$ 449.58  486.94  4.86

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысында бірқатар нысандарды аралады

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Қарағанды облысында болды. Сапар барысында ол «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысып, индустриялық және агроөнеркәсіптік салалардың даму қарқынына баға берді. Сонымен қатар, партия активімен, оқу орындарының ұжымдарымен кездесулер өткізді.

«Нұр Отан» партиясы басым­дық берілген мемлекеттік бағдар­ламалардың өңірлерде жүзеге асу қарқыны мен сапасын әрдайым ба­қылап отырады. Солардың ішінде «Агробизнес-2020» бағдар­ламасы партияның жіті қадаға­лауында. Бұл бағдарлама аясында мемлекет ауыл шаруашылығына 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлді.

Аталған бағдарлама арқылы аумағы бойынша Қарағанды облы­сында «Нәтиже» сүт фабри­касы қайта жаңғыртылды. Мем­лекет тарапынан берілген 180 миллион теңгелік инвестиция кәсі­порынға шығаратын өнім түрлерін 30-ға дейін көбейтіп, ай сайынғы көлемді 1300 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік берді.

«Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары осы жылдың басынан бастап әлеу­меттік-экономикалық даму­дың негізгі көрсеткіштеріне жүр­гі­зілген мониторинг нәтижесінде Орта­лық Қазақстанда оң өзгеріс­тер байқалатынын атап өтті.

Облыс жалпы аймақтық өнімнің өсу қарқыны бойынша республикада 4-ші орында тұр. Өнім көлемі 1 триллион 21 мил­лиардтан астам теңгені немесе 2015 жыл­дың осы мерзімімен салыс­тырғанда 138 пайызды құрады.

Сондай-ақ, өткен жылмен са­лыс­тырғанда, жез, марганец, алтын, темір және қорғасын мен мы­рыш кендерін өндіру де арт­қан. Өндеу өнеркәсібінде шыға­рыла­тын өнімнің көлемі 5,5 пайызға көбейген. Бұл саладағы еңбек өнімділігі 30 мың доллардан асып, өткен жылға қарағанда, 4,7 пайызға өскен. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Биыл Қарағанды облысында егін бітік шығып, өңір тарихында алғаш рет 1 миллион тонна астық жиналды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс­тағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Имсталькон» металл құ­рыл­­­­­ғы­лары зауытында болды. «Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бірінші орынбасары зауыт жұ­мыс­­­шы­­ларымен кездесуінде мем­ле­­­кеттік индустриялық бағ­дар­­­лама­­лар аясында соңғы бес жыл­­­да өңір­де 174 миллиард тең­ге­­нің 72 жо­­басы жүзеге асқа­нын айт­ты. Со­ның ар­қасында 5 мың­­­нан астам жаңа жұ­мыс орны ашыл­ған.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығында 1 триллион 200 миллиард теңгенің 36 жобасын іске қосу жоспарланған. Бұл 6,5 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді.

– Географиялық тұрғыдан да, қар­жылық жағынан да Қарағанды Қазақстанның басты индус­триялық орталығы болып сана­лады. Солай болып қала береді де. Дәл осы жерде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев көшбасшы ре­тінде қалыптасты. Қазіргі таңда Пре­зиденттің ұдайы қол­дауының ар­қасында өңірде өнді­рісті дамытудың барлық бағыттары бо­йынша айтарлықтай өсу байқа­лады. Бұл, әрине, барлығымызды қуантады, – деп атап өтті «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары.

Қарағанды политехникалық колледжінде өткен кездесу тұрғын­дарды жұмыспен қамту мәселесіне арналды.

«Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Мем­лекет басшысының тапсырмасымен ЖОО немесе арнаулы орта оқу орнына түсе алмай қалған мек­теп түлектерін кәсіби даярлау мен жұмысқа орналастыру бо­йын­ша ауқымды республикалық жоба қолға алынғанын хабарлады. Партия еліміздің әр өңіріндегі жағ­дайды жіті зерттеп, көмекке мұқтаж 10 мыңға жуық жасты анық­тады. «Нұр Отан» олардың бар­лығына қолдау көрсетеді, деді ол.

Атап айтқанда, жастарды жұмысшы мамандықтары бо­йын­ша оқытып, мемлекеттік бағ­дар­лама­лар аясында тұрғызылып жатқан нысандарға жібереді. Мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, қазіргі таңда Қара­ғандыда 1200 орындық жаңа мек­тептің құрылысы аяқталып қалды. Осы құрылыста жұмыс істе­ген көптеген жұмысшы мұнда облыстық жұмыспен қамту ор­талығы арқылы келген. Ал мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы бо­йынша салынды. Бұл бағдарлама шеңберінде Қарағандыда осы жылдың өзінде құны 41 миллиард теңге болатын 20 нысан қолданысқа берілуі тиіс.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» бағдарламасының тиімділігін айтып: «Нұрлы жол» экономиканың барлық саласына мультипликативті әсер береді. Біріншіден, елімізде инфрақұрылым жаңғыртылады. Екіншіден, отандық компаниялар тұрақты түрде тапсырыстар алады. Үшіншіден, кәсіби-техникалық білім беретін мекемелерді ынталандырып, сол оқу орындарын бітірген түлектердің қызығушылығын оятады және жаңа жұмыс орындары ашылады. Осылайша, ауқымды президенттік бағдарламаның игілігін әрбір қазақстандық көретін болады», деді.

«Нұр Отан» партиясы Төр­а­ға­сының бірінші орынбасары «Нұр­­лы жол» бағдарламасының орын­­далу барысы құзырлы қыз­мет­тер мен ведомстволарды жұмыл­дыру арқылы күн сайын бақы­лауға алынуы қажет еке­нін атап өтті. Мұхтар Құл-Мұ­хам­мед партияның облыстық фи­лиа­­лына осы бағыттағы жұмыс­­тарды күшейтуді, сондай-ақ, пар­тия фракциялары мен барлық деңгейдегі мәслихаттар жанын­дағы қаржыны жұмсауды бақылау жөніндегі комиссия жұмысының тиімділігін арттыруды тапсырды.

Облыс активімен кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Қарағанды өңірінің респуб­ликамыз бойынша айрықша маңыз­дылығын атап өтіп, алдағы уақыт­та атқарылар негізгі жұмыс­тарға назар аударды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед са­па­ры­ның соңында Е.Бөкетов атын­дағы Қарағанды мемлекеттік уни­вер­­ситетінде болды. Универси­тет­тің профессорлық-оқыту­шылар құрамымен, студент­терімен кездесу Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналды.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары