$ 448.89  477.93  4.76

Жаңаөзендік гимназия 18 млн теңгенің білім грантын жеңіп алды

Баршаға мәлім, елімізде қазан айының алғашқы жексенбісі – мұғалімдер күні, яғни білім беру саласында аянбай тер төгіп жүрген аяулы ұстаздардың төл мерекесі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ұстаздар күніне орай кеше Ақтауда Абай атындағы мәдениет үйінде Маңғыстау облыстық әкімдігі мен облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Оған тек ақтаулық емес, облыс аумағындағы барлық аудан-қалалардан келген педагогтар жиналды.

Айтулы шараға орай мәдениет үйінің фойесінде өнер мектебінде оқып жүрген суретші жастардың көрмесі ұйымдастырылды. Ал, арнайы қойылған 8 бутикке облыстың білім саласы жеткен жетістіктерін дәріптейтін ақпараттық бұрыштар орнатылған.

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева мұғлімдер қауымын төл мерекелерімен құттықтай отырып, оларға зор денсаулық және шығармашылық табыс тіледі. Оның айтуынша, өңірде биыл 500 жас педагог алғаш рет өз жұмыстарын бастаған.

Салтанатты шараның құрметті қонақтарының бірі Жұмахановтар отбасы болды. Отағасы Мырзабай Жұмахановтың педагогика саласында 45 жылдық еңбек өтілі бар. Оның бес баласы – 2 ұлы мен 3 қызы да, сондай-ақ, туған екі бауыры да мұғалім. Ұстаздар династиясы аталып кеткен бұл әулетке облыс басшылары сый ретінде 100 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Айта кетейік, өңірде 2012 жылдан бері «Үздік педагог» байқауы өткізіліп келеді. Оның нәтижесінде жеңімпаз мұғалімдерге 1 миллион теңгеден грант беріледі. Соңғы төрт жылда облыста 10 мұғалім осы байқаудың арқасында «миллионер» атанып шыға келді. Енді биыл олардың қатарын Жаңаөзендегі мектеп-лицейдің химия пәнінің мұғалімі Ғайша Құлсымақова мен Түпқараған ауданындағы мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Әлия Қадырова және Бейнеуден Тұрлан Оспанов толықтырып отыр. Олардың әрбірі 2 миллион теңге көлемінде грант жеңіп алды.

Бұдан бөлек салтанатты шара барысында облыстың білім беру саласына үлкен үлес қосқан педагогтар да марапатталды. Атап айтқанда, еңбегі сіңген 10 мұғалім Бурабайдағы демалыс орнына облыс әкімдігінің есебінен барып тегін демалып қайтпақ.

Сонымен қатар, «Мемлекеттік тілдің ең үздік мұғалімі» атты номинация бойынша Горький атындағы орта мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Айнұр Сатимова жеңімпаз атанып, 300 мың теңге сыйақыға ие болды.

Ал, «Орта білім беруді ұйымдастырудағы ең үздік мекеме» аталымы бойынша Жаңаөзеннің мектеп-гимназиясы үздік деп танылып, 18 миллион теңгенің грантына ие болды. Аталған мектептің оқушылары былтырғы ҰБТ кезінде облыста ең үздік нәтижені көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары