$ 446.49  475.38  4.79

Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 43 білім беру нысаны пайдалануға берілген

ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бүгін үкімет отырысында жасаған баяндамасында айтқандай, биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикада 43 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан іске қосылады.

«Мемлекет басшысы 2018 жылға дейін мектептерде үш ауысымда білім беру жүйесін толықтай жойып, апатты мектептер санын қысқартуды, 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды толықтай балабақшамен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2015-2016 жылдары 96 білім беру нысанын салуға 77 миллиард теңге бөлінді. Олардың 77-сі мектеп, 19-ы балабақша. Осы бағытта биыл бөлінген 57,9 миллиард теңгенің 38 миллиарды жергілікті атқару органдарына аударылды. Жергілікті әкімдіктер бұл қаражаттың 34,8 миллиардын немесе 92 пайызын игерген», - деді Қ.Бишімбаев.

Министрдің айтуынша, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының әкімдіктері өздеріне бөлінген қаражатты толық игерген.
«Жалпы, бүгінгі таңда барлығы 43 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 29-ы мектеп, қалған 14-і балабақша. Жыл оңына дейін тағы 6 мектеп пен 4 балабақшаның құрылысы аяқталып, іске қосылады», - деді министр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары