$ 443.35  475.54  4.82

Жаңа Азаматтық кодекс: тиiмдiлiк, ашықтық, қолжетiмдiлiк

Бұдан бiр жыл бұрын 2015 жылы 31 қазан күнi Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестiк кодексi қабылданып, оған Елбасымыз бұқаралық ақпарат құралдарының алдында жариялы түрде қол қойғаны белгiлi. Осының өзi бұл кодекстiң маңыздылығын аңғартса керек. Жаңарған кодексте азаматтардың және заңды тұлғалардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн сотта тиiмдi қорғау, дауларды қарау мен шешудiң жеделдiгiн арттыру, сот актiлерiнiң сапасын қамтамасыз етуге баса мән берiлген. Шын мәнiнде, жаңа құжаттың қабылдануы демократиялық әрi құқықтық қоғамды дамытуға бағытталған нақты қадам. Сондай-ақ, бұл құжаттың азаматтардың сот жүйесiне деген сенiмiн арттыруға ықпал ететiндiгi сөзсiз.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2013 жылы 20 қарашада өткен Қазақстан Судьяларының VI съезiнде: «Сот жүйесiнiң дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздiксiз жетiлдiрiп отыру керек. Бiз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беремiз. Сот қызметiнiң заңнамалық және iс жүргiзу нормаларын жүйелi түрде жетiлдiру маңызды. Азаматтық сот iсiн жүргiзудi жаңғырту керек. Азаматтық iстердi қарау тәртiбi процестiң тараптары үшiн ыңғайлы және тез, сонымен бiрге тараптарды бiтiстiруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталған болуға тиiс. Сот өндiрiсiнде ақпараттық технологиялардың пайдаланылуы әзiрге жеткiлiксiз. Сот төрелiгiне азаматтардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету маңызды» деген болатын.

Бұл тапсырманы тиянақты орындау үшiн Жоғарғы Соттың басшылығымен республика соттарында қыруар жұмыстар атқарылды. Елбасы тапсырмасы екi жылдың iшiнде толығымен жүзеге асырылды деуге болады. Оған Оңтүстiк Қазақстан облысының соттары да өз үлесiн қосты.

Атқарылған ауқымды жұмыстардың қатарында жаңа Азаматтық процестiк кодексi (бұдан әрi – АПК) қабылданып, биылдан бастап қолданысқа енгенiн айтуға болады. Елбасы кодекске қол қою рәсiмiнде соттардың қарауындағы iстердi оңтайландыру, азаматтық-құқықтық даулар жөнiндегi сотқа прокурордың қатысуын азайту, жаңа жағдаяттарға байланысты iстi қайта қарау тәсiлiн енгiзу мәселелерiне тоқталып, жалпы азаматтық процестiк заңнаманы жаңғырту жөнiнде ауқымды жұмыстардың атқарылғанын атап өткен едi. Осы арқылы Жоғарғы Соттың жұмысын жоғары бағалап, елiмiздiң судьяларына үлкен сенiм бiлдiргенi белгiлi.

Бүгiнде Азаматтық процестiк кодекс құқық саласын түбегейлi жақсартуға ықпалын тигiзуде. Үстiмiздегi жылдың 1 қаңтарынан бастап, елiмiздiң соттары бұрынғы бес сатылықтан үш сатылық сот жүйесiне көштi. Сот iсiн жүргiзудiң мұндай жүйесi халықаралық стандарттарға толығымен сай келедi. Бұл модель сот шешiмдерiнiң заңды күшiне жедел енуiне ықпал етедi және процестi қасақана созу мүмкiндiгiн азайтады. Бiрiншi (аудандық) және екiншi апелляциялық (облыстық) сот сатыларының жауапкершiлiгiн көтерiп, оның құзыреттiлiгiн кеңейттi және сот төрелiгiнiң сапасын жақсарта отырып, жергiлiктi соттар жұмысының тиiмдiлiгiн арттырды. Сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы соттың өкiлеттiлiгi кеңейтiлiп, iстi қайта қарауға жолдамастан, мән-жайларды толық көлемде зерделеп, шешiмдер қабылдауға мүмкiндiк берiлгенi дәлел.

Жаңа АПК сот төрелiгiне қолжетiмдiлiктi барынша жеңiлдетудiң нәтижесiнде сот рәсiмдерi жеңiл әрi жылдам жүргiзiлетiн болды. Атап айтқанда, бұрынғы заңда бiрiншi сатыда қаралатын iстер бойынша тараптар сот шешiмiне шағым-арызды 15 күн iшiнде беру тиiс болса, қазiр ол мерзiм 1 айға дейiн ұзартылған. Кей азаматтар түрлi жағдайларға байланысты арыз-шағымды 15 күн iшiнде берiп үлгермейтiн. Сол себептi, кодекстегi өзгерiс қарапайым халық үшiн қолайлы. Ескi кодексте сот шешiмiне апелляциялық шағым келтiру үшiн мемлекеттiк баж салығын төлеу мiндеттi болатын, ал, қолданыстағы кодекс тараптарға баж салығын төлемей-ақ шағым келтiруге мүмкiндiк бередi. Демек, сот шешiмiмен келiспеген әрбiр тарапқа дау айтуға толық мүмкiндiк жасалып, кедергiлер алынып тасталды. Сонымен қатар, сот сатыларын оңтайландыру, сот iстерiн қарау тәртiбiн өзгерту арқылы дауды қараудың жалпы мерзiмi бiрiншi, екiншi және үшiншi сот сатыларына шағымданған жағдайда бiр жарым жылдан 6-9 айға дейiн қысқарды.

Кодексте сот бұйрығы арқылы және оңайлатылған тәртiппен iс жүргiзу ауқымы едәуiр кеңейдi. Мұндай тәртiппен iс қарау азаматтар мен заңды тұлғаларға өздерiнiң даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн жедел қорғауға және қалпына келтiруге өте тиiмдi институт. Өйткенi, осындай тәртiппен iс қарау барысында тараптардың түсiнiгiн тыңдау үшiн оларды сотқа шақырмай-ақ ұсынылған құжаттар негiзiнде сот бұйрығы және шешiм қабылданады. Осындай тәртiппен сотқа жүгiнудiң ұтымды екенiн халық ұғына бастады. Соның бiр дәлелi ретiнде өткен 9 айда облыс бойынша 32451 сот бұйрығы шыққанын, 4936 iс оңайлатылған тәртiппен қаралғанын айтуға болады. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткiш 19789-ға артқан.

Жаңа құжатқа «Татуластыру рәсiмдерi» деген жеке тарау енгiзiлiп отыр. Онда татуластырушы судьяның жәрдемiмен медиация арқылы немесе медиатордың көмегiмен дауды шешудiң баламалы тәсiлдерiн кеңiнен қолдануға мүмкiндiк берiлген. Мұнымен қоса дауды тараптардың адвокаттары арқылы реттеудi көздейтiн партисипативтiк рәсiм институты енгiзiлдi. Осы бастамалардың барлығы тараптардың өзара татуласуына қызмет етсе, екiншiден, соттарда қаралатын iстердiң жүктемесiн төмендетуге, тараптардың материалдық шығынын қысқартып, iстi қысқа мерзiм iшiнде қарап бiтуге мүмкiндiк туғызды. Татуластыру рәсiмдерi тиiмдiлiгiнiң қажеттiлiгi дәлелденiп, елiмiзде медиация заңын қолданумен аяқталған iстер саны жылдан-жылға артып келедi. Биылғы 9 айда медиация жолымен шешiлген iстер саны 1379-ға жетiп отыр.

Дауларды шешудiң жаңа институттарының бiрi – партисипативтiк келiсiм. Ол кәсiби адвокаттардың көмегiмен жүзеге асырылады. Өткен тоғыз айда облыс соттарында партисипативтiк тәртiппен 159 iс қаралып, келiсiммен аяқталған. Бұл өзге облыстармен салыстарғанда әлдеқайда жоғары көрсеткiш. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы алға қойған мiндеттердi iске асыру шеңберiнде соттар жұмысының тиiмдiлiгi айтарлықтай артты. Азаматтық iс жүргiзу саласындағы медиация институты мен партисипативтiк рәсiмдер және өзге де жаңашылдықтар судьялардың жоғары кәсiби деңгейiнiң арқасында нақты iске асырылуда. Демек, бүгiнде елiмiзде заңдардың орындалуын қамтамасыз ететiн және жалпыәлемдiк стандарттарға сәйкес келетiн әлеуеттi сот жүйесi қалыптасты десек, артық айтқандық болмас. Жаңа АПК-ге сәйкес Жоғарғы Сот жанынан iрi инвесторлардың құқықтық дауларын қарайтын мамандандырылған алқа құрылды. Сонымен қатар, Астана қалалық сотының құрамында инвестициялық даулар бойынша арнайы мамандандырылған құрам жұмыс iстеуде. Бұл шетелдiк кәсiпкерлер үшiн елiмiздiң тартымдылығын арттыруға ықпал етедi.

Кодексте азаматтық сот жүргiзу iсiне ақпараттық технологияларды кеңiнен қолдану мiндеттелiп, нәтижесiнде сот жұмысы жұртшылық үшiн жариялы әрi ашық болуда. Қазiр сот залдарының барлығы аудио-бейнетаспалармен (бұдан әрi – АБТ) жабдықталып, әр процесс бейнетаспаға жазылады. Былтыр облыс бойынша 33 сот залы АБТ жүйесiмен жарақтандырылса, қазан айында олардың саны 66-ға жеттi. Бұл сот жұмысының ашықтығын одан әрi арттыра түстi. Алдағы қараша айында Астана қаласында өтетiн Қазақстан Судьяларының VII съезiне дейiн барлық аудандық және оған теңестiрiлген соттардың сот мәжiлiс залдары 100 пайыз АБТ жүйесiмен жасақталатын болады. АБТ жүйесi жазбаларды тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкiндiк бермейдi, яғни, судьялар мен сот мәжiлiсiне қатысушыларды тәртiпке шақырады. Сөйтiп сот процесi мен сот қабылдаған шешiмнiң объективтiлiгiн қамтамасыз етедi.       

Жалпы АПК-ге енгiзiлген өзгерiстер Ұлт жоспарында көрсетiлген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Жоғарыда айтылғандай, осы заң аясында азаматтық-құқықтық даулар жөнiндегi iс жүргiзудiң жеңiлдетiлген түрi кеңiнен қолданылуда. Соттардың қарауындағы iстер оңтайландырылып, сот жүйесiне ақпараттық озық технологиялар енгiзiлдi. Сот жүйесiн одан әрi жетiлдiруге бағытталған жаңа Азаматтық процестiк кодекс дер кезiнде қабылданғандығы және прогрессивтi екендiгi күмәнсiз. Осы кодекстегi жаңалықтар халықтың сотқа деген сенiмiнiң артуына, соттың өкiлеттiлiгiнiң кеңеюiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сот тарапынан халықаралық стандарттарға сай қорғалуына кепiлдiк беретiндiгiн дәлелдейдi. Қорыта айтқанда, кодекс сот жұмысының ашықтығы мен халықтың сот төрелiгiне қолжетiмдiлiгiн жаңа деңгейге көтердi.

Нұрсерiк ШӘРIПОВ, облыстық соттың төрағасы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары