$ 443.85  474.3  4.8

Жаһандық кеңістіктегі ұлттық рух

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азат­тығымыздың алдаспаны», – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бүгінгі білімнің мазмұны мен мақсаты «уақыт талабына бейімделе отырып, замана беталысына қарай мәселелерді белгілей» алатын жос­парларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Оның астарында «өсім, реформа және даму» сияқты стратегиялық ұғымдардың үндестігі көрініс табатынын да естен шығармағанымыз абзал.

Білім алудың халықаралық үлгісін құраған «Назарбаев Уни­верситеттің» алдында да қос мақсатты қос міндетке сабақ­тастыру, сол арқылы ғалам­дық кеңістікте қазақ елінің қолтаңбасын айқындау мәсе­лелері тұрғанын жұртшылық жақсы түсініп, оң бағалап отыр. Уақыт, замана талаптарына сай жаңаша өмір сүру мен ойлаудың ғаламдық үрдістеріне ден қоя бастаған жастардың санасында елдіктің, рухани өрлеудің, ұлттық жаңғырудың ұстанымдарын бекіту – мемлекеттілігіміздің кепілі, болашағымыздың тірегі екені шүбәсіз. Сайып келгенде, бұл – жаңа дәуір кеңістігіндегі ел ертеңін анықтаудың кілті.

Әлемнің озық елдерімен тереземізді теңестіру үшін білім сапасын көтеру, жаһандық экономика мен саяси факторлардың себеп-салдарын бағамдай отырып, бәсекелестік аясында стра­тегиялық шешімдер қабылдау, шикізат ресурстарына қарап қалмайтын экономика құру, әлеу­меттік міндеттемелерді ше­шу сияқты мәселелер өз жауа-­бын табуы тиіс. «Назарбаев Уни­­вер­ситеттің» бағыты мен бағ­­дарын анықтайтын өзекті тұжы­рымдамасы да осы мәні мен маңызы зор өміршең ұста­нымдарға негізделген.

Халықаралық стандартқа сай білім қорымен қамтамасыз ету мақсатында университетте заманауи мамандық иелерін дайындайтын мектептер білім береді. Олардың қатарында Seng – Инженерия мектебі, SST – Ғылым мен технология мектебі, SHSS – Гуманитарлық және әлеу­меттік ғылымдар мектебі – жастардың бүгінгі ой-санасының өсіп-жетілуін қамтамасыз етер реформалық бағыт-бағдардың негізгі тетіктері, дамудың ма­ңыз­ды арналары. Әр мектеп бірнеше мамандықтардың тоғы­сын құрай отырып, Қазақ­станның инновациялық индустрияландыру шеңберіндегі индикаторлық көрсеткіштерін нақтылауға септігін тигізері сөзсіз. Механикалық, химия­лық, электротехникалық және элек­трондық инженерия, құрылыс инженериясы, биология және биомедицина, компьютерлік ғылымдар, математика, физика, робототехника және мехатроника, антропология, экономика, тарих, саясаттану және халықаралық қатынастар сияқты мамандықтар тізбегі – өрісті қазақ ұрпағының интеллектуалды капиталы, баянды болашағы, берік қорғаны. «Қазір – техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман» деген Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымды ойлары да соған дәлел.

Бүгінгі университет қабыр­ғасында білім беретін Қазақ тілі, әдебиет және мәдениет кафе­дра­сының бағыт-бағдары мен мақсат-міндеті – ағылшын тілінде білім алып жатқан жастардың бойына отаншылдық рухты егу, өз елі мен жеріне, оның тарихына деген махаббатын қанаттандырып, бабалар салты мен дәстүрінің озық үлгілеріне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру. Болашақ көшбасшы мен толыққанды тұлға тәрбиелеудің ажырамас бірлігін құрайтын біліктілік талаптары рухани даму ұстанымдарымен сабақтаса отырып қана ел ертеңін ойлар ұрпақ қалыптастыруға көмектеседі. Студенттерге ұсы­ны­латын міндетті және таңдау­лы курстар қазақ халқының тарихын, әдебиетін, әуезді музыкасы мен мәдениетін таныстыруға, қазақ тілінің ғылыми академиялық білім көзі ретінде мүмкіндігін танытуға негізделген. Маңызды мәсе­ленің бірі – қазақ тілі, әде­биет, тарих және мәдениет са­бақтарының әр мамандықтың оқу бағдарламасында міндет­телген 6 кредитпен нақтылануы. Бұл – үлкен жетістік. Нәтижесінде, кәсіби тілдік қорды қазақ ті­лінде ұсынылатын ақпараттық жүйе­мен байланыстыру, кез келген мамандық иесінің біліктілік деңгейін қазақи таным дәстүрімен тоғыстыру, салыстырмалы-ана­литикалық зерттеулер жүргізу, студенттерді сын тұрғысынан ойлауға машықтандыру университет бағдарламаларының ажырамас бірлігіне айналып отыр.

Кафедра алдында тұрған деңгейлік қазақ тілін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекі­тілген «Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орны» жүйесіндегі мемлекеттік тілді деңгейлік үздіксіз оқыту стандарты» негізінде бірізділендіру, «білім алушылардың тұлғалық, коммуникативтік, мәдени-таным­дық қабілеттерін қалыптас­тыру үдерісінде» кәсіби контенттік қазақ тілінің рөлін насихаттау міндеттері тілдік білімнің маңызды бірліктерін анықтап, әдістемелік қамтамасыз етудің жаңа үлгілерін өзектеп отыр. Іскерлік ойын, ой шақыру, жағ­даят­тық тапсырмалар, топтық пікірталас, дамыта және бағдарлы оқыту технологиялары, сын тұрғысынан ойлау сияқты әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалану арқылы қазақ тілі пәнінің оқытушылары деңгейаралық байланыста динамикалық өсу, даму қағидаттарына сәйкес оңтайландыруға ерекше назар аударып келеді.

Білім алу бағдарын нақты­лаған адам ғана кәсіби білім беру жүйесінің мақсат-міндетін сұрыптай алады және, керісінше, бағдарлы білім берудің нақты критерийлері ғана кәсіптік контент негізінде тілдік құзыретті дамыта алады дейтін болсақ, бүгінгі қазақ тілінің таңдау курс­тары университет стратегиясына сәйкес дайындалған жеке бағдарлы саясаттың тармақталған үштік одағын құрайды. Ұсыны­латын пәндер жіктемесі білім алушының тілді меңгеру дең­гейіне орай, деңгейлік қазақ тілі, қазақтану және кәсіби біліктілікті қазақ тілінде дамыту бағдарламаларын қамтиды. Қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгерту мақсатын көздеген курстар қарапайым деңгейден бастап, ортадан жоғарыға дейінгі аралықта студенттердің тілдік қатынас нормаларын дамытуға бағытталса, танымдық модуль әдебиет, тарих, музыка, кино және мәдениет ұғымдарының бірлігін айқындайды.

«Абай әлемі», «Креативті жазылым», «Риторика», «Қазақ драмасы», «Қазақ музыкасының тарихы», «Алаш әдебиеті», «Қазақ әңгімелері», «Қазақ мәдениеті мен этнографиясы, әдебиет, фольклор мен кино негізінде», «Тіл және жаһандану», «Іскерлік сөйлеу мәдениеті» сияқты пәндер топтамасы – жетік деңгейге арналған, ұрпақ санасында халықтық құн­дылықтарды жаңғырта отырып, адамтану, қоғамтану, елтану қағидаттарын қалыптастырар жүйелі курстар.

Кафедраның келесі маңыз­ды бағытын кәсіби қазақ тілі мә­селелері анықтайды. «Биз­нес пен қазақ тілі», «Дип­ломатияға арналған қазақ тілі», «Академиялық жазылым», «Қазақ терминология­сы», «Ау­дарма техникасы», «Ин­же­­нерлерге арналған қазақ тілі», «Мемлекеттік қызметтегі қазақ тілі» атты курстар тізбегі ғы­лы­маралық сабақтастық пен кәсіби талдау шеберлігін дамыту мақсатын көздейді. Лек­сикамен ғана шектелмей, кәсі­би біліктілікті тілдік қатынас негізінде дамыту, академиялық ізденіс дағдыларын тіл арқылы қалыптастыру қажеттігін назарда ұстау аса маңызды. Бүгін құрылымдық және модельдік жоспарлау әдістерін ұтымды қол­дану арқылы кәсіби қазақ тілін оқытудың пәнаралық ин­теграцияға негізделген моделін дайындау қоғам үшін де, ұрпақ үшін де аса қажет. Шын мәнінде, «кәсіби маман иелері техникалық терминдерді оқытушыдан гөрі жақсы біледі, оларға қажеті сол сөздерді сөйлем ішінде қолдана білуге, түсіндіре білуге және әртүрлі жағдайда өз жұмыс орындарында ыңғайлы, тиімді қарым-қатынас жасауға үйрену» (Dudley-Evans and Johns, 1991; Hewings, 2002) деп, шетелдік мамандар атап өткендей, бірін­шіден, арнайы ұғымдардың анықтамалық базасы кәсіби пәндер арқылы ғана жүйелене алады, ал тілдік құралдар кә­сіби қарым-қатынасты жүзеге асыруға, әр адамның тұлғалық өркениетін дамытуға жұмыс істеу керек. Екіншіден, кәсіби терминдердің мазмұндық немесе контенттік өрісі арнайы курс­тар арқылы ұсынылса, олар­дың функционалды-семан­ти­калық өзгешелігі тіл арқылы коммуникативтік компоненттермен сабақтасқаны дұрыс. Бұл байланыс пәнаралық интеграцияның ұтымды үлгісін танытумен қатар, кәсіби білім берудің кешенді ұста­нымдарын дамытуға септігін тигізеді.

Қазіргі тілдік білім беру үде­рісі, ең алдымен, жеке тұлға­ға бағытталып, тіл үйрену­ші­нің іскерлігін, коммуни­катив­тік құзыреттілігін дамыту мін­деттерімен ұштасқан жағ­дайда ғана қазақ тіл білі­мінің ака­демиялық ғылыми қорын жетілдіру, әрі тіл меңгер­ту­дің әдістемелік базасын жа­ңа технологиялармен то­лық­тыру мүмкіндіктері пайда болады. Осы мақсатта дәс­түрлі үлгілермен қатар, әлем­дік тәжі­рибеге сүйенген модель­дерді де басшылыққа алу қазақ тілін оқытудың кәсіби-бағдар­лық ұстанымдарын жан-жақ­ты жүйе­леуге, сол арқылы мемле­кеттік тілдің шын мәніндегі мәртебесін көтеруге атсалысады.

Бүгінгі «Назарбаев Универ­ситеттің» стратегиялық мақсат­тарының бір бағыты – жастардың көптілді қабілетін қазақ тілін дамытуға,оны уақыт сұранысына сай ұтымды пайдалануға жұ­мылдыра білу. Көпарналы ақпарат көзін ұлттық таным өзгешелігін түсінуге, жаңа технологияларды ел ғылымын жетіл­діруге бағыттау, сол арқылы бәсекеге қабілетті, білікті ұрпақ­тың болашағын қамтамасыз ету – басты мақсатымыз. Даму осы бағытта өрістегенде ғана ел мүддесіне қызмет ету мүмкіндігі қалыптасады. Тіларалық байланыс пен ұғымаралық сабақтастық сауаттылығы – заман тудырған өзекті мәселе. Көп тілді білу өз ана тіліңнің мәртебесін көтеруге бағыт алғанда ғана, тіл тазалығы тұлға тұғырын биіктетер өлшемге айналады. Ана тілінің айдыны кеңейіп, айбыны артқан елде шынайы демократиялық құндылық қанатын кең жайып, өзге тілдердің дамуына мүмкіндік туады.

Бұл – рухани қажеттілік қана емес, мемлекетіміздің саяси ынтымағы мен бірлігін дәйектер, адамдар арасына береке мен құрмет көпірін орнықтырар өмір сұранысы. Бұл – Қазақстан секілді көп ұлт өкілдері қатар ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеп, өз ертеңіне деген Сенімнің алып ғимаратын орнықтырып жатқан ел үшін ауадай қажет ұстаным. Елбасымыз ұсынып отырған «Мәң­гілік Ел» атты ұлттық бағдар­ламаның алтын арқау, өмір­шең өзегі де осы. Сайып келгенде, бұл ұстанымның Ұлы Дала жұртын даму мен өрістеудің жаңа сатысына көтеріп, жаһандану жағдайында ұлттық рух пен ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, жетілдіруге, өркен­детуге жол ашары анық.

Эльмира ОРАЗАЛИЕВА,
филология ғылымдарының докторы,
«Назарбаев Университеттің» қауымдастырылған профессоры

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары