$ 439.43  473.31  4.82

Түлеген, түрленген Тараз

Тарихи деректер Тараз қаласының ежелден өркениет, оның ішінде өнер­кәсіп орталығы болғандығын, мұнда түрлі өндіріс бұйымдарын жасайтын шеберханалардың жұмыс істегендігін көрсетіп отыр. Ал кешегі Кеңес дәуі­­рінде Тараз Одақ бойынша ең ірі химия өнеркәсібінің орталығы болды. Одақ тараған соң бұрынғы жүйенің ыдырауы, экономикалық байла­ныстардың бұзылуы себебінен қаланың инфрақұрылымдарында бірқатар өзгерістер пайда болып, өндіріс және өнеркәсіп орындарының жұмысында іркілістерге жол берілді. Республика бойынша жүргізіліп отырған ілкімді экономикалық саясат нәтижесінде соңғы жылдары қалада экономикалық тұрақтылық орнығып, өрлеу-даму үрдістері айқын байқалуда. Атап айтқанда, 2000 жылы өнеркәсіп өнімдерін өндірудегі құлдырау тоқтап, даму кезеңі басталды. Мысалы, 1999 жылы қаланың өнеркәсіп орындары барлығы 10,4 млрд теңгенің өнімін өндірсе, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 96 млрд 627,9 млн теңгеге жетті.

Жалпы, қала бюджетінде құрылыс жұмыстарына 10 миллиард 967 миллион, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 мил­лиард 911,4 миллион теңге қарас­тырылған. Айта кету керек, жыл басында жоғары тұрған бюджеттерден бөлінген трансферттер мен несиелердің көлемі 3 миллиард 888,4 миллион теңгені құраса, бүгінгі күні бұл сома 3,5 есеге артып отыр. Экономиканы ынта­ландыру аясында бөлінген осынау қаржы инфрақұрылымдық жо­ба­ларды жүзеге асыруға өз ықпалын ти­гізуде.

Үдемелі индустриялық-иннова­циялық жобаларды жүзеге асыруға үлкен мән берілуде. Ағымдағы жылы құны 10,0 млрд теңгені құрайтын 3 индустриялық жобаны іске асыру жос­парланып, 95 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Атап айтсақ: «Қазфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыштар зауыты» Тараз филиалы экстрационды фосфор қышқылын өндіретін ЭФК-1 технологиялық жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтайды. Жобаның құны 7 млрд 700 млн теңге, қуаттылығы жылына 220 мың тоннаны құрайды. Ал «Жамбылгипс» АҚ құрғақ құрылыс қоспаларын және гипс бұйымдарын өндіретін жаңа цехтың құрылысын қайта жаңғыртты. Жобаның құны 1 млрд 715 млн теңге, қуаттылығы жылына – 270 мың тонна. 50 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Облыс әкімдігі «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізуге, оның ішінде газға 5,663 млн теңге, электрмен қамтамасыз етуге 80,274 млн теңге бөлді. Сондай-ақ, «Бағұл» ЖШС дәнекерлеу электродын шығарудың өндіріс қуаттылығын кеңейтуді жос­парлап отыр, жобаның құны 585,5 млн теңгені құрайды. Жылдық қуаттылықты 2 мың тоннаға жеткізіп, 45 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, қазіргі таңда «Қазфосфат» ЖШС-нің жаңа Жамбыл фосфор зауыты филиалы жеке қаражаты есебінен құны 1 млрд 100 млн теңгені құрайтын 2 жобаны индустрияландыру картасына енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Олар, 2016 жылдың соңына дейін іске асырылатын құны 200,0 млн теңге құрайтын түйіршікті фосфор-калий тыңайтқышын шығаратын өндіріс орнының құрылысы және 900 млн теңге құрайтын ауа бөл­гіш қондырғыны қайта жаңғырту жобалары. Бұл жобалардың тиімділігі өндіріс шығындарын азайтумен және өндірістегі қатты қалдықтарды қайта өндеумен ерекшеленеді.

«Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары аясында біздің қаламызда бірқатар ел игілігін көздеген серпінді жобалар нақты іске асырылуда. Аталған бағдарлама аясында 3 нысан бойынша 6723 метр құрай­тын жылу желілерінің құбырлары ауыс­тырылды.

2011-2016 жылдар аралығында Өңір­лерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша Тараз қала­сында республикалық бюджеттен 2 млрд 633 млн 100 мың теңге бөлініп, 173 көп пәтерлі тұрғын үйлерге күрделі және ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда қалада 1 235 көп­пәтерлі тұрғын үй бар. Жалпы, қалада 13 шағын аудан және «Арай» алабын­да көп қабатты тұрғын үй кешені орналасқан. Тәуелсіздік жылдары алғаш бой көтерген тұрғын алабы – «Астана» шағын ауданы болды, оның құрылысы 2007 жылы басталды. Екі жылға жуық мерзімде қаланың шеткі бөлігіндегі бос жерге инфрақұрылымымен және әлеуметтік нысандарымен жаңа үлгідегі көп қабатты үйлер тұрғызылды. 2008 жылдан бас­тап жалпы көлемі 40 гектар аумақта «Бәйтерек» шағын ауданының құрылысы басталды. Бүгінде 6 қабатты 70 пәтерлі бір үй, барлығы 1 460 пәтерді құрайтын 5 қабатты жиырма үш үй, әрқайсысы 200 төсектік екі аурухана, 280 және 75 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. Жеке қаржылары есебінен «Арайстроймаркет» ЖШС 5 қабатты 75 пәтерлі екі үйдің, «Сенім» ЖШС 9 қабатты 240 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Қалалық бюджет есебінен 1 200 орын­ға арналған мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде, жоба 2018 жылы іске асады деп күтілуде. Сондай-ақ,  2014 жылы «Арай» тұрғын алқабында көп қабат­ты үйлердің құрылысы басталды. 2015 жылы Тұрғын үй-құрылыс жинақ бан­кі желісімен әрқайсысы 65 пәтерлі екі тұрғын үй құрылысы жүр­гізіліп, қолданысқа берілді. Биыл қосым­ша тағы екі 80 пәтерлі тұрғын үй салынып, жыл соңына дейін аяқталады деп жос­­парлануда. Сонымен бірге, «Бином» ЖШС ірі панелді 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Сүлейменов көшесінде жалпы көлемі 362 гектарды құрайтын 15-шағын ауда­нын, «Автобекет» аумағынан жалпы көлемі 100 гектарды құрайтын 14-ша­ғын ауданын салу – алдағы жыл­дар­дағы негізгі бағыттардың бірі. Бүгін­де Сү­лей­менов көшесіндегі тұрғын алап­та ин­же­нерлік-коммуникациялық инфра­­құ­рылым желілерін тарту жұмыс­тары жал­ғасуда, ал «Автобекет» аума­ғын­да бұл жұмыстар ағымдағы жылы бас­талды.

Әрине, тұрғын үй құрылысын ынталандыру экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі шаралардың бірі болып табылады. Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында шілде айында «Арай» алабында әрқайсысы 80 пәтерлі 6 үйдің құрылысына облыстық бюджеттің ішкі резерві есебінен 3 млрд теңге несие бөлінді.

Биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жыл­дығы. Егемендігіміздің ширек ғасырлық кезеңінде Елбасының бастамасымен халықтың әл-ауқатын көтеруге, тұрмыс-жағдайын жақсартуға бағытталған сан-салалы іс-шаралар, іргелі жобалар мен маңызды бағдарламалар сәтті іске асырылып, мол табыстарға қол жет­кізілді. Ендігі мақсатымыз – Тәуел­сіздігіміздің туын биік ұстап, елімізді үздік отыздыққа енген Мәңгілік ел ету. Осы орайда, біздің алдымызда өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеует­ін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын одан әрі жақсарту міндеті тұр. Тәуел­сіздік жылдары бір ғана облыс орталығында 11 мектеп, 56 мектепке дейінгі мекеме, екі мектептен тыс балалар шығар­машылығы орталығы, алты ден­сау­лық нысаны, бір мәдениет және алты спорт кешені пайдалануға беріліпті.

Соңғы жылдары қала аумағы ке­ңейіп, бой көтерген заманауи архитек­туралық нысандармен бұрын да атақ-даңқы талай жерге кеткен Тараз тотыдай түрленіп келеді. Енді, міне, «Гүлденген Қазақстан» монументалды-архитектуралық кешені қаламыздың көркін аша түсетіні айдан анық. Қазақ халқының ежелгі тарихы түрік сақтарынан бастау алған. Шығыста арка мәңгілік махаббат пен бақыттың символы болып келеді, шаңырақ мемлекеттің түп негізі – отбасының бейнесі, сегіз бұрышты жұлдыз Қазақстанның болашаққа бастар жолы іспетті жобаның мағынасын аша түседі. Оның биіктігі – 15,8 метр, көлемі – 3,5 метр. Сондай-ақ, осы монументтің жобасын жасап, сәулетін келістірген азаматтардың да есім­дерін атап кеткен жөн болар. Яғни, суретші-монументші Аманат Назар­құлов және сәулетшілер Асқар Рыспаев, Ильяс Бекежанов, Жүсіп Суанбек шығармашылық композиция­сы бойынша тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістіктері суреттермен айшықталған, ешқандай артық атрибуттар қарастырылмаған.

Талай жылдан бері күн тәртібінен түспей келе жатқан Құмшағал аумағын­дағы аспалы көпірдің құрылысына биыл жан бітті. «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасының аясында Айша бибі көшесіндегі жол өткелі қайта жаңғыртылуда. Биылғы жылы облыстық бюджеттен 16,958 млн теңге қаражат бөлініп, жұмыстар бас­талды. Сондай-ақ, тағы бір мәселе. Ол қаланың қақ ортасындағы көлік көп қатынайтын аумақтардағы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті көпірі, яғни Керімбай атындағы №12 орта мектеп жанындағы жүргіншілер өткелінің құры­лысы да басталды. Бұл да жағымды жаңалық. Өйткені, тұрғындар талап-тілегін орындауда жергілікті билік хал-қарекетінше жұмыстар жүргізіп жатыр. Осылайша түйінді мәселелер рет-ретімен шешілетіндігі сөзсіз.

Нұржан КАЛЕНДЕРОВ,
Тараз қаласының әкімі.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары