$ 447.4  477.55  4.76

Тәуелсіздік мерейтойына орай Шымкенттің 26 көшесіне «Жасыл желек» көшеттері отырғызылады

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Қазығұрт ауданындағы «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінің жұмысымен танысып, тұқымбақтағы  көшеттерді аралап көрді.

Үш учаскелік бөліктен тұратын 60 гектар тәлімбақта бүгінде 3,5 млн. түптен астам ағаш көшеттері бапталуда. Осындағы жұмыстардың жайын баяндаған облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Отаршиев тұқымбақта қылқан жапырақты, декоративті, жеміс ағаштары мен бұталардың 40-тан астам түрі егілгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол тұқымбақтағы өсіріліп жатқан сеппе және тікпе көшеттерге тұрақты түрде күтіп, баптау жұмыстары жүргізілетінін және  сұранысқа ие көшеттердің түрлерімен толықтырылып отыратынын айтты. Мәселен, биыл мекеме тұқымбағында 912 мың түп өскін жаңадан отырғызылған.

Басқарма басшысын мұқият тыңдаған облыс әкімі осындағы  қылқан жапырақты және декоративті ағаштардың биіктігі 2,5 метрден асатын сұрыптарын Шымкент қаласының орталығындағы 26 көшеге отырғызуды тапсырды.

«Өздеріңіз білесіздер, халқы көп  Шымкент қаласында тиісінше, автокөліктердің  саны да тығыз. Сондықтан экологияны сақтап, табиғи балансты реттеу үшін Шымкентті жасыл қалаға айналдырып, атына лайықты етуіміз керек. Шаһардың көркіне сән беретін түрлі декоративті ағаштардың санын көбейту үшін осы тұқымбаққа жаңа көшеттерді егу керек. Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына тиісті сала мамандары бірауыздан жұмылдыруды жүктеймін»,-деді әкім.

Шымкенттің көгалдандыру жұмыстарына ерекше мән берген аймақ басшысы бұл мәселені жеке бақылауына алатынын ескертіп, алдағы уақытта қалада бірнеше шағын бақтар (скверлер) салынатынын жеткізді.

Басқарма басшысының айтуынша, «Жасыл желек» тұқымбағынан қалада отырғызуға сай келетін шамамен 100 мың ағаш көшетін алуға болады.

Мекеме құрылған 11 жылда тұқымбақтың егіндік бөлімшелерінде 3-4 млн. дана аралығында қылқан жапырақты, декоративті, жеміс ағаштары мен бұталардың 40-тан аса түрі өсіріліп, облыстағы мемлекеттік  мекемелер мен халықтың сұранысын қанағаттандырған.

Осы күні облыс әкімі Шарапхана ауылдық округіндегі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан М.Өтемісұлы атындағы 300 орындық мектептің құрылысымен танысты. Келер жылға өтпелі нысанның сапасын қадағалаған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, онда қолданылатын құрылыс заттары отандық болуын айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары