$ 443.35  475.54  4.82

Астанада Жамбыл облысының күндері өтеді

23-25 қыркүйек күндері аралығында елорда төрінде Астанадағы Жамбыл облысының күндері өтеді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орайластырылған осынау іс-шара «Тарихы терең Тараздан тағзым!» деген тақырыпқа ие болып отыр.

Үш күн бойы Астана қаласында Жамбыл өңірі шаруаларының өнімдері жәр­меңкесі өтеді. Сондай-ақ жамбылдық өнерпаздар да өз өнерлерімен астаналық­тардың көңілін көтереді. Атап айтқанда, бұл күндері Жамбыл облыстық қазақ және орыс драма театрының артистері М.Әуезов­тің повесінің желісі бойынша Н.Ораза­линнің «Қилы заман» тарихи драмасын, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын, С.Маршақтың «Кошкин дом» атты бала­ларға арналған ертегі қойылымын, Ш.Айтматовтың повесі желісімен сахналанған «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл тө­бет» қойылымын, Ф.Буляковтың «Вы­хо­дили бабки замуж» комедиясын сах­налайтын болады. Сонымен қатар Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары «Ұлы дала ұлысым!» атты концертін ұсы­нып, жамбылдық кәсіпорындардың «Қа­зақ­станда жасалған» акциясы аясында көрмесі өтеді. 

Білім саласында бәсекелестік басым

Еліміздің тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде аймақта білім саласына үлкен көңіл бөлінді. Білім саласын қаржыландыру көлемі өсіп, 1999 жылы 2,7 млрд теңге бө­лінсе, 2016 жылы 90,3 млрд теңге бөлінді, яғни 33,4 есе өсті. Оның қатарында, тәуел­сіздік алған жылдары облыста 30 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 440-қа жетті, яғни 14,7 есе өсті. Сондай-ақ бүгінгі күні өңірде 276 балабақша және 164 шағын орталықтарда 46944 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып, мектепке дейінгі тәр­биемен қамтылғандар үлесі 1-6 жас аралығында –55,1%, 3-6 жас аралығында 75,5% болып отыр. 1991 жылмен салыс­тыр­ғанда жалпы білім беретін мектептердің саны 44-ке өскен (1991 жылы – 406 мек­-теп, оның 63-і – бастауыш, 73-і – негізгі, 270-і – орта мектептер болатын). Бүгінгі күні облыс мектептерінің 314-і – қазақ, 15-і – орыс, 120-сы – аралас, 1-еуі – өзбек ті­лін­де жұмыс істейді, яғни 1991 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде білім беретін мек­тептердің саны 154-ке өсіп, орыс тілінде білім беретін мектептер 112-ге кеміген (1991 жылы 160-ы – қазақ, 117-сі – аралас, 127-сі – орыс, 2-еуі – өзбек мектебі). 2016 жылғы мектеп оқушыларының респуб­ли­калық пән олимпиадалары мен ғылыми жарыстарда облыс оқушылары командалық есепте I орындарды жеңіп алды (респуб­ликалық олимпиада қорытындысы бойын­ша 2012, 2013, 2014, 2015, 2016ж. I орын; республикалық ғылыми жарыстарда 2013, 2014, 2015, 2016 ж - I орын). Ха­лықа­ралық пәндер олимпиадасы мен ғылыми жа­рыс­тарда облыс оқушылары 2016 жылы (8 айында) 68 медальді жеңіп алды.

Тәуелсіздік алған жылдары облыс бо­йын­ша 10 мектептен тыс мекеме ғана жұ­мыс істесе, бүгінгі күні олардың саны 65-ке жетіп отыр. Онда 37056 (18,6%) оқушы қо­сымша білім берумен қамтылған. 34 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде – 16997 (8,5%) оқушы, жалпы білім беретін мек­тептердегі 1938 спорт секцияларында – 39900 (20%) оқушы спортпен шұғыл­да­нуда. Жалпы, облыс бойынша қосымша білім берудің барлық түрімен қамтылған оқушылар үлесі – 47,1%-ды құрады. 

1991 жылы облыстың бірде-бір білім мекемесі компьютермен жабдықталмаған болса, бүгінгі күні облыстағы 450 мектепте 18756 компьютер бар. 1 компьютерге 10 оқушыдан келеді. Сондай-ақ 450 мектептің барлығы 100% интернет желісіне қосылған, оның ішінде 436 (97,1%) мектеп кең арналы интернет желісіне қосылған.
Тәуелсіздік алғаннан бері облыста 102 білім беру нысаны салынып пайдалануға бе­рілді. Оның ішінде 76 мектеп, 25 бала­бақша, 1 колледж. 2005-2015 жылдар ара­лы­ғында республикалық және жергілікті бюджет есебінен облыстағы 291 мектепке лингафонды-мультимедиялық кабинеттер, 164 мектепке физика кабинеттері, 165 мек­тепке химия кабинеттері, 192 мектепке биология кабинеттері алынып, 138 мек­теп­ке 690 интерактивті тақталар орнатылды.

1991 жылы облыста 8 колледж, 24 кәсіп­тік лицейлерде 20 мыңға жуық оқушы білім алса, бүгінгі күні, 48 колледжде 27701 сту­дент білім алуда. Яғни, колледждердің саны 16-ға өскен.

Аграрлық кешендер саны артты

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылда­ры­ның басында ауыл шаруашылығы елеулі дағдарысты бастан кешірді. Оның басты себебі — ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық болатын. Ауыл шаруашылы­ғы­ның терең дағдарысқа ұшырауына колхоз­дар мен кеңшарларды жаппай және тез арада жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Облыс меншігіндегі 20-дан астам астық өндіретін кеңшарларынан, 150-дей қой шаруашылығымен айналы­сатын колхоздары мен 6 шақты құс фаб­рикаларынан айырылып қалды. Ауылша­руа­шылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа тех­но­логияны өндіріске енгізу, негізгі қор­лар­ды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азайды және егіншілік өнімдері мен егін егетін жер көлемі азайды. Сол себепті 1992-1998 жылдары аралығында ауылшаруашылық өнімі 55 пайызға қысқарды, астық өндіру кеміді. 

Мемлекеттің қолдауы мен озық техно­логияларды өндіріске енгізудің және әртараптандырудың нәтижесінде 1991 жыл­мен салыстырғанда майлы дақылдар­дың көлемі 4,1 мың гектардан 91,2 мың гектарға, картоп 4,6 мың гектардан 8,5 мың гектарға, көкөніс 5,4 мың гектардан 26,1 гектарға және бақша 1,9 мың гектардан 10,1 мың гектарға дейін артты. 2000 жылдан бастап облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерде су үнемдеу және ылғал ресурс сақтау технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүр­гізілді. Бүгінгі күні облыста су үнемдеу технологиялары 11 мың гектар енгізіліп, өткен жылмен (2015 жылы – 8,1 мың га) салыстырғанда 2,9 мың гектарға артса, ылғал сақтау технологиясы 4,1%-ға өсіп, 25,0 мың гектарға жетті. 

Өңірде жылыжай өндірісі қолға алы­нып, онда өндірілген өнімдер жергілікті халықты көкөніспен қамтамасыз етіп қана қоймай, басқа өңірлерге жіберілуде. Қазіргі таңда облыс бойынша жалпы аумағы 24,2 гектарлық 28 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішіндегі 17,7 гектарлық 23 жылыжай фермерлік болса, 5,5 гектарды құрайтын 5 жылыжай өнеркәсіптік болып есептеледі. 

Облыстағы басты саланың бірі — мал шаруашылығы. Мысалы, 1991 жылы об­лыста 300,3 мың бас ірі қара болса, 2002 жылы оның 209,5 мың басы ғана қалды. Ал тиісінше қой мен ешкі 3,7 млн бастан, 1,3 млн басқа, жылқы 101,6 мыңнан бастап 63,3 мың басқа дейін азайып кетті. Деген­мен 2000 жылдан басталған ауыл шаруа­шылығындағы тың серпіліс мал шаруашы­лығы саласының дамуында да көрініс тап­ты. Мәселен, 2015 жылдары ірі қара малы 1991 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға, жылқы 2%-ға артты. Сондай-ақ ет өндіру 97,4%-ға, сүт өндіру 312%-ға, жұмыртқа өндіру 320%-ға артты. Қазір облыстағы мал басының 75%-дан астамы жеке шаруа қо­жа­лықтарда шоғырланған.

Қазақстан Үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп отырды. 2008 жылдан бері мемлекет тарапынан об­лысымыздың ауыл шаруашылығы саласына барлығы 40,8 млрд теңге жұмсалды. Ауылда шаруашылық саласын дамытудың жаңа формалары қалыптасты. Өңірде көптеген шаруа қожалықтар мен серіктестіктер, коо­перативтер құрылып, ауылды жерлерде тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері қалыптасты. Қазіргі таңда облыс көлемінде 17600 ауыл шаруашылығы құрылымы болса, оның 16000 шаруа қожа­лық, 20 өндірістік кооператив, 100 шақты серіктестік және 60 жекеменшік кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың ішінде «Шәушен» асыл тұқымды мал шаруа қожалығы мен «Луговой жылқы зауыты» ЖШС және тағы басқалары облысымыздағы аса ірі тауар өндірушілер болып саналады. Мысалы, 1996 жылы құрылған «Шәушен» асыл тұқымды мал шаруа қожалығы осы жылдар ішінде қой санын 31 мыңға, жылқы санын 2 мыңға жеткізіп, 110 адамды жұмыспен қамтыды. Одан бөлек, құны 250 млн тең­гелік жылына 110 тонна бие сүтін өндіріп және өңдейтін зауытын іске қосты. Ал «Луговой жылқы зауыты» ЖШС жылына 4000 тонна шошқа етін, 60 тонна балық және 2 тонна балық уылдырығын және 43200 тонна құрама жем дайындайтын ірі шаруашылыққа айналды.

Экономикалық дамуда оң бағыт

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында облыс экономикасында дамудың оң динамикасы байқалады. 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға халық саны 1111,0 мың адамға жетті, 24 жылда 68,8 мың адамға артты. Сондай-ақ ауыл тұрғындары санының өсімі (1991 жылы 51,8%-дан 2015 жылғы 59,5%-ға дейін) мен қала тұрғындары санының төмендеуі (48,2%-дан 40,5%-ға дейін) бай­қалады. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2000 – 2015 жылдар аралығында нақты 2,7 есе артып, 2000 жылғы 57,8 млрд теңгеге қарсы 2015 жылы 1050,4 млрд теңге болды. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2015 жылы 950,8 мың теңгеге жетті, бұл 2000 жылдың деңгейінен 16,2 есе артық. Рас, бұл жылдар ағымында облыс экономикасының нақты сек­торы бірқатар қиын кезеңнен өтті. 

Өнеркәсіп өнімінің көлемі өңірде 2000 жылғы 25,8 млрд теңгеден 2015 жылы 283,9 млрд теңгеге дейін артып, нақты 2,5 есе ұлғайды. Айтарлықтай өсім аталмыш кезең ішінде тау-кен өнеркәсібінде байқалады – 1,1 млрд теңгеден 23,3 млрд теңгеге дейін. Өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім динами­касы қалыптасып, өткен жылдың нәтижесі бойынша 18,9 млрд теңгеден 196,7 млрд тең­геге дейін өсті.

Ағымдағы жылдың алғашқы жарты­жылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 162,4 млрд теңге болды. Базалық химия өнеркәсібін («Казфосфат» ЖШС) қалып­тастыруға және дамытуға, тек жеке қажет­тілікті жабуға ғана емес («Мынарал Тас Компани» ЖШС), сондай-ақ еліміздің көрші өңірлеріне экспортқа шығаруға құрылыс материалдарын өндіру үшін ми­нералды-шикізат базасын, сонымен бірге, бүгінгі күнге тек инвестиция көлемімен ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік маңыздағы құндылық ретінде құрамында алтын бар кеннің айтарлықтай қорын («АК «Алтынал­мас» АҚ) сақтап қалу. 2003 жылдан бері облыста Амангелді газ конденсат кен орны игеріле бастады, бұл жаңа газ өндіру сала­сын дамытуға ықпалын тигізді. Метал­лур­гия өнеркәсібі едәуір дамып, 2006 жылы «Химпром – 2030» ЖШС-ындағы ферро бал­қыту өнімі өндірісіне қайта қалыптас­тырылды («Тараз металлургия зауыты» ЖШС), нәтижесінде облыста жаңадан қара металлургия кіші саласы дами түсті. Өнер­кәсіп саласын дамытуда Қазақстан Респуб­ликасының индустриалдық-инновация­лық дамуының мемлекеттік бағдарламасы басты құралдардың бірі болып табылды. 

6 жылда (2010-2016 ж.ж.) экономиканың өңдеу саласында инвестиция көлемі 158,1 млрд теңгелік 43 кәсіпорын іске қосылып, 5,6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде өнеркәсіп өнімінің көлемі осы жылдары 1,3 есеге ұлғайды, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,2 есеге арта отырып, қарқынды дамыды.

Бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. «Доре» балқуындағы алтын өндірісі «Алтыналмас» АК» АҚ, полимер бұйымдары «Құрылыс Полимер» ЖШС, жайма өндірісі «Аса­ту» «Mark of perfection» ЖШС, бір рет қол­да­натын медицина бұйымдары «Super-Pharm» ЖШС, жылыжайда көкөніс өсіру, сүт өнімін өндіру және т.б. Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап «ЕуроХим Тыңайт­қыштар» ЖШС Жаңатас қаласында ми­нералды тыңайтқыштарды өндіретін химия зауытының құрылысы бойынша ірі жобаны іске асыруда, қуаттылығы жылына 1,4 млн тонна минералды тыңайтқыштар өндіру. 

2 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспар­ла­нып отыр. Жобаның құны – 356,5 млрд теңге. Сонымен қатар «Тараз Химия паркі» арнаулы экономикалық аймақ аумағында 5 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. 

28 млрд теңге инвестиция көлемімен каус­ти­калық сода мен хлор, үшхлористі фосфор, глифосат, метанол өндірісі. 1000-нан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспар­лануда.

Жамбыл облысы «жасыл экономиканы» дамытудың басымды бағыты бойынша өңірлер арасында көшбасшылардың қа­тарында. Облыста жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) 8 нысаны бар, жалпы қуаттылығы 78 МВт.

Өңір мәдениеті көш бастап тұр

Соңғы жылдары өңірде мәдениет ошақ­тары көптеп ашылып, 545 мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Оның ішінде мәдениет үйлері мен клубтардың саны 2000 жылы 15 болса бүгінгі күні 199-ға жетті, ал кітапханалар саны 1999 жылы 21 болса, бүгінгі таңда 287 кітапханаға жетіп отыр. Мә­дениет саласын дамытуға жергілікті бюд­жеттен бөлінетін қаражат көлемі де жыл санап артып келеді. «Жұмыспен қам­-ту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында соңғы 4 жылда 1 795,0 млн теңгеге 111 нысанда күрделі және ағымдағы жөн­деуден өтсе, биылғы жылы облыстық бюд­жеттен 242,5 млн теңге бөлініп, 29 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық қазақ драма театры­ның 80 жылдығы қарсаңында көп жылдан бері жөндеу көрмеген театр ғимаратына 526,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді. «Тарихи мұра – баға жетпес қазына» дейді дана халқымыз. Көненің көзі, өрке­ниетіміздің өзегі – ол тарихи жәдігерлері­міз. Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің саны 3 365. Оның ішінде 741 тарихи -мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған, 713 ескерт­кіші – жергілікті дәрежедегі, ал 28-і – республикалық дәре­же­дегі ескерткіштер. Алдын ала тізімге тір­кел­гені – 2624 ескерт­кіш. Тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қалпына келтіру мақсатында, ғылы­ми-зерттеу жұмыстары барысында 2009 жылдан бері 10 ауданның және Тараз қаласының ескерткіштер жинақ кітабы шықты. 

2011 жылдан бастау алған «Ежелгі Та­раз» қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама нәтиже­лерге қол жеткізді. 2015 жылы Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына орай Мәңгілік ел монументі және «Ежелгі Тараз» қалашығы аумағында «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы («Көне Тараз» мұражайы, «Бақы­лау мұнарасы», «Мыңбұлақ» аллеясы, «Тараз әуендері» кешені) бой көтерді. Сонымен қатар 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесіне Жамбыл облысында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қала­шықтары және Ақыртас кешені енгізілген. 

Өнеркәсіп өркендеп тұр

Кеңес өкіметі ыдыраған соң республи­камыздың барлық өңірінің экономика­сында, оның ішінде біздің облысымыздың өнеркәсіп өндірісінде өнім өндіру төмен­дегені байқалады. Осы кезеңде көп коопе­ративтік байланыстардың үзілуіне, өнім өндіру нарқының болмауына, сатып алу­шылардың төлем қабілетінің төмендеуіне және қаржылық дағдарысқа байланысты облысымыздағы алдыңғы қатарлы өнер­кәсіп кәсіпорындары, атап айтқанда, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты, Суперфосфат зауыты Химпром ЖӨБ, Арақспирт ком­бинаты, ПОШ фабрикасы, Былғары аяқ­киім комбинаты және басқалар дағ­да­рыс­қа ұшырап, көбісі тоқтап қалды. 1991 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда нақты өнім индексі 95,5 % құраса, 1997 жылы 94,5 пайызды құрады. Облысымызда өнеркәсіп өндірісінің қарқынды дамуы 90-жыл­дар­дың соңынан басталды. Атап айтсақ, негізгі тоқтап қалған өнеркәсіп орында­ры­ның кө­бісі жұмыстарын жандандырып іске қосылса, шағын кәсіпорындар өз жұмыс­тарын қайта бастады, сол сияқты өнім өн­діру 1998 жылы 4,9 пайызға артса, 2000 жылы – 5,2 пайызға, 2004 жылы – 28,7 пайызға және 2007 жылы 14,1 пайызға арт­ты. Химия өнеркәсібі саласына 2000 жылдан бастап «Казфосфат» ЖШС келуіне байланысты, фосфор өндіру өндірісі ар­-тып, химиялық өнімдерді өткізу нарығы кеңейді. Қазіргі кезеңде, аталған компания облыс өнеркәсіп өнімінің 23 %-дан арты­ғын өндірсе, экспортқа шығарылатын та­уар­дың 70 %-дан артығын қамтамасыз етіп отыр. 2003 жылдан бастап құрал жабдық­тарын жаңғырту жасау арқылы «Қант» АҚ-та қант өнімдерін өндіру артып келеді, 2005 жылдан бастап аталған өнеркәсіп орнының технологиялық схемасының ішінара жа­ңар­тылуына байланысты, қант шикізаты өнімдерін өндіру тәулігіне 500 тоннадан 650­­­­ тоннаға дейін артып отыр. Облы­сы­­мызда тұңғыш рет Амангелді кен орнында 2003 жыл­дан бастап табиғи газ және газ кон­ден­са­тын өндіру қолға алынды («Аман­гелдіГаз» ЖШС). Сол сияқты, осы кә­сіп­орын­да 2006 жылдан бастап бензин шы­ғару жұмыстары басталды («Амангель­динский ГПЗ» ЖШС). 2007 жылдан бастап бұрынғы «Химпром 2030» ЖШС база­сын­­­да жаңадан «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС құрылып, фосфор өнер­кәсі­бін өндіретін кәсіпорнының орнына қайта жабдықталып, металлургия кә­сіпор­ны құ­рыл­ды. 2009 жылы «Жамбылгипс» АҚ-та гипсокартон шығаратын жаңа қон­дырғы іске қосылды. Сол сияқты 2010 жылы ұзақ уақыт жұмыс атқармай тұрған «СК САФ» «Южный-3» АҚ филиалында шыны шыға­ра­тын пешке суық жөндеу жұ­мыстары жүр­гізілді, «Шығыс кенорны» ЖШС-да жаңа қайта өңдеу фабрикасы іске қосылды. «Мерке қант зауыты» ЖШС-да газды әк шығару пешінде футировка жа­салып, авто­мат­тандыру жұмыстары, сол сияқты ВПИ 1251-Т-01 центрофуганы ауыс­тыру, ВП27/9 ауа компрессорларын сатып алу жұмыс­тары жүргізілуде. «Мерке ірімшік зауыты» ЖШС-да тетропакет шы­ғаратын жаңа желі іске қосылып, иогурт шығаратын цехты жаңарту жұмыстары жүр­гізілуде. 2009 жылғы дүниежүзін шар­пы­ған экономикалық дағдарысқа байла­нысты облысымызда өнеркәсіп өнімдерін өндіру едәуір тө­мен­деді. Атап айтсақ, 2009­­ жылы өткен жылмен салыстырғанда НӨИ 70,4 % төмендеді. Сонымен қатар об­лы­сымыздағы жұмыс атқарып тұрған 63­ ірі және орта кәсіп­орындардың ішінен 12-сі толықтай немесе ішінара тоқтап қал­ды. Дегенмен де 2010 жылдан бастап, об­лысымыздағы барлық өнеркәсіп саласында жұмыс атқару тұрақ­тандырылып, осыған орай өткен жылы аймақта өнеркәсіп өнімін өндіру 124,7 млрд теңгеге жетіп, 2009 жыл­мен салыстырғанда 9,6 млрд теңгеге өсті немесе 14 % артып отыр.

Облысымызда жұмыс атқарып тұрған кәсіпорындарда өнеркәсіпті модерни­за­циялау жұмыстары белсенді түрде жүргі­зі­луде. Мысалы, «Казфосфат» ЖШС компа­ниясында 2 кен үгіту трубалы диірмен­дерінде қазіргі заман талабына сай соңғы үлгідегі қуаттылығы 2250 кВт электро­қоз­ғағыштар орнатылды. Сол сияқты, энергия­ның өнімділігін арттыратын приборларды және ескірген құрал-жабдықтарды алмас­тыру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпорында сары фосфор өндірісінде соңғы үлгідегі микропроцессорлық техниканы қолдану арқылы пештен шығатын газдарға утили­зация жасауға автоматикалық технология жүйесі пайдаланудың нәтижесінде, өнді­ріс­тік шығындарды төмендету, сары фос­фор өндірісінде фосфорит агломераты­ның сапасын арттыруға, пештен шығатын газдың утилизация жасау жүйесін енгізуге қол жеткізілді.

Өнеркәсіптің дамуының негізгі құралы Индустрияландыру картасының бірінші бес жылдығы барысында, Қазақстан Рес­публикасының 2010-2014 жылдары Үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту мем­лекеттік бағдарламасы аясында облыста жалпы сомасы 123,3 млрд теңгеге 33 инвес­ти­­­­циялық жоба іске асырылды, 5 000-ға жу­ық жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл ба­ғытта жұмыс жалғасуда. Қазақстан Респуб­ликасының 2015-2019 жылдары Үде­­мелі индустриалды-инновациялық да­мы­ту мемле­кеттік бағдарламасы аясында (екін­ші бесжылдық) облыста жалпы сома­сы 511,4 млрд теңгеге 32 инвес­тициялық жо­ба іске асырылып жатыр. Аталған жоба­лар­­дың іске қосылуы құрылыс кезеңінде 5,6­­ мың­­ жұмыс орнын және іске қосыл­ған­нан кейін 5,4 мың жұмыс орнын ашуға мүм­­кіндік береді. Салыстыра айтсақ, 1991 жы­лы Жамбыл облысында қолданыстағы баға бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 10,1 млн теңгені құраса, 2016 жылдың қаң­тар-шілдесінде Жамбыл облысында қол­даныстағы баға бойынша өнеркәсіп өнімі­нің көлемі 193 178,0 млн теңгені құрады. Бұл дегеніңіз, даму даңғылының жолы кең деген сөз.
Елбасы өзінің Жолдауында айтып өт­кен­дей, Қазақстанның ХХI ғасырда әлеу­мет­тік және индустриалды модерни­за­ция­лау­дың басты құралы – шағын және орта кә­сіпкерлікті дамыту болып табылады. Облысымызда шағын және орта кәсіпкер­лік­тің дамуына бар жағдайлар жасалуда. Бүгінгі таңда кәсіпкерлер – қоғамның ең белсенді бөлігі және бұл белсенділік жыл­дан-жылға артып келеді. Егер 2004 жылдың қорытындысы бойынша облысымызда 25 мыңға жуық шағын және орта кәсіп­кер­лік тіркелсе, бүгінгі таңда тек жұмыс істеп тұр­ған шағын және орта кәсіпкерлік су­бъек­тілерінің саны 60 мыңнан асты (өсім 35,0 мың бірлікке), мұнда 128 мыңнан ас­там адам жұмыспен қамтылған. Соңғы жылдары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірген өнім көлемі артып келеді. Егер 2004 жылдың қорытындысы бойынша шағын кәсіпкерлік субъекті­лерімен 3,4 млрд теңгеге өнім өндірілсе, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өн­дірілген өнім көлемі 327,6 млрд теңге. 

Спортшыларымыз – мақтанышымыз

1991 жылы облыс бойынша 28 спорт мектебі жұмыс атқарған. Ал 1996 жылғы тоқырау кездерінде 20 спорт мектебі жа­былып, тек 8 спорт мектебі қалды. 

1996 – 2016 жылдар аралығында спорт мекемелерінің саны 8-ден 45-ке дейін (он­ың ішінде, спорт түрлері бойынша 7­ ­спо­рт клубы, «Бұқаралық-спорттық ша­ра­лар өткізу орталығы», «Жоғарғы спорт ше­берлігі мектебі», «Олимпиада жеткін­шек­терін даярлау орталығы», «Тараз-Аре­на» спорт сарайы, облыстық мамандан­ды­рыл­ған дарынды балалар мектеп-интер­наты және 33 балалар мен жасөспірім­дер спорт мектебі) артты, ал ондағы спорт­пен шұғылданушылар саны 4188 спорт­шыдан 20902 спортшыға көбейді. ҚР Тәуелсіздік алғалы бері облыста әлемдік дең­гейде көптеген спорттық шаралар өткі­зіл­ді. Атап айтсақ, армрестлингтен 12­­ мемлекеттің қатысуымен ашық Азия ку­богы, 2012 жылдан дәстүрлі түрде мем­лекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев атын­дағы еркін күрестен халықаралық турнирі, бильярдтан Әлем чемпионаты, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Польша, Ресей, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан құрама қоман­даларының қатысуымен қа­зақ күресінен 3-рет «Еуразия Барысы» халық­ара­лық турнирі жоғарғы деңгейде өткізілді. Волейболдан Испания, Вене­суэла, Египет және Қазақстан құрама ко­мандаларының қатысуымен Әлемдік лига­ның 1-кезеңі сын­ды айтулы жарыстар өткізілді.

Егемендіктің 25 жылында өңірдегі 26 спортшы Әлем чемпионаттарында же­ңімпаз атанса, 38 спортшы Азия чемпио­наттарында жеңімпаз атанды. Жамбыл облысының спортшылары Олимпиада ойындарында 8 медальға (2 алтын, 3 күміс, 3 қола), Сурдлимпиада және Паралимпиада ойындарында 2 алтын медальға ие болды. Атап айтсақ, олар – Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев, Ақ­жүрек Таңатаров, Елдос Сметов, Ғабит Есжанов пен Зүлфия Ғабидуллина.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары