келеді, 2005 жылдан бастап аталған өнеркәсіп орнының технологиялық схемасының ішінара жаңартылуына байланысты, қант шикізаты өнімдерін өндіру тәулігіне 500 тоннадан 650 тоннаға дейін артып отыр. Облысымызда тұңғыш рет Амангелді кен орнында 2003 жылдан бастап табиғи газ және газ конденсатын өндіру қолға алынды («АмангелдіГаз» ЖШС). Сол сияқты, осы кәсіпорында 2006 жылдан бастап бензин шығару жұмыстары басталды («Амангельдинский ГПЗ» ЖШС). 2007 жылдан бастап бұрынғы «Химпром 2030» ЖШС базасында жаңадан «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС құрылып, фосфор өнеркәсібін өндіретін кәсіпорнының орнына қайта жабдықталып, металлургия кәсіпорны құрылды. 2009 жылы «Жамбылгипс» АҚ-та гипсокартон шығаратын жаңа қондырғы іске қосылды. Сол сияқты 2010 жылы ұзақ уақыт жұмыс атқармай тұрған «СК САФ» «Южный-3» АҚ филиалында шыны шығаратын пешке суық жөндеу жұмыстары жүргізілді, «Шығыс кенорны» ЖШС-да жаңа қайта өңдеу фабрикасы іске қосылды. «Мерке қант зауыты» ЖШС-да газды әк шығару пешінде футировка жасалып, автоматтандыру жұмыстары, сол сияқты ВПИ 1251-Т-01 центрофуганы ауыстыру, ВП27/9 ауа компрессорларын сатып алу жұмыстары жүргізілуде. «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС-да тетропакет шығаратын жаңа желі іске қосылып, иогурт шығаратын цехты жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2009 жылғы дүниежүзін шарпыған экономикалық дағдарысқа байланысты облысымызда өнеркәсіп өнімдерін өндіру едәуір төмендеді. Атап айтсақ, 2009 жылы өткен жылмен салыстырғанда НӨИ 70,4 % төмендеді. Сонымен қатар облысымыздағы жұмыс атқарып тұрған 63 ірі және орта кәсіпорындардың ішінен 12-сі толықтай немесе ішінара тоқтап қалды. Дегенмен де 2010 жылдан бастап, облысымыздағы барлық өнеркәсіп саласында жұмыс атқару тұрақтандырылып, осыған орай өткен жылы аймақта өнеркәсіп өнімін өндіру 124,7 млрд теңгеге жетіп, 2009 жылмен салыстырғанда 9,6 млрд теңгеге өсті немесе 14 % артып отыр.
Облысымызда жұмыс атқарып тұрған кәсіпорындарда өнеркәсіпті модернизациялау жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Мысалы, «Казфосфат» ЖШС компаниясында 2 кен үгіту трубалы диірмендерінде қазіргі заман талабына сай соңғы үлгідегі қуаттылығы 2250 кВт электроқозғағыштар орнатылды. Сол сияқты, энергияның өнімділігін арттыратын приборларды және ескірген құрал-жабдықтарды алмастыру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорында сары фосфор өндірісінде соңғы үлгідегі микропроцессорлық техниканы қолдану арқылы пештен шығатын газдарға утилизация жасауға автоматикалық технология жүйесі пайдаланудың нәтижесінде, өндірістік шығындарды төмендету, сары фосфор өндірісінде фосфорит агломератының сапасын арттыруға, пештен шығатын газдың утилизация жасау жүйесін енгізуге қол жеткізілді.
Өнеркәсіптің дамуының негізгі құралы Индустрияландыру картасының бірінші бес жылдығы барысында, Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдары Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста жалпы сомасы 123,3 млрд теңгеге 33 инвестициялық жоба іске асырылды, 5 000-ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдары Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында (екінші бесжылдық) облыста жалпы сомасы 511,4 млрд теңгеге 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Аталған жобалардың іске қосылуы құрылыс кезеңінде 5,6 мың жұмыс орнын және іске қосылғаннан кейін 5,4 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Салыстыра айтсақ, 1991 жылы Жамбыл облысында қолданыстағы баға бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,1 млн теңгені құраса, 2016 жылдың қаңтар-шілдесінде Жамбыл облысында қолданыстағы баға бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 193 178,0 млн теңгені құрады. Бұл дегеніңіз, даму даңғылының жолы кең деген сөз. Елбасы өзінің Жолдауында айтып өткендей, Қазақстанның ХХI ғасырда әлеуметтік және индустриалды модернизациялаудың басты құралы – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады. Облысымызда шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына бар жағдайлар жасалуда. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер – қоғамның ең белсенді бөлігі және бұл белсенділік жылдан-жылға артып келеді. Егер 2004 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда 25 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік тіркелсе, бүгінгі таңда тек жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 60 мыңнан асты (өсім 35,0 мың бірлікке), мұнда 128 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі артып келеді. Егер 2004 жылдың қорытындысы бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерімен 3,4 млрд теңгеге өнім өндірілсе, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 327,6 млрд теңге.
Спортшыларымыз – мақтанышымыз
1991 жылы облыс бойынша 28 спорт мектебі жұмыс атқарған. Ал 1996 жылғы тоқырау кездерінде 20 спорт мектебі жабылып, тек 8 спорт мектебі қалды.
1996 – 2016 жылдар аралығында спорт мекемелерінің саны 8-ден 45-ке дейін (оның ішінде, спорт түрлері бойынша 7 спорт клубы, «Бұқаралық-спорттық шаралар өткізу орталығы», «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебі», «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы», «Тараз-Арена» спорт сарайы, облыстық мамандандырылған дарынды балалар мектеп-интернаты және 33 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі) артты, ал ондағы спортпен шұғылданушылар саны 4188 спортшыдан 20902 спортшыға көбейді. ҚР Тәуелсіздік алғалы бері облыста әлемдік деңгейде көптеген спорттық шаралар өткізілді. Атап айтсақ, армрестлингтен 12 мемлекеттің қатысуымен ашық Азия кубогы, 2012 жылдан дәстүрлі түрде мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев атындағы еркін күрестен халықаралық турнирі, бильярдтан Әлем чемпионаты, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Польша, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан құрама қомандаларының қатысуымен қазақ күресінен 3-рет «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі жоғарғы деңгейде өткізілді. Волейболдан Испания, Венесуэла, Египет және Қазақстан құрама командаларының қатысуымен Әлемдік лиганың 1-кезеңі сынды айтулы жарыстар өткізілді.
Егемендіктің 25 жылында өңірдегі 26 спортшы Әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанса, 38 спортшы Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанды. Жамбыл облысының спортшылары Олимпиада ойындарында 8 медальға (2 алтын, 3 күміс, 3 қола), Сурдлимпиада және Паралимпиада ойындарында 2 алтын медальға ие болды. Атап айтсақ, олар – Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметов, Ғабит Есжанов пен Зүлфия Ғабидуллина.