$ 447.4  477.55  4.76

ОҚО-да соңғы 25 жыл ішінде өндірілген көкөністің көлемі 5 есеге артқан

Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы 25 жыл ішінде өндірілген көкөністің көлемі 5 есеге артқан. Атап айтқанда, егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда майлы дақылдардың егіс көлемі 73 мыңнан 80 мың гектарға, бақша 49 мыңнан 59 мыңға, ал көкөніс 27 мың гектардан 40,4 мыңға, картоп 9 мың гектардан 15,3 мың гектарға ұлғайыпты. Тиісінше, алынған өнім көлемі де айтарлықтай нәтижеге ие. Мәселен, 1991 жылы облыс бойынша 163,4 мың тонна көкөніс жиналса, бүгінде бұл көрсеткіш 866 мың тоннаға, яғни бес есеге артты. Осылайша, өңір шаруалары өздерінің еңбекқорлығымен Тәуелсіздік кезеңіндегі ең үлкен рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

Тәуелсіздік жылдарында елде агроөнеркәсіптік кешені саласын дамытуға айрықша басымдық берілді. Бұл ретте, ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Яғни, әлемде халық саны өсуімінің жоғары қарқыны азық-түлік тапшылығы мәселесін туындатуда.

Бұл қатарда, мемлекеттік 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасы Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға айтарлықтай мүмкіндік беруде.

– Қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының нәтижесінде, агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер санын 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Яғни, алдымызда қаладағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы Ғани Құрманбай.

Жалпы, Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Несібесін жерден терген 4152 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркелген. Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, жинап алынған өнімнің көлемі 16 миллиард 543 миллион теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы саласын түлетуде климаты қолайлы әрі жер құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы бүгінде ел аумағындағы жылыжайлардың отанына баланады. Оған жыл сайын өнім көлемі ұлғая түскен ауыл шаруашылығы кешендерінің нәтижесі де басты себеп болуда. Яғни, жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған.

Облыс орталығында азық-түлік белдеуін қалыптастыру, бағаны тұрақтандыру бағытында жасалған тың қадамдар өз қайтарымын беріп те келеді. Қала тұрғындарын таза әрі арзан көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында биыл пайдалануға берілген «Асар KZ» шаруа қожалығы жылыжай кешенінің өнімдері шымкенттік тұтынушылардың дастархан мәзірін толықтырып үлгерді. Бүгінде жылыжай кешенінің жалпы көлемі 4,7 гектарды алып жатыр. Қожалық басшысы Бақтыбек Әбдіхалықов алдағы уақытта жылыжай кешенінің көлемін мұнан әрі де ұлғайта түспек ниетте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары