Нұрлы жол 29.10.2016 сағат 11:20

Әрбір этнос – біздің байлығымыз

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосуда. Еліміз егемендігін алғанда жергілікті халықтың үлес салмағы 40 пайызға да жет­пейтін. Сондай шақта елімізге тағдыр-талайымен келген этнос өкілдері де бір кісі­дей жұмылып, достықты, бірлікті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп келеді.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары басшыларымен және этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесуінде осы жайттар тағы да айтылды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы аясында өткен кездесуге облыстық Қазақстан халқы Ассам­блеясы хатшылығының, «Қоғамдық келісім» ком­муналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет­керлері, облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы құрылымдарының басшылары және этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-хат­шылық меңгерушісі Мұратәлі Қал­мұратов үстіміздегі жылдың 9 айында атқарыл­ған жұ­мыстар туралы хабарлама жасады. Облыстық Қа­зақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғам­дық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рах­манбердиев, облыстық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы, «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы Марина Лимаренко, облыстық Қазақстан халқы Ассамб­леясы төрағасының орынбасары, облыс­тық түрік этномәдени бірлес­тігінің төрағасы Латипша Асанов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары, облыстық татар-баш­құрт этномәдени бірлестігінің төр­айымы Ася Мухамедова сөз сөйледі.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов баяндамасында облыстық Ассам­блея жанынан құрылған ақпа­раттық-насихаттық топ 5 институттық реформаның төртінші бағыты – «Біртектілік пен бірлік» аясындағы басты мін­деттер мен «Мәңгілік Ел» Патриоттық акті­сінің 7 тұғырын түсіндіру бағытында 148 елді мекенде кездесу мен 232 іс-шара өткізіліп, оларға 285 мың адам қатысқандығын айтты.

– Атап өтуіміз керек, мекеме филиалдарын аудандардан ашу алғаш Оңтүстікте қолға алынған болатын. Біздің жұмыс тиімділігімізді ескерген Президент Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығы оңтүстік­қазақстандық тәжірибені респуб­ликаның басқа өңірлеріне енгізе бастады, – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясына жаңа функционалды бағыттар, атап айтқанда: қайы­рым­дылықты үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу, медиация желісін дамыту міндеттері жүктелді. Осылай деп сөзін сабақтаған хатшылық меңгерушісі облыс әкіміне жұмысты жандандыру бағытында бірнеше ұсыныстарын айтты:

Біріншіден, облыстағы барлық мектептер мен арнайы орта оқу орындарында толеранттылық клубын құруды ұсынамыз. Біз осы арқылы жастардың бойында қалыптасқан жалаң патриоттық санадан арылу және туындаған мәселелерді құқықтық мәдениет арқылы шешу бағытында жұмыс жасаймыз. Бұл клуб оқу орны – білім бөлімі – әкім – Ассамблея хатшылығы құрылымы негізінде жұмыс жүргізеді.

Екіншіден, аудан, қалаларда түрлі бағытты ұстанған кеңестер көп. Бірақ осы кеңестердің мүшелері әкімдік белгілеген жиын­нан басқа кездері бас қоса бермейтіні белгілі. Қоғам белсенділерінің бейресми кез­десулерін бір арнаға тоғыстыруды қолға алып, насихаттауды жөн көріп отырмыз. Мұндай басқо­суларда бүгінгі күннің күйкі тірлігі емес, жергілікті жерде болып жатқан оңды өзгерістер мен жағымсыз жайттар жан-жақты екшеленіп, таразыланады. Сонымен қатар, ел бірлігі мен бауырмалдылықты ояту, дауласқан тараптарды татулас­тыру сынды мәселелер де қам­тылады. Осы орайда бүкіл кеңестің басын қосатын «Келісім» қауымдастығын жасақтап, ауда­н, қалаларда сұхбат алаңын құруды ұсынамыз.

Үшіншіден, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өңірдегі белсенді этнос өкілдерінің қаты­суымен «Қазақ еліне мың алғыс!» циклды шағын бейнероликтер түсіруді бастадық. Мұнда әр этнос өкілі Қазақ еліне келу тарихын еске алып, жергілікті халықтан сезінген сый-құрметке алғысын білдіреді. Әзірше, роликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Дайын өнімдерді Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында телеарналардан тұрақты көрсетуді ұсынамыз.

Төртіншіден, ҚХА-ның жаңа міндеттеріне сай медиацияға басымдық берілгенін ескеріп, облыс­тық деңгейде арнайы медиация орталығын ашуды ұсынамыз. Осы арқылы біз жергілікті жер­лердегі шиеленістер мен түсініс­пеушіліктерді тиімді реттеп, аза­маттардың құқықтық мә­дение­тін жетілдіреміз әрі дау-жанжалдардың оңтайлы ше­шу үрдісін қолданатын бола­мыз. Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Мұ­ратәлі Қалмұратовтың ұсыныс­тарын облыс әкімі жұмыс бар­ысында қаперге алатындығын айтты.

Сөз реті келгенде айта кетейік, облыста 20 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың аудандар мен қалаларда 51 филиалы мен 17 жастар қанаты, 11 жексенбілік мектебі бар. Өңірде жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Сонымен қатар, белсенді этнос өкілдері жыл сайын облыс әкімінің «Бауырмал» сыйлығымен марапатталады.

Жансейіт Қансейітұлы осы қыз­метке келгенге дейін Қазақстанның Түрік Респуб­лика­сындағы Төтенше және өкі­летті елшісі бол­ғандығы белгілі. Облыстағы түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Латипша Асановқа сөз берерде түрік тілінде екі елдің арасындағы туыс­тық байланыс туралы айтып, жұртты бір желпіндіріп алды. Облыстық түрік этномәдени бірлестігі ешқашан қайырымдылық шаралардан бас тартқан емес. Алматы облысының Қызылағаш ауылын және Қарағанды облысының бірқатар аудандарын қарғын су басқанда көмек­ке келген түрік бауырлар оңтүстікке Түркия мемлекетінен инвестиция тартуға белсенділік танытып келеді.

– Қазақстандағы әрбір этнос – біздің байлы­ғымыз. Қиын-қыстау кезеңде туған жерінен көшіріліп, Қазақстанға әкелінген түрлі халық­тарды қазақтар туғанындай бауырына басып, барымен бөлісті. Оны бүгінгі ұрпақ ұмытпайды. Өздеріңіздің бастамаларыңызбен «Қазақ хал­қы­на мың алғыс!» монументін тұрғызып жат­қан­­дарыңыз – жақынды білгендіктің, бауыр­малдылық пен бірліктің белгісі. Шымкентте этномәдени бірлестіктерге беріліп жатқан бұ­рынғы «Қазақстан» кинотеатры облыста ғана емес, еліміздегі іргелі ғима­раттардың бірі. Сол «Ұлт­тар достығы» үйінде аталарымыз айтқандай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай ын­тымаққа, бірлікке қызмет ете беріңіздер. Өйткені, бізді бір мақсат, бір мүдде тоғыстырады. Бәріміз Елбасының төңірегінде топтасып, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырып, әлемдегі бәсекеге қабілетті ел­дер­­дің қатарынан табылайық, – деді жиынды қо­рытындылаған облыс әкімі.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Алдыңғы жаңалық
Алма бақтың да айтары көп
Келесі жаңалық
Түлеген, түрленген Тараз

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар